Ол жылдары жастар жағы жаппай дерлік Мұқағалимен "ауыра" бастаған. Жастық пен өлең – егіз. Өлең, асылы, жас кезде туады. Кейінгінің көбі – машық. Машық басталған тұста өлең тоқтайды. Менің бүгінгі хикаям сол 70-жылдардың өлеңге ғашық бір қыз бен жігіті туралы.
Қыз – қаланың қызы еді. Педагогикалық училищені сол жылы бітіріп, қаладағы №12 қазақ орта мектебіне мұғалім боп жаңа орналасқан екен. Басқа ештеңесін білмейміз.
Ал ол мектептен соң туған ауылында екі жыл жұмыс істеп, кейін екі жарым жылдай әскер қатарында болған сақа жігіт-тін. Неге екі жарым жыл? Біреулер оны "қатарымен бірге екі жыл қызметін тамамдап елге қайтқалы жүргенде шешендермен төбелесіп, алты ай айыпкерлер батальонында болыпты" десе, енді біреулер "жоқ, ол ауыр танкінің механик-жүргізушісі екен, сол жылы қарулы күштер базасына жаңа техникалар келіп, жаңа буын жүргізушілерді тәрбиелеу үшін еріктілер қатарында тағы жарты жыл қызмет етіпті" деп жүрді. Кім білсін, рас та шығар. Сөйтіп, әскерден қарашада оралуға тиіс жігіт елге наурыздың аяғы, көкектің басында келді. Келгенде, ауылына бармай, бірден Алматыға келді.
Әлі есінде, сол жылы Алматыда сирень 3 сәуір күні гүлдеді. Өзі әскери қызметін өтеген Солтүстік Кавказда да осы шамада гүлдейтін. Ол Карл Маркс көшесімен төмен түсіп келе жатты. Бұрынғы Киров көшесінің қиылысы әдемі бақ еді. Қыз сирень ағашының әсем гүлді бұтағын сындыра алмай әуре боп тұр екен. Жігіт қызға жақындап келіп:
– Қорықпа, мен сенің досыңмын, – деді әзілдеп.
– ...
– Мамаңа айтамын, – деді бұл сынған бұтақтарды нұсқап, – мамаң бұл қылығың үшін сазайыңды береді.
–Айта беріңіз, – деді қыз күліп, – мамам ұрыспайды.
– Бұл бозқараған ғой, – деді жігіт, – сен білесің бе, қазақша мұны "бозқараған" дейді.
"Бозқараған...
Көрдің бе бозқараған
Сирень иісі аңқиды боздаладан.
Бозқараған – тікенек, тікенге өскен
Сирень гүлін ешкім де қозғамаған.
(Соның аты, біздіңше, бозқараған)
Қарасудың жағасы бозқараған
Бозқараған бұтағын қозғама, адам.
Бозқараған ішінде бойжеткенге
Бозбалалар бозарып көз қадаған".
Мұқағали ақынның өлеңі бұл. Ертең осы араға кел, мен саған жазып әкеп беремін.
– Нені, – деді қыз, – нені жазып әкелесіз?
– Өлеңді айтам. Жоқ, саған ұнамады ма?
– Ұнады. Ұнағанда қандай! Сіз ақынсыз ба?
– Сен үлкен кісінің сөзін бөлме, – деді бұл, – әйтпесе тәртібіңе "екі" қоямын. "Екі" алсаң жылаушы едің ғой, рас па?
– Оны қайдан білесіз? – деді қыз таңғалып.
– Айттым ғой саған, үлкен кісі сөйлескенде қабаттаспа деп. Рафиқа Нұртазина не үйретеді, өзі, сендерге?!
– Сіз біздің мектептің директорын білесіз бе? – деді қыз одан сайын таңырқап. – Сіз, не, біздің мектепке жаңа келген мұғалімсіз бе?
– Сөзді бөлме, одан да менімен бірге жүр. Сирень керемет гүлдеген бір жерді білемін, – деді де, көшені қиып өтіп, "Алатау" кинотеатрына қарай беттеді. Қыз ере түсіп тоқтап қалды. Жігіт соңына қараған жоқ. Кинотеатрдың күнбатысында тоғай боп қалың өскен сиреньнің бір құшақ бұтағын сындырып алып, кері қайтты. Қыз көшенің бұрышында әлі тұр екен.
"Бозқараған ішінде бойжеткенге
Бозбалалар бозарып көз қадаған", –
деді жігіт гүлін ұсынып. Қыз күлді. Күлкісі тап-таза екен.
Ол жылдары Алматы мұндай емес, жастықтың қаласы еді.
Ол жылдары Алматыға әр жыл сайын көктем тұңғыш рет келетін.
Ол жылдары Алматы сирень қаласы еді. Сол көктемде қалада сирень кереметтей көп гүлдеді. Ымырт үйіріле тау жақтан салқын самал есетін. Самалмен бірге Алматының таспадай тартылған түп-түзу көшелерін қуалап сирень иісі тарайтын. Самалмен бірге Алматының таспадай түп-түзу көшелерін бойлап сирень-әлем көшетін.
– Сіз сондай жақсысыз. Бірақ мен Арманға уәде беріп қойдым. Ренжімеңіз. Ағам боп қаласыз ғой, ә? – деген қыз бірде.
– ...
– Сіз маған ылғи да келіп тұрыңызшы. Арман көріп қойса, "ауылдан келген ағайым" деп таныстырамын, жарай ма?
Бұдан кейін де екеуі кездесуін жалғастыра берді. Кездескен сайын ыстық құшақтары айқаса кететін.
– Сізбен сүйіскен жақсы, – дейтін қыз, – ал Арман болса барып тұрған жындыбас, бірақ мен оны сүйемін.
Қыз мұның құшағында тұрып Арман туралы айтатын, екеуінің болашақ жоспарларын әңгімелейтін. Жігіт үндемей тыңдаушы еді.
– Сізден жұрттың бәрі қорқады. Ал мен қорықпаймын, – дейтін қыз, – егер Арманға біреулер тиіссе сізге айтамын, өзіңіз айтпақшы, быт-шытын шығарасыз ғой, ә?
– Енді былай, нетсе, неғыламыз ғой...
– Жоқ, сіз тура айтыңыз, Арманға болысасыз ба, жоқ па?
– Болысқанда, енді былай ғой, жігіт өзін-өзі қорғай алмаса қалай болғаны?!
– Әне, көрдіңіз бе, сіз Арманды жек көресіз. Ал мен оны сүйемін. Ренжідім сізге. Кеттім. Сау болыңыз.
– Кетпеші, отыра тұршы.
– Арманға болысасыз ғой?
– Болысамын.
– Ақысына не сұрайсыз?
Жігіт сұқ саусағымен ернін көрсетеді. Екеуі қайта құшақтасады. "Сүйгісі келе берер сүйген ерін, Сүй, жаным, сүйкімді бір күйге енемін", – дейді бұл тағы да Мұқағалишылап.
Ұзамай сирень гүлін төге бастады. Кешегі сұлу әлем күн санап жүдей бастады. Соңғы көргенде қыз бақ ішінде жылап отыр екен.
– Неге жылайсың? Кім тиді саған? – деді бұл, – мен оның әкесін танытайын.
– Керек емес, – деді қыз, – тимеңіз. Мен оны сүйемін.
– Ендеше, неге ренжітеді?
– Сіздің не шаруаңыз бар, жөніңізге жүре беріңіз, – деді қыз өксігін тежеп, – барыңызшы, құдай үшін.
– ...
– Барыңыз! Кетіңіз дедім ғой. Не, түсінбейсің бе? Кет, кет дедім ғой саған.
Соны айтты да, орнынан атып тұрып, үйіне қарай жүгіре жөнелді.
...Содан кейін жаңбыр жауа бастады.
Көкте бұлттар жош ұрып,
Жылап тұрды Алматының аспаны
Екі жасқа қосылып.
Бұл олардың соңғы кездесуі еді. Қайтып екеуі жолыққан емес. Арада ширек ғасырдан астам уақыт өтті. Болды. Тәмәт-тамам. Бұл хикаяны осымен тамамдауға да болар еді. "Өткен күннен белгі жоқ" дейді. Өткен күннен қалған өлең бар. Баяғы өлең.
"Бозқараған...
Сирень иісі аңқиды боздаладан.
Бозқараған – тікенек, тікенге өскен
Сирень гүлін ешкім де қозғамаған.
(Соның аты, біздіңше, бозқараған)"
Одан бері жігітіміз қанша ақынды "ауыстырды" – бірақ бұдан өзге өлең жаттаған емес. Тіпті Мұқағалидың да басқа бірде-бір жыры есінде қалмапты. Ана жылы қала сыртындағы Заречное селосында бірге емделген Нарынқолдың бір қазағы: "Бозқараған – басқа ағаш, сирень деп бөртегүлді, яғни бөртені айтады, Мұқағали қателескен", – деп өзеуреген. Тыңдаған жоқ. Одан бері нелер заман өтті. "Адамның басы – Алланың добы" дейді. Бірақ ол өз өмірінің осындай болғанына Алланы кінәламайды.
Бүгінде Алматының оңтүстік-шығысындағы жатаған үйлердің бірінен кіріп-шығып жүретін ақ шашты, шүңірек көз, қушық маңдай, қисық мұрын, қамыт аяқ, сіріңкедей арық қара сұр кісіге көршілері "маскүнем шал" деп ат қойғалы қашан. Үй дейтін үй де емес. Қуықтай екі бөлме. Бақшасының етегін қаусырып «Казачка» дейтін ақбұрқақ өзен ағады. Табалдырығынан бастап, туу өзеннің құламасына дейін сирень. Қаладағы пәтерін осы үйге ауыстырып, көшіп келген жылы бұталарын отырғызған еді. Келесі жылы әр тұста тарбиып өскен алма ағаштарын шауып тастап, бақшасына түгел сирень еккенде көршілері күлген. Күлетіндей де бар еді. Сирень бар болғаны бір жетідей ғана гүлдейді. Көзді ашып-жұмғанша гүлін төгіп, қайтадан баяғы тарбиған ұзын бұталарға айналады. Реңіне қарап күні кеше ғана осы бір қара сұр сидам талдың бұжыр бұтақтарында қай-қайдағыны еске сап, жұпар атқан әсем гүлдер өсіп еді деуге сенгің келмейді. Кеше ғана тұсынан бір қайырылмай өтпейтін жұрт мұның бар-жоғына да назар аудармай, Алматының ағыл-тегіл ерсілі-қарсылы ағынымен асығып кетіп бара жатады. Дүние-жалған деген осы. Бұл көршілерінің осы тақылеттес шаншудай қадалатын суық сөздерін де елеген жоқ. Мұның өкінгені – еккен бозқарағаны бірден тамыр тартып кетпеді, жаңа қонысты жерсінбеді ме, әлде күтімі оңды болмады ма – екі-үш жыл қатарынан гүлдемей қойды.
Ол ылғи да бір түс көруші еді. Түсінде сирень гүлдейтін. Сирень гүлін құшақтаған балауса қыз анадайдан ақсия күліп жүгіріп келе жататын...
Түн ортасы екен. Сыртқа шықты. Жетіқарақшы Темірқазықты айнала бастапты. Алғашқы қар жауып еріп кеткенімен, тау жақтан бойын тітіркендіріп ызғар жел еседі. Есіктің қыр көзінде өскен сиреньді тамырымен қосып суырып алды. Темекісін құшырлана сорып біраз отырды. Бойы тоңази бастаған соң орнынан тұрып үйге беттегенде, бағанағы сирень шыбығын сүйретіп ішке алып кірді. Сол шыбық төсегінің басында екі күн жатты. Үшінші күні әр жер-әр жерінен бүр жарғанын байқасын. Дереу қара топырақ салып, шыбықты шелекке қайыра отырғызып, мөлдіретіп қанжылым су құйды. Құйындай ұйытқып күтпеген жерден соғатын достары пештің түбінде сорайып тұрған сиреньнің қу шыбығын көргенде мұны мазақтап ішек-сілелері қатқанша күлген. Содан ішу басталсын. Бір-екі күн тойлап олар да қарасын батырды, енді қашан келерін шайтан білсін. Арақтан басқа қайғысы жоқ айғыр топ сиреньнің жапырақ жая бастағанын да аңғармады.
Бұл кезде қыс қаһарына мінген. Бірде ұйқысынан тағы да шошып оянды. Дереу жарықты жағып, сиреньге қараған, ой, тоба, гүлдеп тұр. Екі-үш қатарынан ішкен арақтың қырсығы болар деп, өз көзіне өзі сенбеді. Жақындап барып иіскеп еді, баяғы жұпар:
"Бозқараған...
Сирень иісі аңқиды боздаладан".
Ол жуынып-шайынып, сақал-мұртын алып, таза киімдерін киді. Үйдің ішін тазартты. Есіне ескі грек аңызы түскен: Орман құдайын көне Олимпия елі Пан дейді екен. Пан-құдай бірде (баяғы Карл Маркс көшесін бойлап келе жататын өзінің жастық шағын ойлады) жасыл желек жамылған тоғайды аралап әндетіп келе жатса, ай десе аузы, күн десе көзі бар (бұл тағы да сол қызды еске алды) сұлу қызды көреді.
– Қорықпа, мен сенің досыңмын, – дейді бұл. Қыз қаша жөнеледі.
Қыз – таңның хабаршысы Сиринга періште екен. Пан оның соңына түсіп, қуа жөнеледі. Қатты қорыққан қыз кенет тұра қалады да, ақ гүлдері жұпар атқан жас шыбыққа айналып сала береді. Латын тіліндегі "сирень" деген сөз сол Сиринга періштенің есімімен байланысты деседі.
Бұл осы аңызды алғаш қашан естіп еді, есінде жоқ. "Шіркін-ай, Пан мен Сиринга содан соң бір рет те кездесе алмағаны қандай өкінішті" деп ойлады ол төсекке бас қойып жатып. Өзін сол мезет Панға, яки құдайға ұқсатып еді ол пенде. Иә, шын сүйгендерді пенде деп қалай айтамыз.
Ертесіне құйындай ұйытқып қайта соққан достары есікті бұзып ашты. Жұпар атқан сирень ағашының түбінде аппақ көйлек киген ақ шашты кісі өліп жатты. Бетіне майда-майда аппақ гүлдер төгіліпті. Бөлменің іші жұпар аңқиды. Бөлме емес, жұмақ дерсің. Бәлкім, ол ана дүниеде, шынында, жұмаққа барған шығар.
Тыста желтоқсанның қары ұйытқи жауып тұр. Ақ түтек. Алматы. Сол Алматы.