Ирония шебері Сергей Довлатов дүниеге келген күн

Сергей Довлатов – Совет Одағы кезінде диссидент атанып, АҚШ-қа эмиграция жасаған прозаик, журналист. Біз ирония шебері Сергей Довлатовтың туған күніне орай ол туралы қызықты деректер легін ұсынып отырмыз.

►  Жазушының Ленинградта тұрған үйлерінің адрестері

1944—1972 — Рубинштейн көшесі, 23;
1975—1978 — Рубинштейн көшесі, 22.

2007 жылдың 3 қыркүйегінде Санкт-Петербург қаласы, Рубинштейн көшесіндегі 23-ші үйге мемориалды тақта орнатылды.  


► Довлатов АҚШ-қа қоныс аударғаннан кейін ісі оңға басты. Әңгімелері анау-мынау америкалықтардың өзінің қолы жете бермейтін  The New Yorker басылымына жарияланып тұратын. Бұл туралы жазушы Курт Воннегут былай деп қалжыңдайтын:

"Қымбатты Сергей Довлатов! Мен сізді жақсы көрем, бірақ сіз менің жүрегім жараладыңыз. Мен бұл елде туылып, соғыс кезінде ол үшін қантөгіс майданға аттансам да, "Нью-Йоркерге" бір де бір әңгімемді шығара алмай қойдым. Енді сіз келдіңіз де — бах! — Бірден шығармаларыңыз басыла бастады. Бұл өзі біртүрлі болды…"

►  Довлатов өзі мен балаларының тағдыры туралы: "Олардың орысша сөйлегісі келмейді, ал менің ағылшыншаға зауқым жоқ"- дейді.

"Ол америкалық, Америка Құрама Штаттарының азаматы. Сенесің бе, есімі  мистер Николас Доули?! Менің отбасым мен Отанымның жеткен жері осы болды"- дейді екен Довлатов.

► 2013 жылы Нью-Йорк көшелерінің біріне Довлатов есімін беру туралы ұсыныс түскен. 2014 жылдың 7 қыркүйегінде Sergei Dovlatov Way көшесі ашылды.

Довлатов Бродскиймен жақсы қарым-қатынаста болған

Олар туралы фильм де бар. Фильм сюжеті бойынша, оқиға 70-ші жылдардың басында Ленинград қаласында орын алады. Онда Довлатовтың досы, болашақ Нобель сыйлығы лауреаты Иосиф Бродскийдің эмиграциясы алдындағы бірнеше күн сипатталады. Осы аралықта түрлі қызықты оқиғалар орын алады. Криминалмен қақтығыс. Ленинградтағы әдеби орта. "Ленфильм" киностудиясы. Музыка. Өлең оқу.

"Біздің әдебиет – трагедиялық толқын әдебиеті. Довлатов ерекшелігі – оның осыны түсініп, ешкім өзгерте алмайтын дүниені қабылдай білуінде. Ол бұл фактіге ирониямен қарайды. Ол өзі жоғары бағалайтын америкалық жазушыларға ұқсайды. Өзі де қысқа әрі нұсқа жазған" – дейді фильм режиссері кіші Алексей Герман жазушы туралы.

► Довлатов ширек ғасыр бойы ең көп оқылып келген жазушылардың бірі. Батыс аудиториясы құлшына оқитын бірегей орыстілді автор. Оның шығармалары әлемнің 30 тіліне аударылған.