Тарихтан мәлім, қай қоғамда да жастар саясаты назардан тыс қалған емес. Бұл - дұрыс та. Біздің елімізде 5 миллионға жуық адам жастар боп есептелінеді екен. Бұл - Жер бетіндегі шағын бір мемлекеттің халқының санымен бірдей деген сөз. Тек келешек қазақстандықтардың маңдайына біз көрген аумалы-төкпелі, өтпелі-кетпелі кезеңдер жазылмағай-дағы. Елдің амандығы, жұрттың тыныштығы сол жастарға байланысты.
Түсінген адамға, Елбасымыз бүгінгі сөзінде тек жарқын болашақ туралы ғана емес, сонымен қатар жауапкершілік туралы да айтты. Әрбір қазақ - Қазақстан үшін жауапты. Әрбір жас оның "Қазақстаннан басқа Отаны жоғын" әр күн сайын, әр сағат сайын сезінуі тиіс. Қазақтың Отаны - Қазақстан ғана. Ол - біреу. Басқа Отан жоқ. Шығармашылық жастар үшін барлық жағдай жасалған. Мұндай мамыражай заман бұрын соңды болған емес. Енді осы сөздің мәнін таратып айтып көрейін.
Біз өскен кешегі Кеңес Үкіметі кезеңінде шығарма жазу қандай қиын болса, жазған дүниеңді жарыққа шығару одан әлденеше есе қиын болғанын айтсақ, бүгінгі жастарға ол ертегідей боп көрінуі мүмкін. Бүкіл Қазақстанда қазақша өлең басатын екі-ақ газет болды, олар “Лениншіл жас” пен “Қазақ әдебиеті” еді. Өзге басылымдар тілі қазақша болғанмен, ділі ардақты коммунистік партия мен аяулы комсомолдың сөзің сөйлеумен-ақ күндерін өткізетін. Заң солай болды, заман солай болды. “Жұлдыз” журналы аға буының роман, повестерін жариялаудын босамады. Екі айда бір шығатын “Жалын” альманағы жастарды жариялап үлгермейтін. Егер жас ақын республикалық басылымда жылына бір, не екі рет жарияланса, малақайын аспанға атып қуанатын. Ал, бүгінгідей топырлатып ай сайын бір топтамасын жарыққа шығару деген бақыт ешкімнің де пешенесіне жазылмады.
Егемендік алғалы қазақша шығатын қаншама басылым пайда болды? Мұндай “молшылық” бұрын-соңды болмады дейтініміз содан. Бұл - бір. Екіншіден, Сіз жан-жағыңызға көз салып қараңыз, көрші республикалардағы көркем әдебиетке деген көзқарас қандай, оларда қандай ахуал қалыптасып отыр? Бұл - информациялар тасқынының заманы, әлеуметтік желілер дәурені, оны білу қиын емес.
Бүгінгі Қазақстандағыдай еркіндік еш жерде жоқ. Көркем әдебиеттің таралауын әлеуметтік маңызы бар әдебиеттер ретінде мемлекет қаржысымен қамтамасыз етіп отырған жалғыз мемлекет Қазақстан ғана. Қазақтың жас қаламгері кітап шығару үшін кешегі замандағыдай жылдар бойы кезек күту дегеннің не екенін білмейді, көрші мемлекеттердегідей жазған кітабын жарыққа шығару үшін әр мекемені бір сығалап, бай-бағландарға сұрамсақтанып, қаржы-қаражат іздеп табанынан тозбайды, тіпті баспаны да қажет етпейді. Бүгін жазған дүниесі сиясы кеппей жатып ертең баспасөзде жарияланады, араға жыл салмай кітап боп шығады. Беріліп жатқан сыйлықтардың есеп-қисабы жоқ. Қазір лауреат емес жастарды сирек кездестресіз. Олардың көбі осылай болуы қалыптағы жағдай деп түсінеді. Бұған Үкіметтік және Үкіметтік емес ұйымдар қаржыландырып жататын мүшәрайлар ме жарыстарды қосыңыз. Содан келіп көп жағдайда сапа құриды. Кейбір жастардың кітап саны Ә. Нұрпейісов, Т. Әбдіков, Д. Исабековтардың кітаптарынан көп. Төленде көп болса, алты-жеті кітап бар, ал әлгі “толыспаған Толстой, шала Шекспирлердің” (М. Әуезов) алды он бес кітап шығарып үлгерген. Біздің әдебиет қазір "сан болса, сапа да болады" деген жаңсақ принциппен дамып (егер дамығаны рас болса) келеді. “Жоқ, әуелі сапа керек!” деген заманға да келерміз. Мұның бәрін неге айтып отырмыз? "Қолда бар алтынның қадырін білейік" дегенді қайталап айтқымыз келеді. Біз жастарға сұраған еркіндігінің бәрін бердік, бірақ бұл оларға нашар жазу еркіндігі, бетімен кету, еріншектік, бекер мал шашпақтық, даңғойлық та қоса берілді деген сөз болмасын.
Жастар жылында басты өзгерістер мен бетбұрыстарды жастардың өздерінен күтеміз!
Есенғали Раушанов,
ақын, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері