Биылғы Нобель сыйлығы иегерінің есімін жариялаған әдебиет профессоры Сара Даниус жеңімпаз Исигуроның жазу стилі Остин мен Кафканың қоспасына келетінін айтты: «Бұл микске Марсель Прустты қосуды да ұмытпау керек. Остин, Кафка, Прустты жақсылап араластырыңыз, сонда Кадзуо Исигуро туындылары шығады».
— 2 —
Жоғарыдағы Даниус ханымның тұжырымдамасы Кадзуо Исигуроға қатысты бірінші қызықты дерек болса, екінші дерек оның бала арманына қатысты. Болашақ Нобель лауреаты жасөспірім кезінде музыкант болуды қалаған көрінеді. Гитарада ойнап, клуб сахналарында өнер көрсеткенімен қоса, ол өз туындыларының деможазбаларын продюсерлерге жіберуді әдетке айналдырған. Исигуроның досы Тони Бигли: «Ол тыңдарман көңілін аулай білетін», - дейді. Біреулер оны былтырғы жеңімпаз Боб Диланнан да мықты музыкант деседі.
— 3 —
Кадзуо Исигуроның Нобель сыйлығын алуына қатысты көптеген жазушылар өз пікірлерін білдіріп үлгерді. Мысалы, Салман Рушди: «Мен өзімнің көнекөз досым Исигуроны шын жүректен құттықтаймын. Оның шығармашылығын «Түтін будақтаған төбелер» аталатын алғашқы романынан бастап сүйіп оқимын. Сондай-ақ, ол гитарада ойнап, ән де жазады. Тіпті, Боб Диланға есе бермейді» - деді. Ұлыбританиялық ақын Эндрю Мошен «Исигуро шығармашылығы – бейнелерге бай әлем» деген оң пікірін айтып, Нобель комитеті еш қателеспегенін атап өтті.
— 4 —
Кадзуо Исигуро өз жетістігі туралы BBC арнасына мынадай мазмұндағы сұхбат берді: «Бұл – мен үшін үлкен абырой. Бұл – менің ұлы жазушылар ізімен келе жатқандығымның белгісі. Әлемнің бүгінгі хәлі қайшылықтарға толы. Осы орайда Нобель сыйлығы жақсы дүниелердің туындауына басты себеп болар деп үміттенемін. Егер осыған менің қандай да бір пайдам тисе, менен бақытты жан болмас еді».
— 5 —
Жапонияда Кадзуо Исигуроның жетістігін оның бірінші бәсекелесі Харуки Муракамидің жанкүйерлері де тойлады. Халық үшін қос ұлдың да алар орны ерек.