- Негізгі бет
- Әдебиет
- Есенғали Раушанов. Асылдың...
Есенғали Раушанов. Асылдың сынығы
Марқұм Сәукең, Сәуірбек Бақбергенов айтып отырушы еді: «Соғысқа дейін Түркістанға «Қызыл Өзбекстан» дейтұғын газет үзбей кеп тұрды, ешқандай тәржімәсіз оқи беретінбіз, Ғафур Ғұламның «Түркісіб жолдары» атты өлеңін мектепте қазақ, өзбек демей бәріміз жаттадық. Соғыстан келген соң әлгі газетті оқып көріп едім, түсіне алмадым, бұ өзбектерге не болғанын білмеймін, аузын ашса екі сөзінің бірі тәжікше, парсыша бопты, тоба» – деп. Ташкент барсам Ғафур Ғұламның Бесағаштағы музей-үйіне соғамын. Қашан да.
Өзен жағалап келе жатып ылғи да Сәукеңнің сол сөздерін еске аламын. Осы суды бойлап бір кезде Сәбең, Сәбит Мұқанов жүрді ғой деп тағы ойлаймын. Бәлкім анау бір алып жөкенің түбінде Мұхтар Омарханұлы отырған болар, мүмкін Роза Бағланова алғаш рет Бесағаш гүл зарларында түнімен сайрайтын бұлбұлға қызығып ән салды ма екен?! Мына бір шынар Орал Таңсықбаевтың суреттеріндегі ағаштарға қалай ұқсайды, а?! Қазақтың соңғы ханы Кенесарының ұрпағы, ғалым Натай Кенесарин жат жерде жан тапсырарда не ойлады екен деген ой тағы келеді…
Ғафур Ғұламның музей-үйіне жылдың қай мезгілінде де келуші көп. Көзі тірісінде жарияланған «Біздің үйге қонып өтіңдер, достарым» деген жырында:
«Мен Ғафур, бұл өзбекке атым мәлім,
Осындай білесіңдер ақын барын.
Біздің үй Арпапая көшесінде,
Келіңдер жат пен жуық, жақындарым» (еркін аударма) – дейді. Өлең өз заманында өте танымал болған. Елдің жоқ-жітік кезі, Тәшкентке ойдан-қырдан құйылып жататын кедей-кепшік әлгі өлеңді жаттап алып, күндіз демей түн демей келе береді екен. Сонда Ғафе кеңнің опынып «мен не тапсам да тілім нен табамын» деп шығарған қал жың өлеңі: «Бұл Ғафур кеше де мас, бүгін де мас,
Ақынның мас кездегі түрін қараш[ы],
Мойнымнан аспа мені асар болсаң,
Е, құдай, асар болсаң тілімнен ас!» – деген. (Бұ дағы еркін тәржімә). «Тілімнен табамын» дегені рас.
Халық арасында Ғафур Ғұлам айтыпты деген әңгімелер әлі де көп. Мысалы дейсіз бе? Мысалы, мынадай: Екінші дүние жүзілік соғыс жылдарында Ғафур Ғұлам бір топ жазушымен Мәскеуге барады. Әдебиетшілер Үйінен қызара бөртіп шығып келе жатса, көше де жас жазушы Кәміл Яшин кездесе кетіпті. Кәміл аға аласадан да аласа, ол аздай арық, әлжуаз кісі еді ғой, марқұм. Ұзын шинелінің етегі жер сыпырып, аяғындағы екі үш өлшем кең етігі қолпылдап, асынып алған мылтығы өзінен үлкен, онысымен тұрмай қайта-қайта шошаңдатып қояды дейді. Жөн сұраса, «Отан қорғауға аттанып барамын, Ғафур ака» дейтін көрінеді едіреңдеп. Ол ұзап кеткен соң соңынан қарап тұрып Ғафур ака айтыпты: «Жігіттер, көрдіңдер ғой, Кәміл-шер (жол барыс) ұрысқа кірді, ол енді Гитлердің пашақ-пашағын шығарады!». «Совет солдатын келекеледі» деген бұл гәп арнаулы орын дарға жетіп, соңы үлкен дауға ұласарда араға Константин Симонов түсіп әупіріммен аман қалған.
Айбектің (Муһаммад Муса ТошмуҺамедов, өзбектің классик жазушысы) Ғафур Ғұлам туралы «Ол диірменге құлап түссе де, аман шығады, оны айтасыз, жәй шықпай жеті қап ұн алып шығады!» деген сөзін жазушы қауымы ұмытпайды.
Ақынның қонақжайлылығы, қазақтарды ерекше қадір тұтқаны және жерлеуге Сәбит Мұқановтың арнайы келгені туралы қызы, бүгінде музей-үйінің директоры Алмас апай (Olmos Gafurqizi) таңды таңға ұрып әңгі мелеуге бар. Апай ылғи да Сәбит Мұқановтың отбасы туралы сұрайды, «Сәбең бар кезде қазақ тар жиі келуші еді, кейінгі жылдары ат ізін салмай кеттіңдер» деп ренжіп те алады. Музейдегі Сәбең сыйлаған қазақы шапан көзге оттай басылады. Мұхаңның қолтаңбасы да ең көрнекті жерде тұр.
Ғафекеңнің ұрпақтары дегенде әуелі, әрине, сүйікті ұлы, белгілі ғалым, Өзбекстан Ғылым Академиясы ядролық физика институтының директоры болған марқұм Ұлықбек және екінші ұлы Мырза Абдул Қадыр Ғұламовтардың есімдері тілге оралады. Кенже ұлы Хандемир тарихшы болды. Қадыр ака кейінгі жылдары Өзбекстанның Қорғаныс Министрі қызметін атқарды. Халық күні бүгінге дейін «Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» деп оның қай перзенті де ең алдымен өз ана тілінде таза сөйлегенін жыр ғып айтады. Өзбекше білмейтін өзбек жоқтың қасы. Дегенмен ақын тағдырлы қызы Алмасты айрықша жақсы көріпті. Әкеге қыз бала ерекше жақын болады деген сөз рас болса керек.
Бүгінде әкесінің музей-үйіндегі мыңнан астам экспонаттың әрқайсысын көзінің қарашығындай сақтап, шығармашылығын насихаттаудан шаршамай келе жатқан Алмас апайдың өмірі бүкіл өзбек халқы үшін өнеге. «Қазақта Тайыр Жароков деген ақын болғанын білесіздер. Сол кісі қайтыс болып, қырқына әкем Алматыға арнайы барыпты. Бұл 1965 жыл. Сонда сөз сөйлеп: «Егер мен өлсем мені Сәбит жерлейтін болсын, Сәбит менен бұрын кетіп жатса өзім-ақ жуып арулаймын!» – депті. Жазмыш солай болды, Сәбеңнен бұрын әкем кетті ғой, келесі 1966 жылы. Алматыдан Сәбең келгенше ешқандай жөн-жоралғы жасалмады, мәйітке ешкімнің қолы тимеді. Ағаны күттік.
«Қайда? Менің бауырым қайда? Мені неге өзі қарсы алмайды, ағайындар-ау?» – деп, ұшақ тарапынан теңселе басып түсіп келе жатқан Сәбеңді көргенде Ташкент әуе жайы күңіреніп кетті ғой. Қара халықты, ақын-жазушыларды айтпағанда қарсы алуға шыққан Өзбекстан Үкіметі мүшелері түгел жылады».
Сол күні Ғафур Ғұламның үйіне Бұхар еврейлерінің раввині бастаған топ «О, падар! О, падар!» («О, әкеміз!») деп дауыс салып жылап келіп: «Бұ адам асылы біздің жұрттың адамы еді, сондықтан өзіміздің салтымызбен жөнелтсек» – деп илтимос (өтініш) айтқан-мыш. Бірақ мен Алмас апайдан ол туралы сұрамадым. Сұраймын деп жоспарламағанмын да. Ұзынқұлақ не демейді?! Біз Ғафур Ғұламды ұлы өзбек халқының ұлы перзенті, бұйық шайыры деп танимыз. Болды ғой сонымен. Артық сөздің керегі не? Әйтсе де, өзбек зиялылары арасындағы кейбір алыпқашпа әңгі мелерден құлағдар едім. «Біздің әулетте о бастан қазақтарға деген ілтипат ерекше болды», – деп әңгімесін жалғады Алмас апай, «әкеміз Сәбит Мұқановты аузынан тастамайтын. Сәбит аға әкемді «Молда Ғапыр» деуші еді. Олай дейтін себебі бар: Мир Әлішер Науаи хазретлерінің мынадай бәйіті бар емес пе?! «Иб рию, юнонию, суряни һәм, Һинди, агар сурса билиб они һәм», демек, «Жөйттің тілі, грек тілі, арабша, Керек болса хинд тілін де біледі ол». Әкем бірнеше тілді, әсіресе арап пен парсыны ана тіліндей білуші еді, мұның бәрі ескі мектептен алған ілімі болатын. Ол маған «Жолаушы шықсаң жолдасың қазақ болсын, жолдан адаспайсың» деген мақал бар ғой, қазақ пен құдамдал жекжат болғым келеді, ертең өскен соң сені қазақтарға ұзатамын» дейтін әзілдеп. Құдай аузына салды ма, мені расында да шымкенттік азаматқа ұзатты ғой.
Ой, ол бір Һикая. Шымкенттің жанында «Қос диірмен» деген өзбек қышлағы болған. Кейін «Коммунизм» деп аталды, бүгінде ол қалаға қосылып кетті. Сол қышлақта Құдрат Ахметов деген азамат дүниеге келген күні менің әкем атақты «Түрксіб жолдары» деген өлеңін жазып, халық алдында оқыпты. Бұл 1936 жыл. Сібір мен Орта Азияны байланыстырған теміржолдың ашылу салтанатынан оралған Ахмет ака жаңа туған нәрестеге «Ғафур Ғұламдай құдіретті болсын!» деп Құдрат есімін беріпті.
Мен классиктің жалғыз қызы болғандықтан, қиындық көрмей ерке болып өстім. Қыз бойжеткен соң сөз ере бастайды ғой. Ташкенде «Ғафур Ғұламның қызы ғажап сұлу боп бойжетіпті, ол ана біреуге былай депті, олай депті» деген секілді әңгіме гүрлей бастағаннан әкемнен маза кетті. Өлең арнаған ақындар көп болды… Өзбекте қызды ерте ұзатады ғой, бірақ құда түсіп келгендердің қай қайсысын да әкем бұлқан-талқан ашуланып қуып шығатын. Сондағы айтатыны «Қызым әлі жас!». Құдрат ака (әдетте, өзбек әйелі күйеуінің атын атамайды, «ака» (аға) деп құрмет тейді) Ташкен ауыл шаруашылығы институтының агрономия факультетін бітірсе де бірден комсомол, партия саласына ауысып, қызмет баспалдақтарынан өте тез көтерілді.
Алғашында әкем оны да қабылдамады. Бірде партияның кезекті бір жиынында сөз сөйлегенін көріп, оны фойэге оңаша шақырып алыпты. «Құдрат деген сенбісің?» «Менмін, дада». «Сен болсаң аяқ алысыңды көрейін, былай-былай оңға-солға жүр!» – депті әкем. Тура бір қазақтардың бәйге атын сынағанындай алдынан әрі-бері өткізіп, олай бір жүгіртіп, былай бір жүгір тіп бірсыпыра уақыт әурелепті де «Енді бара бер!» деп қуып жібереді. Әкемнің әпенді қылықтарын бүкіл ел біледі. Бұның әзілі екенін не шыны екенін білмей Құдрат ака қалады аңқайып. Ол кезде болашақ қожайынымыз Ташкент облысы Бекабат ауданы партия комитетінің хатшысы. Әкем үйге келе салып мені шақырды да «Мен саған мынауский күйеу тауып келдім, исми шарифі (аты-жөні) Құдрат Аһмади, соған тисең де тиесің, тимесең де тиесің. Әгараким тимеймін десең, тауыққа ұқсатып қол-аяғыңды байлап беріп жіберемін» – деді. Бәлкім, сұңғыла кісі біздің сөз байласып жүргенімізді білген де болар…» – деп әңгімесін жалғастырды Алмас апай.
Бұл жолы менің жол бастаушым белгілі өзбек жазушысы, Өзбекстан Жазушылар одағының жауапты қызметкері Меһманқұл ака Исламқұлов болды. Меһман ака Алмас апайдың өмірінен «Садоқат сабоқлары» («Адалдық сабақтары») атты эссе жазған. Ақынның үйімен ежелден аралас-құраласы бар қадірлі адам. Марқұм академик Бек Сүлейменовтің туған жиені. Қазақшадан тікелей аударатын бірден бір маман. Үшеуміз ақынның бай кітапханасымен танысып жүрміз. Арасында қазақша басылымдар да бар. Алмас апай сөреден үлкен бір кітап алды. Америка Құрама Штаттарында басылған альбом екен. Ескі, жаңа суреттер. Өзбекстаннан кеткен жөйттер өмірінен Дүниежүзі еврейлері қауымдас тығының қолдауымен АҚШ-та басылыпты. Ғафур Ғұламға және отбасына арналған беттер ерекше безендірілген. Бастапқы суретте ақынның Израйльдің Кирьят Гат атты қаласындағы ескерткіш тақтасы тұр. Мұндағы «Еврей жұртынан шыққан қасиетті адамдар» алаңына сән беріп аталмыш ескерткіштің етегіндегі сабағынан жаңа үзілген гүлдерге қарап Ғафекеңнің жөйіт еліне қаншалықты құрметті тұлға екенін тануға болатын секілді.
Келесі суретте Нью-Йорк те өткен (және ылғи да өте тін) дүниежүзі еврейлері құ рыл тайы қонақтары арасында бала-шағасымен Алмас апай тұр. «Жудә ям яхши сафор булганга ухшайди ю?» – дейді Меһман ака сыр тартып. (Керемет сапар болған сияқты ғой, шамасы) «Бір-екі ай қонақ болдық» – дейді апай, «Ғажап қала екен, Құдай қаласа келесі құрылтайға да барамыз. Асылы біз таза өзбектерденбіз» – деп сөзін жалғайды апай, «Жаңа айттым ғой, біз ежелден Ташкенттің Бесағаш махалласында тұрдық. Жөйт балаларымен бірге өстік. Екінші дүниежүзілік соғыс басталып, фашистер жөйттерді жаппай қыра бастағанда әкем «Мен евреймін» деген атақты өлеңін жазды. Өлеңді орыс тіліне Константин Симонов аударды, 1944 жылы Ташкенге аса көрнекті мемлекет қайраткері Л.Каганович келгенде әкем осы аударманы оқыпты. Содан бастап еврейлер бізбен жиі араласа бастады. Әкем өлгенде жаназадан бұрын дін өкілдерінің келуі де содан болса керек. Сәбит Мұқанов бастаған ақсақалдар оларға «Ғафур Ғұлам өзбек халқының перзенті» десе де раввин кетпей отырып алады. Ақыры «Аспанда күн ортақ, адамда жақсы ортақ деген, сіздер оны өз перзентім десеңіздер, мәйітін көріп қоштасуларыңызға болады» дедік біз. Раввин қасына бір-екі адам алып әкемнің жисминін (мүрдесін) айналып көрді, еврей халқының ырым-жоралғыларын жасап, шашын кесті, тырнағын алды. Біз қарсы болмадық» – дейді Алмас апай.
Алмас апай шын мәнін де интернационалист кісі. «Өзбек әдебиетін жасағандардың арасында басқа ұлт өкілдері жүдә көп болды. Мысалы, классигіміз Садриддин Айни мен Хамза Хакимзада Ниязилер таза тәжіктер еді, тағы бір керемет классигіміз Абдулла Қаһар мен Қибрия ханумның да ұлты тәжік, даңқты шайыр Назомад та, академиктер Қари Ниязов, Мұхтар Ашрафи, Тошмухамед Сарымсақовтар да тәжіктер еді, кинорежиссерлер Шүкір Бурханов пен Комил Ярматов та тәжік еді ғой, Тамара ханум армян болатын, классик прозашы Мақсұд Шарифзаде кавказдық, Сергей Борадин мен Райм Фархади татар, Миртемир мен Ұйғын қазақстандықтар еді ғой, мен тек әдебиет пен өнер төңірегін айтып отырмын, ал мемлекет, қоғам қайраткерлері арасында қаншама басқа ұлт адамдары болды, олардың бірін де айтпай неге бізді бөліп алып, қайта-қайта еврей деп жаза беретініне таң қаламын» – дейді апай күліп. Біздің қазақтың басқа ұлтқа сіңіп кеткендері аз емес, ал енді басқа ұлт өкілдерінің қазаққа сіңуі мүмкін бе? Менің ойымды оқып қойғандай Меһманқұл ака: «Ай, қайдам», – деді, «Сіздерде ру бар ғой, жеті ата, тек дегендер бар. Басқаның қазақ болуы қиын шығар». Бұл жақсы ма, жоқ, жаман ба? Енді мен сол туралы ойлана бастадым. Өзбекте «Арғы атамыз қазақ бопты» деген талай өзбекті көрдім. Ал, «Арғы жағымыз өзбек екен» деп жасырмай айтатын қазақты көргеніңіз бар ма? «1963 жылы қыста жаңадан Сырдария облысы ашылып, Құдрат ака партия комитетінің бірінші хатшысы қызметіне тағайындалды. Бірсыпыра аудандар Қазақстаннан алынғаны мәлім. Қазақтармен тонның ішкі бауындай жақын болдық, ауылы аралас, қойы қоралас ағайындар едік. Өзбекстанға жаңадан қосылған Мырзашөл жақта негізінен қазақтар тұрды ғой, Фариш, Самарқан аймақтарында да қазақ ауылдары көп болды. Жергілікті педогогикалық институтта соларға арнап қазақша оқытатын факультеттер ашылды. Ұмытпасам, институт басшылығында да қазақтар болды. Қазақстанның Оңтүстігінен жоғары санаттағы педагогтар мен ғалым мамандар көптеп тартылды. Партия, совет, комсомол ұйымдарында қазақ кадрлары басым болды. Құдрат ака қай қайсысымен де бір туған бауырларша сыйласты. Тамаша күндер еді ол. Бірақ менің бақытты күндерім ұзаққа созылмады. Бірде жаңа алған үйімізде газ құбыры аяқ астынан істен шығып қалып, жөндеушілер кеп, үзілген тұсты дәнекерлеуге кірісті. Жұмыс қызып жатқанда Иван деген дәнекерші байқаусызда оттық тұта тыпты. Менің ештеңеден хабарым жоқ, шәй қамымен асүйде жүргенмін, күтпеген жерден лап ете қалған жалын көзді ашып-жұмғанша тұла бойымды орап алсын. Мені құтқарудың орнына Иван далаға қашыпты.
Содан… содан ұйқысыз түндер мен күлкісіз күндердің қаншаға созылғанын айтпай-ақ қояйын, ол азапты Құдай тағала адам баласының басына бермесін. Әйел әуелі әдемілікті ойлайды ғой, қаншама операция жасатсақ та баяғы өң жоқ, құдай өзі алған нәрсесін қайтармайды екен ғой. «Құдрат ака мен секілді құбыжық ты қайтеді, жас қызға үйленетін болды ғой» – дедім іштей бекіп. Жұрт та солай ойлады. Жұба қандар көп болды. Табалағандар да бопты, оны шешем байғұс тіліне алған емес. Бір күні күйеуім ауруханаға келіп, жаныма отырды. Күн кешкіріп қалған. Бет-аузымды дәкемен тұтас орап мен жатырмын. Көзім ғана жылтырайды. Оның көлеңкесі ғана көрініп тұрды. Қалай байқамағанмын, ол дүниедегі ең алып адам екен ғой, деймін көлеңкесіне сүйсініп. «Алмасхон», – деп бастады сөзін ақырын ғана. «Айта беріңіз, не айтпағыңызды білемін» – деймін мен іштей өксіп. Сөзін тыңдамай-ақ шорт кесіп, «Рұқсат Алладан!» дегім келеді, бірақ тілім бұралмайды. «Алмасхон, (әдетте, өзбектер қыз-келіншектердің есіміне «хон» деген сөзді қосып айтып, құрметтейді. Мұнысы, «Сен мен үшін хансың, аса құрметтісің» дегені) кеше мені додам (ол менің әкемді Дода яки әке дейтін) шақыртты» – деп жалғастырды сөзін ол. Ғафур аканың сөзі былай болды: «Әңгіме қысқа, Құдрат. Қызымды тастайтын болсаң бүгін тастап кет, өкпе жоқ. Ал егер кейін бет-ажарын келекелеп бір ауыз, бір ауыз емес жарты ауыз сөз айтар болсаң, сені өз қолыммен атып тастаймын. Өліп қалсам о дүниеден келіп буындырып өлтіремін». «Мен сол жерде» – деді Құдрат ака сөзін жалғап, «додамның қолын өбіп тұрып, «Қанша өмірім қалғанын білмеймін, бірақ қанша өмірім қалса да Алмасхонмен өткіземін» – деп қасам іштім (ант бердім дегені). Сіз менің бұл байламыма қалай қарайсыз, Алмасхон?». Басым айналып кетті… Ол бір енді ешқашан оралмайтын дәурен ғой, інім… Содан Құдрат ака бақилық болғанша бірге тұрдық». …
Мехманқұл ака екеуміз Арпапая көшесін өрлеп келе жатып, талантты адамдарды Шығыста неге «Үлкен кісі» дейтінін еске алдық. Перзентке деген әкелік махаббаттың қандай болатынын Ғафур ака сияқты адамдардан үйренген жөн шығар. Үлкен кісілер өлген соң да үлкен боп қала береді екен. Иә, Ташкенде қазақ халқын өз ұлтындай сүйген Үлкен кісінің музей-үйі бар. Қасиетті жерлерге зиярат қып, дұға ету сүндет. Мұны менсіз де білесіздер. Бірақ мен, осы шағын жолжазбада бәрінен бұрын, неге дүр, Алмас ханым Ғафурқызын өзімнің туған апайымдай көріп кеткенімді айтқым келді.
"Қазақ әдебиеті газеті" (желтоқсан, 2018)
Т. Раушанұлы