- Негізгі бет
- Әдебиет
- Ғажайыптар әлемінің фаунасы...
Ғажайыптар әлемінің фаунасы
Ғылыми-фантастика жанрында Толкиннен кейінгі әлемге белгілі жазушы Дж.Роулинг екеніне ешкімнің шүбәсі жоқ. «Гарри Поттердің басынан кешкендері» атымен жарық көрген кітаптардың реті жетеуге жетіп, оның жалпы таралымы 450 миллион данадан асып кеткен. Бір қызығы, бүкіл еуропаның аңыз кейіпкерлері мен мифтік жануарларын Роулингтің ғажайыптар әлемінен таба алады екенбіз, яғни кітаптағы Хогвартстың фаунасы, шын мәнінде аңыздардан алынған. Ендеше, сіздерді аталған бестселлерде кездесетін жануарлар мен құбыжықтардың ретімен таныстырып өтейік.
Корнуэльдік Пикси (ағыл. Pixie) – бойы 20 сантиметрге жететін, тоқ көк түсті мифтік жануар. Шындығында, бұл жануардың биргемон атты өзге туысы Скандинавия аңыздарында бар. Дегенмен нақты пикси ешбір мифтің желісінде суреттелмеген. Мүмкін автор (Дж.Роулинг) оны сол биргемонның альтернативті егізі етіп, өзі ойдан жасаған болар.
Лепрекон (ағыл. Leprechaun) – жасыл түспен қомдалған, бойы 12 сантиметрге жетеді. Тек Ирландияның аумағында өмір сүреді. Ирландықтардың «Алыптардың соғысы» атты аңызынан белгілі. Жасыл жапырақтан ерекше үлгідегі киімдер жасау қабілеті бар. Орманда өзімен-өзі өмір сүреді. Ешкімге ешқашан зияны тиген емес.
Дементор (ағыл. Dementor) – сиқыршыларға арналып салынған «Азкабан» түрмесінің қорықшылары болып табылады. Кітапта дементорлар қара мантия жабынған. Ал саксондардың «Гринделфоу» аңызында олардың терісі денесіне тартылған құбыжықтар етіп суреттелген. Дементордың жақындауымен адамның бойында суық пайда болады. Олар адамның бақытты сәттерімен қоректенеді. «Экспекто Патронум» сиқырымен ғана оны аластатуға болады.
Гоблин (ағыл. Goblin) – адамға ұқсастығы бар, аласа бойлы тіршілік иесі. Басы денесімен салыстырмалы тұрғыда үлкендеу болып келеді. Негізі шотланд аңыздарында гоблиндер өте ашушаң, соғысқұмар болып суреттелсе, Толкин мен Роулингтің ғажайыптар әлемінде гоблиндерге өзгеше мінездеме беріледі. Ақшаға ұқыпты (Гринготтс банкінің қызметкерлері), өте еңбекқор (Грифиндорф қылышын гоблиндер жасаған) болып сипатталады.
Авгурей (ағыл. Augerey немесе ирланд фениксі) – тоқ жасыл түсті, арық, тұлсыз құс. Ол өз ұясын қол жетпейтін ағаштың қуыстарына салады. Жәндіктер мен эльфтерді жеп күн көреді. Тек жауынның кезінде ғана ұшып, қалған уақытта інінен шықпайды. Авгурейдің жан айқайы өлімді алып келеді деген наным болғандықтан, сиқыршылар оның ұясынан аулақ жүруге тырысқан.
Акромантул (ағыл. Acromantula) – алып сегіз көзді өрмекші. Көне кельт аңыздарында кездесетін өрмекшінің үлкен тұқымдары адамның тілінде сөйлей алады. Осы тектес өрмекшілердің ең алыбы және негізін қалаушы Арагог. Ол Хогвартсты айнала қоршаған орманда өмір сүреді. Жалпы тұқымның америкалық тарантуламен туыстығы бар деп зерттелген. Акромантулдардың Отаны Борнео аралы болып саналады. Сиқыршылар оларды негізінен қазынаны күзеттіру мақсатында алдырған.
Василиск (ағыл. Basilisk) – ұзындығы 18-20 метрді алқымдайтын жасыл жылан. Василисктің уына қарсы тек феникстің көз жасы ғана төтеп бере алады. Оның ең қауіпті құралы оның көздері. Оған тік қараған адам сол жерде мерт болады. Тіпті айна арқылы көзі түскеннің өзінде де адам жансызданып қалады. Оны тек мондрагорумның тамырымен ғана бұрынғы қалпына келтіруге болады. Тек феникстерде ғана василисктің көзіне қарсы иммунитет бар.
Гиппогриф (ағыл. Hippogriff) – Көне Египеттің сфинкісіне ұқсас мифологиялық жануар. Дене бітімінің артқы аяқтары мен құйрығы аттікі болса, басы мен қанаттары бүркіттікі. Оған артық қимыл жасауға да, ессіз сөз де айтуға болмайды. Ол өзін төмендеткендерді онша кош көрмейді. Егер сіз оны жоғары бағалап, алдында бас изесеңіз, ол да сізге бас иіп, өз құрметін білдіреді.
Мантикора (ағыл. Manticore) – грек мифологиясында кездесетін басы адам, денесі арыстан, ал құйрығы шаяннан алынған өте қауіпті құбыжық. Аңыздың астары бойынша мантикора өзінің кезекті асын өлтіріп тынғаннан кейін мысық сияқты мияулайды екен. Ал оның уы қылт етпей өлтіреді.
Сниджет (ағыл. Snidget) – өте сирек кездесетін және қорғауға алынған құс. Алтын түспен көмкерілген, колибри секілді жұқа қанаттары бар кішкентай құс затымен домалақ болып келеді. Алтын сниджет тура инелік секілді үлкен жылдамдықпен ұшып, кез-келген уақытта кез-келген жағына қарай бұрыла алатын қасиеті де бар. Алдында квиддич ойыны осы құстың қатысуымен өткізілетін. Дегенмен, кейіннен әр матчта кем дегенде бір сниджеттен өліп қалуына байланысты оны алтыннан жасалған снитчке ауыстырды. Ойын да жалғасын тапты, құстың жойылу қаупі де азайды.
Феникс (ағыл. Phoenix) – аққудың үлкендігіндей алмағайып қызыл құс. Оның ерекше қасиеті өзінің күлінен қайта дүниеге келуі. Басқа сөзбен айтқанда феникс мәңгі бақи өмір сүретін құс. Феникстің көз жасы әр түрлі зақымдар мен жарақаттарды емдеуге таптырмас дүние. Ол өз дауысымен өлгенді тірілте алады және өзінен ауыр салмақты затты тасымалдай алады. Адамның өмірін алатын Авада Кедавра сиқыры феникске әсер етпейді.
Фестрал (ағыл. Thestral) – еттің ешқандай нышаны білінбейтін, жылқының қаңқасы іспеттес ғажайып жануар. Фестралдың тұмсығы айдаһардың келбетіне біршама келеді. Қарапайым жылқылардан айырмашылығы оның өткір тістері мен қанаттары бар. Негізі фестралдар көрінбейді. Оларды тек адамның өлімін көргендер ғана көре алады екен. «Фестралды бақытсыздық алып келеді» деген ел арасында сенім бар. Бірақ Хагрид оны жәй «ырым» деп түсіндіреді.
Дайындаған: Жолдас Өрісбаев
Сурет: harrypotter.scholastic.com
Ж. Өрісбай