Алматыдағы № 44 кітапханада жас ақын Нұрсәуле Толқынның "Топырақ иісі" атты тұңғыш жинағының тұсауы кесілді.
Аталмыш шараға еліміздегі ақындар – Мұрат Шаймаран, Тоқтарәлі Таңжарық, Асылан Тілеген, ақынның ұстазы Тұрдыбек Майдан, оқырмандары және т.б қатысты.
Кештің тізгінін ақын Әділет Ахмет ұстады.
"Нұрсәуле Толқын қазіргі жас ақындардың ішінде арулар поэзиясында өзінің қолтаңбасын сала бастаған сыршыл ақын. Көп жазбайды. Өзінің жазғанына да үнемі сын көзбен қарайтын сияқты. Ең алғаш әке туралы бір қойдан қоңыр, жылқыдан торы өлеңін оқыдым. Кейін Қас деген арғы бетте қалған құтты мекен туралы жазған бірнеше өлеңін көрдім. Туған жерге, ет жақын туыстарға деген махабатты аса сыршылдықпен жеткізе біледі. Кейіннен қысқа нұсқа, салмағы ауыр тақырыптар жазғаны байқалады", - дейді ол жас ақынның кітабы жайлы.
"Топырақ иісі" 86 беттен тұрады. Оған ақынның іріктелген 70 шақты өлеңі кірген. Кітап Abay баспасынан жарық көрген.
Кітаптың тұсауын белгілі ақындар Мұрат Шаймаран, Тоқтарәлі Таңжарық, этнограф жазушы Баяхмет Жұмабай және режиссер-аниматор Тұрдыбек Майдан кесіп, жас ақынға ізгі тілектерін білдіріп, сәт-сапар тіледі.
Алғаш болып сөз алған Мұрат Шаймаран жас ақынның өлеңдер жинағына тоқталып, бағасын берді.
"Сөздің шыны керек, қазақта топырақтар туралы жырлаған ақындар аз емес. Соның ішінде есімде қалғаны Жұмекен Нәжімеденұлы. Оның "Менің топырағым" атты өлеңі бар. Содан туған жерінің, жусанның, ақселеудің иісі бұрқырап тұрады. Ол иіс жай иіс емес сағыныштың иісі. Нұрсәуленің поэзиясында да сағыныш бар. Бастан-аяқ сағынышқа құрылған. Адам жанын сонша бір еліктіріп әкететін, сонша бір нәзік иірім бар. Ұйғырларда "Дуния адабияти" деген журнал шығатын. Сол жерде орыстың ұлы ақыны Цветаеваның "Мен теңіздің қызымын" өлеңдер топтамасы аударылып шықты. Соның ішінде "мен көшеде күн қуалап жүрмін. Өйткені күн маған керек еді. Ол жаныма, жүрегіме жарық беретін еді" деген жолдар бар. Нұрсәуле өлеңі де сол ақынның үндесі сияқты. Нұрсәуле Цветаеваның бұл өлеңін оқымаған шығар. Бірақ ол: "Менің ең жарық жерім жүрегім. Соның шуағы қағазға төгіледі" дейді. Қандай ғажап сөз. Қандай образды теңеу. Тіпті осы бір сөздің өзінен поэзия шығып тұр", - деді Мұрат Шаймаран.
Жас ақынның өзі тырнақалды өлеңдер жинағына не үшін "Топырақ иісі" деп ат беруін түсіндіріп өтті.
"Тұңғыш жинағым. Топырақ иісі деп қойдым. Бұл жерде жаңбырдан кейінгі шыққан топырақтың иісі, ал жаңбыр мүмкін көздің жасы шығар, мүмкін табиғаттың сыйы. Кей көрқараста адам топырақтан жаралған. Кейін де топыраққа қайтамыз. Мен үшін топырақ - туған жер, топырақ- адам, топырақ - бәрінің бастауы. Ал иіс, соның аңқымасы. Бұл мен үшін поэзияға алғашқы қадам. Менің жасым үшін кеш шығар, бірақ алғашқы кітап болған соң, солай айтылғаны жөн шығар", - дейді автор кітабы жайлы.
Нұрсәуле Толқын ақын болуымен қатар, балаларға арнап аннимациялық мультфилмдерге сценарий жазады. Ол жазған сценарийлер бойынша түсірілген туындылар "Балапан" арнасында көрсетіліп келеді.
Ақынның әріптесі әрі ұстазы Тұрдыбек Майдан бұл туралы өзінің ойын былай жеткізді:
"Ұрпақты тәрбиелеп, танымын кеңейтіп жақсы сценарийлер жазып жүр. Міне, бүгін Нұрсәуленің ақындық қырын да байқап отырмын. Жазарың көп болсын. Табыс тілеймін", - деді режиссер.
Ақын Әділет Ахметтің айтуынша, әр ақын өзінің салған сара жолымен жүрсе ғана дара тұлға болары белгілі нәрсе. Әрине, шығармашылық адамдарда өзінен бұрынғы қаламгерлерге еліктеу болады. Нағыз ақын біртіндеп сол еліктеуін қойып, өз жолын тауып алады.
"Адамдардың дәстүрлі көзқарасына басқа бір қырмен қарау ойы ұшқыр ақындарда болатын құбылыс. Нұрсәуле өлеңдерінде міне осындай қасиет барлығы байқалады. Жас ақынның өлеңдегі жолы ашық болсын. Оның өлең өнері жайлы осыншалық айталық. Ал, бізді әсіресе қуандырғаны Нұрсәуле Толқынның балалар әдебиетінде, анықтап айтсақ, мультфильмдер сценариін жазуы. "Балапан" телеарнасынан берілетін, балаларымыз ұнатып көретін "Ырысты ыдыстар", "Әсем әуен", "Үкілі әуен" және "Бала Бегзат" атты мультфильмдер осы Нұрсәуленің қаламынан туған туындылар. Міне біз осыған қуанамыз. Балалар тәрбиесін қай ғасырда да басты орында болуы керек" - дейді ақын Әділет Ахмет.
Айта кетейік, Нұрсәуле Толқын – ақын, сценарист. 1995 жылы 4 қыркүйекте ҚХР Іле облысы, Нылқы ауданында дүниеге келген. 2013 жылы атамекенге табан тіреген. Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-дың филология факультетінің түлегі. Өлеңдері бірнеше жыр жинаққа енгізілген.