Біз бұған дейінгі аңдатпа жазбаларымызда, ресми басылымдар арқылы жариялаған мақалаларымызда Орталық ғылыми кітапхананың сирек кітаптар мен қолжазбалар қорында бүгінге дейін ғылыми айналымға енбеген, ғалымдар жағынан санамалап зерттелгенімен, жалпы ғылым мен әдебиетте біртұтас айналымға түсе қоймаған құнды мұралардың көп екенін тілге тиек етіп келеміз. Халық қазынасы бүгінгі және келешектегі руханиятымызға қайтарылса құба құп.
Оқырманның есінде болса, Әсет Найманбайұлына қатысты 18 жазба, Шәкәрім қажы шығармаларынан 26 қолжазба, Мәшһүр Жүсіптің отызға жуық төл жазба мұралары, сал Біржанға қатысты 33 қолжазба, басқа да тарихи тұлғаларға байланысты көне жазбалардың көптігі көңіл тоғайтатынын жарияладық.
Ал, хакім Абай шығармаларынан және өмірінен сыр шертетін 129 қолжазба барын да алты алаш баласына алақайлап жеткізген болатынбыз. Зерделеймін деген кісіге Орталық ғылыми кітапханада осындай ғажап құндылықтар сақталған.
Қазақта Есім Байболов деген библограф, қаламгер болғанын біреу білсе біреу білмейді. Өткен ғасырдың екінші жартысында, әсіресе, 1960-1970 жылдары аталған кітапханамызда табан аудармай жұмыс істеп, тектілерден қалған тылсым дүниелердің сары майдай сақталуына және жарияланбаған жазбалардың жұртпен қайта жүздесуіне бір өзі көп күш шығарған ізденімпаз тұлға болғаны жазып-сызып, әдемілеп, әдіптеп, тізіп, реттеп кеткен материалдарынан, өзінің әр тақырыпта қалам тартқан мақалаларынан байқалады.
Есім Байболұлының төл қолжазбаларынан 320 дәптер бар. Бұл дегеніңіз ілуде бір кезігетін жағдай. "Үкілі Ыбырай", "Ақан сері" және "Сәкен Сейфулин" деген үш кітабы алпысыншы жылдары оқырманмен жүздесіпті. Одан өзге сан алуан тақырыпта жазған қолжазбалары бірлі-жарым газет-журналда болмаса, қорда жинақталған күйінде қолжазба болып сақтаулы тұр.
Қаныш Сәтбаев, Әлікей Марғұландар бас болып жинақтаған 20 мыңға жуық қолжазбаны төте жазу, латынша, қазіргі қазақ жазуын тіпті қадімшені де (Шағатай жазуынан кейін Ахмет Байтұрсынұлының жазуына дейін) жүргізіп оқи білетіндігінің арқасында емін-еркін зерттеп-зерделеп, ішінен өзін ерекше баураған тақырыптарды ашып, неше жүздеген ірілі-ұсақты мақалалар жазған екен Байболов.
Қазақ тарихы, Үш жүз атауы, Алты алаш ұғымы, Қазақ жазуларының тарихы, Қазақ әдебиетінің тарихы сияқты терең тақырыптарда жазылған және түгел түрікке ортақ жәдігерлер туралы өзінің көзқарастарын батыл айтқан мақалалары бар. Одан кейін көбірек тоқталғаны Абай, Махамбет, Сералин Мәмбетәлі, Біржан сал қатарлы тарихи тұлғалардың қолжазба мұралары туралы деуге болады. "Абайдың Жетісуға келуі", "Абай қолжазбаларының ізімен", "Біржан, сені ұмыстпас ешбір жан" т.б. аса көп мақалаларын бүгінгі қалам иелері қаншалық деңгейде пайдаланғанына көз жеткізу қиын.
Бүгін біз сөздің орайында Есімнен қалған есті сөздердің бірі ретінде ол кісінің 300-ден асып жығылатын қолжазбаларының ішінен "Ескерусіз қалған поэмалар" атты мақаласында айтылған мәселелерді ортаға қоя кетуді жөн көріп отырмыз.
Ақырып жарлық етті бар халыққа,
Кім шыдар ел алдында бұл қорлыққа.
Қуыңдар арттарынан батырларым,
Кеткен жоқ онша ұзап бетті алысқа.
Кетсе де жер түбіне тауып алсын,
Мойынына қыл шылбырдан арқан салсын.
Өлтірсін атпен сүйреп екеуін де,
Сүйегі көмілместен жерде қалсын.
Бұл "Айсары-Шорман" дастанындағы қыз әкесі Дәулетбайдың аса қатыгездікпен айтқан бұйрығы. Шынжырбалақ шұбартөс ғасырдың қолынан келгені ғашықтарды аяусыз жазалай беру ме еді деген ойға да кетеміз мұны оқып отырып.
ХІІІ ғасырда Шу бойында жайлаған елде Айсары деген қыз бен Шорман деген жігіт арасындағы махаббат трагедиясы баяндалады. Бұл дастан туралы "1946 жылы Қазақстан Ғылымдар Академиясының Тіл және әдебиет институты ұйымдастырған фольклорлық экспедиция Ақмола, Көкшетау өңірінде болғанда көкшетаулық жергілікті халық ақыны Сатыбалды Аймағанов жырлап беріп, Бозтай Жақыпбаев қағазға түсірген. Дастан қара өлең түріндегі 7–8, кейде 11 буынды болып келетін жыр үлгісімен шығарылған. Авторы белгісіз. Көкшетау өңіріне кең тараған. Дастанның негізгі тақырыбы – екі жастың махаббат жолындағы күресі мен ауыр да қайғылы тағдыры. Бай қызы Айсара мен жалшы жігіт, сал-сері, батыр Шорман аралығындағы сүйіспеншілік сезімдері, бас бостандықтары жолында махаббат үшін құрбан болып, арманда кетуі шынайы суреттеледі, әлеуметтік теңсіздік пен әділетсіздік батыл айыпталады. Жыр бұрын ешқайда жарияланбаған. Толық нұсқасы ҚР Ғылымдар Академиясының Орталық ғылыми кітапханасы мен Әдебиет және өнер институты қорында сақтаулы", – дейді ашық энциклопедия.
Мәліметте келтірілгендей аталған ғашықтық дастанның үш нұсқасы Орталық ғылыми кітапханада сақтаулы. Ал осы дастанды қолжазбатанушы қаламгер Есім Байболов ғалымдар тарапынан ескерусіз қалған дастандардың бірі деп қарайды. "Қозы көрпеш-Баян сұлу", "Еңлік-кебек", "Төлеген-Қыз Жібек", "Қалқаман-Мамыр", т.б. ғашықтық дастандармен салыстырғанда зымыраған уақыттың қаға берісінде қалып бара жатқанына ашынады автор.
Сондай-ақ Ақмола, Көкшетау өңіріндегі, Омбыдан Көкшеге қарай жүрер жолдағы "Айсары-Шорман" деген көл аты, Шабдар айғыр, Ұлы қалған, Домбыралы, Өлеңті қатарлы жер-су аттары тікелей осы екі ғашықтың өміріне қатысты аталған атаулар, дастанда да сондай ұғым кездеседі дейді Е.Байболов. Есекеңнің мақаласын оқып осы жерге келгенде, шекара шегенделген еліміз ішіндегі қазына ел-жұрт аман болса ақырын түгенделер, алайда, шекара сыртында қалып киелі топырақтарда өсіп-өнген қазақтардың ғасырлардан қалған ұшан-теңіз рухани байлығын беталысы жаман жаһандану жұтып кетпесіне кім кепіл деген ауыр ойға жүкті болдық. Ел ішінде де кәрі құлақ қарттар сиреп бара жатқан бүгінгі таңда, халық арасындағы қазыналарды жинауға қазынадан қаржы бөлуді ойластырмаған біздің елдің билігінің де "сабырлылығына" ашынасыз.
Үш жүздің баласына 300 ден артық жазба қалдырған Байбол баласының мұраларын ақтарып отырып, оқырман қауымға бүгінге дейін ешбір жерде толық жарияланбаған "Айсары-Шорман" дастаны секілді талай тарихи дүниенің беті ашылмай жатқанын меңзеп отырмыз.
Өлсем де атым қалар кейінгіге,
Жазылған жырым мынау өлсін неге.
Жас өсіп, жарлы адам байымай ма,
Аларсын екі жасты естеріңе.
Ей, достар, орындалды арыздарың,
Алдыңда қанмен берген жас жандарын.
Өкініш ертедегі бір оқиға,
Шығару баспа арқылы – қарыздарың!
"Поэманы жарыққа шығаршы автордың кім екенін біле алмадық. Алайда, белгісіз автор бұл тарихи дастанның баспа көруін халыққа аманаттап кетіпті" дейді Есім аталған мақаласында.
Дастанның соңындағы нар шөгердей ауыр салмағы бар бұл екі шумақ өлең бүгінгі біздің елге де артқан сенім, күткен үміт іспетті. Сондай-ақ, бұл тек қана "Айсары-Шорман" дастаны жөнінен ғана емес, мүмкіндіктің барынша ертеден бастап күні кешегі өткен Есім Байболұлы сияқты айтарман, жазарман тұлғалардың мұраларына да көз-құлақ болуымыз керек екенін ескертіп тұрғандай. Өсетін ел өз тарихын түгендейді.
Әділет Ахметұлы, Орталық ғылыми кітапхана Сирек кітаптар мен қолжазбалар бөлімінің қызметкері