Президент Тоқаев отандастарымызды жаңа Қазақстанды бірге құруға шақырды. Осы орайда Массагет порталы "Жаңа Қазақстанның қаламгері қандай болуы керек?" атты сауалды еліміздегі бірқатар ақын-жазушыларға жолдаған болатын. Бұған дейін Ернағыз Жанатқанның "Жаңа Қазақстан қаламгерінің бүгінгі құбылмалы қоғамға бейімделе алуы маңызды" атты жауабын берген болатынбыз.
Бүгін жазушы-драматург Жақсылық Мұратбектің жауабын ұсынамыз.
Біз тәуелсіздіктің ақ таңы жамырап атқанда өмірге келген ұлт перізенті болғандықтан, өз басым тәуелсіз елде қалам ұстаған әрбір тілеулес іні-қарындас, аға бауырыларыма айтар ойым да, олар тұралы пайымым да мүлдем бөлек.
Көбі хал-қадірінше қазақ әдебиетінің өркендеп өсіуі үшін өтпелі кезеңдегі ұйытқып соққан қарлы-боранға қарамай қасқая алға жылжып келеді. Ал кейбірі күйбең тірліктің құрсауынан шыға алмай, қу құлқынның құрбаны болып кетіп жатқандары да аз емес.
Бірақ заман бізді еркінсітпейді екен деп, еңсені түсіріп, егіжектеп отыра беруге тағы да болмайды. Қайта қаламымызды қару етіп, халық қалап отырған қастерлі дүниелерді қалай болмасын халық қазынасына қайта қосуымыз керек. Осы жолда ауыздықпен су ішіп, етігімізбен саз кешсек те санамызды сан саққа жүгіртпеуге тиістіміз.
Себебі тәуелсіздік барлығымыз үшін, әсіресе қалам ұстаған қадірлілеріміз үшін аса қымбат аруақты дүние! Жаңа Қазақстан болып қайта жаңғырады дейді екенбіз? Онда алдымен мәдениет өкілдері, оның ішінде қалам ұстап қайраткерлікке бет ала бастаған қаламгерлер түбегейлі жаңғыруы керек.
Жаңғыру үшін ұстамды ұлт ұйтқысы бола алатын бағыт-бағдарға сүйену керек. Ешкімді бөле жармайтын бір тұтастыққа қол созып, қаламгерлер не жазса да оған, өз ұлтының төл тұма мәдениетін сіңіре білуі керек...
Айта кетейік, Мұратбек Жақсылық Нұрболатұлы – 1992 жылы Қхр-дің Іле қазақ обылысы, Күнес ауданы, Қарабұра ауылының тумасы. Ата жұртқа 2008 жылы оралған. 2009-2012жж Акедемик Шалтай Сымағылов атындағы обылыстық дарынды балаларға арналған физика-математика мектеп интернатын бітірген. Қазақ ұлыттық өнер университетінің түлегі. Пьесалары еліміздегі бірқатар театрларда қойылған. "Тау ішіндегі көлеңке" өлеңдер жинағының авторы.