- Негізгі бет
- Әдебиет
- Халық ақыны Үмбетәлі...
Халық ақыны Үмбетәлі Кәрібаевтің 1948 жылы төте жазумен шыққан кітабы табылды
Халық ақыны, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Жамбылдан бата алып, өлеңнің "Қара жорғасы" атанған Үмбетәлі Кәрібаевтің 1948 жылы Қытайда басылған кітабы табылды.
Алматы қаласының бұрынғы мәдениет саласының қызметкері Гүлшат Тәңірбергенова 1948 жылы Қытайдың Құлжа қаласында шыққан Үмбетәлі Кәрібаевтың, төте жазуымен басылған 140 беттік өлеңдер жинағының үйінде сақтаулы екенін Үмбетәлі Кәрібаев музейінің қызметкерлеріне хабарлаған.
Гүлшат Тәңірбергенова ақынның кітабын қайтадан кириллицамен шығару керек деп санайды. Себебі халық ақынының шығармалары жастарға рух береді деп есептейді.
"Менің әкем де журналист, жазушы Қалилаханов Тәңірберген. Әкемнің заттарын, шығармаларын қарап, орталық музейге өткізбекші болып қарап отырып осы кітапты тауып алдым. Өткен ғасырдың 90-жылдары ҚызПҰУ-да қандастарымыз үшін арнайы факультет аштық. Қытайдан көптеген жастар да, үлкендер де келген еді. Сол кезде маған студенттер кітап алып келген. Соның бірі Үмбетәлі Кәрібаевтің шығармалары болатын. Жастарымыз бұл кітапты оқыса "атамыздың шығармалары Мәскеуге дейін жеткен екен ғой" деп рухтанып, қуанып жүретін еді. Сондықтан бұл шығармалар жаңа мұқабада қайтадан шығу керек деп есептеймін", - дейді Гүлшат Тәңірбергенова.
Кітаптың Қытайдан Мәскеуге сосын Қазақстанға 1948 жылы почтамен жіберілген бандероль қағазы да сақталған екен.
Үмбетәлі Кәрібаев музейінің директоры, суретші Әуелбек Искаков бұл төте жазумен кітап болып басылып шыққан ақынның екінші кітабы екенін айтады.
"Ол кітап музейде бар. Біздің музейде бұл кітаптың бір данасын журналист Қажет Андас әкеп берген. Бірақ ол өте ескі беттері мен мұқабасы жоқ болатын. Енді Астанадан Гүлшат Тәңірбегенованың үйінде сақтаулы тұрғаны туралы хабар алдық. Тіпті Қытайдан Мәскеуге жіберілген мөрі де бар екен. Меніңше, цензураға байланысты Қытайда шыққан кітапты да Мәскеу тексеретін боп тұр ғой", - дейді Үмбетәлі Кәрібаев музейінің директоры.
Кітаптың бірінші бетінде "Қазақ елі" журналының баспасы. "Өлеңдер мен дастандар" деп жазылған. Кітаптың редакторы: А.Боқанұлы.
Кітапқа "Жеңіс жыры", "Өмір толғауы", "Алатау әні", "Қойшы", "Бақтыбайдың Тезек төремен айтысы" сынды өлеңдер, дастандары мен хикаяттары енген.
Үмбетәлі Кәрібаев кім?
Үмбетәлі Кәрібаев 1889 жылы Алматы облысы Жамбыл ауданы қазіргі Үмбетәлі Кәрібаев ауылында туған қазақтың халық ақыны.
Жасынан домбыра тартып, өлең-жыр шығарған. Ауылда оқып, хат таныған. Бақтыбай мен Тезек, Жамбыл мен Құлмамбет айтыстарын, “Мың бір түн”, “Тотынама” дастандарын жатқа айтып, ел арасына таратқан.
Шығыс әдебиетінің мазмұнында “Үш өнерпаз”, “Патша мен ұрылар”, тарихи сюжетке құрылған “Кемпірбай мен Қисық батыр”, бүгінгі өмірге байланысты “Марқа”, “Мәлікбек” дастандарын шығарған.
1916 жылы Жетісудағы ұлт-азаттық көтерілісіне қатысып, оны жырға қосты. Үмбетәлі шығармалары “Өлеңдер мен дастандар” (1938), “Өлеңдер” (1951), “Өлеңдер мен толғаулар” (1958) деген атпен жарияланды, 1962 жылы таңдамалы шығармалары жарық көрді.
Үмбетәліге Алматы облысында ауыл аты берілген және аудан ортасында ақынның мұражай-үйі ашылған.
Т. Раушанұлы