"Жәңгір" жыры – тибет жұртының жыры

"Жәңгір" жыры – тибет жұртының жыры

Қалмақ халқының ұлы эпосы "Жәңгір" жырының шыққанына алдымыздағы май айының ішінде 500 жыл толады. Бұл жыр Қалмақ халқының XIV-XV ғасырдағы ұлы жауынгерлік істерін сипаттайды. Халық туғызған жыр қашанда болса ескірмек емес, оның өмірі соншама ұзақ болып халықпен бірге жасай бермек.

Міне, сол ғасырлар бойы халықпен бірге жасап келе жатқан жырдың бірі осы "Жәңгір" жыры.

"Жәңгір" жырының көлемі 12 мың жол шамасындай. Қалмақ халқының жыршылары бұл "Жәңгірді" біздің Қобыланды батыр, Ер Сайындар сияқты жатқа айтып жүретін көрінеді.

Бұл эпос - біздің эпостармен салыстырғанда анағұрлым жасамыс эпос. Сондықтан да мұның теңеулері біртүрлі ірі, ақылға сыймастық керемет болып келеді. Адамдары да айтқысыз зор, ат құйрығына таңып неше күн, неше түн тау мен тасқа сүйретілсе де, тіпті жалындап қып-қызыл шоққа айналып тұрған ыстық темірді көмейінен өткізіп алса да өлмейді. Алты ай бойы тыным бермей қамшының, таяқтың астына алып жондап жатқанда "ыңқ" демейді (мысалы Қоңыр батыр).

Аттарының образы да кісілеріне сай, айлар бойы от оттап, су ішпей жүре беретін, бүкіл дүниені жеті рет айналып түссе де болдырмайтын, Алтай тауын өңгерсең де елең қылмайтын бір алып.

Жәңгір тибет (қалмақ) жұртының ханы, оның елінде кедей, жетім-жесір, өлім-жітім деген жоқ. Бір тамаша мәуесі салбырап, бұлбұлы сайрап тұрған жер Жәңгірдің, оның батырларының отаншылдығы күшті – бәрі де ел үшін жанын қиғандар.

Жәңгір жырының біздің заманымыздағы басты қасиетінің өзі де осы отаншылдық бейнесі мен оның, әрине халықтың – адам өлмейтін, кедей болып, жетім-жесір болып мехнат шекпейтін өмірді көксегендігінен туған фантазиясы.

Халық әрқашанда өзінің арман еткен ісіне жету үшін фантазиямен бір кереметті ойлап шығарып отырады. Өзі сүйген геройын сол кереметтің күші арқылы мұратына жеткізіп отырады. Мысалы, халық ертегілерінде кездесетін ұшатын кілемдер, адамды алып ұшатын самұрық құстар, халықтың фантазиясынан туған заттар ғой. Халық оны өзінің сүйген геройының арманы көкте етіп, соған жету үшін ол геройын ұшатын кілемге, я самұрық құсқа мінгізіп аттандырып салады. Міне, бұл бір кезде халықтың көкке ұшуды арман еткенінен туған, халық фантазиясы тудырған образдар. Сол сияқты "Жәңгір" жырында да халық жақсы өмірді, адам өлмейтін, кедейлікті, жоқшылықты білмейтін заманды қиял, арман еткен. Ол үшін, отан үшін басын беріп, жанын қиятын ерлерді мадақтап, көтеріп отырған. Міне, соның үшін де халық Жәңгір ханның елін адамы өлмейтін, кедей, жетім жесірі жоқ ел етіп көрсетеді, ал оның батырларын шетінен патриот, отан үшін, елі үшін жанын беретін адамдар етіп суреттейді.

Көзінің жасы кел болған

Жетімі жоқ елінде,

Қара шашы жайылған,

Жесірі жоқ елінде,

Үстіне жалба киінген

Кедейі жоқ елінде, –

деп келеді "Жәңгір" жырында, өзінің елін суреттейді.

Тіпті Жәңгір Қара Қинастың ханымен соғысқанда Қара Қинасты жеңіп алғаннан кейін өзінің соғыста өлген батырларын аспаннан жауын жаудырып сол жауынның күшімен тегіс тірілтіп алады. Міне, халық фантазиясы, халық арманы дегеніміз осы.

"Жәңгір" жырының басынан аяғына дейін толып жатқан соғыстармен өтеді. Жырдың басты геройлары – образдары Жәңгір хан мен Қоңыр батыр. Бұл екеуі толып жатқан қауіптен өтіп, өлім аузынан қайтып отырады. Бірақ халық өзінің сүйген Жәңгірі мен ер Қоңырын өлімге қимайды, өлтірмейді, қандай қиындықтан аман алып шығып арманына жеткізіп отырады.

Қалмақ халқының өткен өмірі, тұрмыс-күйі, қазақ халқының өткен өмірі мен тұрмыс-күйіне жақын болғандық себебінен жырдың көп жерлері бізге жатық тән тума сияқты. Әсіресе аттың сипаты, бір-бірімен сөйлесуі сияқты.

Арансал мұны естіп,

Жын қаққандай құтырды,

Жердің шаңын қопарып,

Ұшқан құстай сатылды.

Екі алдыңғы аяғын,

Басынан созып асырды,

Арттағы екі тұяғы,

Бауырына басылды,

Бөгелместен жануар

Үш қорғаннан секірді.

Қызған сайын денесі,

Аққан жұлдыз секілді.

Міне, бұл мысал жырдың бізге таныс, бізге жақын екенін толық сипаттайды.

Талай заман езіліп, құлдық.та келген Ресей халықтарын құлдық таршылықтан Октябрь революциясы, Ленин партиясы құтқарды. Лениндік ұлт саясатының арқасында қазақ, қалмақ сияқты елдер ел қатарына қосылды, саясат, шаруашылық, мәдениет жағынан адам айтқысыз өркендеп өсті.

Ғасырлар бойы жарыққа шыға алмай, өз елінен асып қанатын жая алмай келген "Жәңгір" сияқты халықтың асыл жырлары совет үкіметінің арқасында, ұлы Ленин, ұлт саясаты арқасында халық аузынан жиналып, баспаға басылды, бұрынғы тар көлемінен шығып, кең арнаға түсіп бүкіл дүние жүзіне даусын естіртіп, қанатын кең жайды. "Жәңгір" жырының 500 жылдығы бүкіл совет халқының ұлы мейрамына айналғалы отыр. Май айында совет елі бұл жырдың 500 жыл толған мерекесін тойлайды. Ұлы дәуіріміз "Жәңгір" жырының даңқын бүкіл әлемге жаяды.

Сол мерекеге дайындық мәселесін Қазақстан совет жазушылар одағы да қолға алып, осы "Жәңгір" жырының үлкен екі бөлегін аудартты. Қазір аударма баспада, Жазушылар ұйымы мен Көркем әдебиет баспасы "Жәңгірдің" қазақшасын май айының бас кезінде кітап етіп шығарып, оқушыларымыздың алдына тартпақ.

bilim-all.kz

Қ. Слямбек