Қазақ әдебиеті тағы да ауыр қазаға ұшырады. Ақын, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Есенғали Раушанов дүниеден озды.
Есенғали Раушанов 1957 жылы 5 қазанда Қарақалпақ АКСР-інде туған.
1973 жылы Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Келінтөбе совхозындағы №192 орта мектепті бітірген соң, 1975–1977 жж. Кеңес әскери күштері қатарында Солтүстік Кавказ әскери округінде қызмет атқарды. ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітірген. Өлеңдері 1973 жылдан бері жарияланып келеді. 1983 жылы «Бердәулет пен Жоламан» атты поэмасы Қазақ КСР Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетінің, Қазақстан Жазушылар одағы, Қазақстан ЛКЖО Орталық Комитеті мен «Жалын» баспасының озық шығармаларға жариялаған бәйгесінде бірінші орын алды.
1983–1987 жж. «Жалын» және «Арай» журналдарында поэзия бөлімінің меңгерушісі, жауапты хатшы, 1988–1995 жж. «Білім және еңбек» («Зерде») журналының бас редакторы қызметін атқарды. Қазір «Жазушы» баспасының директоры.
Өлеңдері орыс, литва, болгар, чех, украин, өзбек, қырғыз тілдеріне аударылған.
Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының және Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты. Мәскеуде өткен жас ақын-жазушылар фестивалінің, сондай-ақ Қазақ КСР-і шығармашылық жастарының «Жігер» фестивалінің тұңғыш лауреаты. Қазақ КСР-і сыйлықтарымен және тәуелсіз Қазақстанның он жылдығы медалімен марапатталған. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (2006). «Құрмет» орденінің иегері. Қазақстанға еңбегі сіңген баспа қайраткері. Ш.Есенов атындағы Ақтау техникалық университетінің құрметті профессоры.
Қазақтың көрнекті ақыны Есенғали Раушановтың қазасына байланысты бүкіл қазақ жұртшылығына қайғыра көңіл айтамыз. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын.