Ақын, "Egemen Qazaqstan" газеті Әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі Ерлан Жүніс ТМД мемлекеттері мемлекетаралық гуманитарлық ынтымақтастық қорының (МФГС) "Содружество дебютов" халықаралық сыйлығының лауреаты атанды.
Бұл сыйлықты ТМД мемлекеттері мемлекетаралық гуманитарлық ынтымақтастық қоры 2008 жылдан бері тағайындап келеді. Әр жылдары ақын-жазушылар, дәрігерлер, мұғалімдер, ғалымдар, спортшылар, басқа да сала мамандары иеленді. 2019 жыл – ТМД мемлекеттерінде "Кітап жылы" болып жарияланған еді. Осыған орай халықаралық сыйлық Әдебиет саласына беріліп отыр.
Айта кетейік, Ерлан Жүніс, 1984 жылдың 7-ші қарашасында Алматы облысы, Жамбыл ауданында дүниеге келген. Мектеп қабырғасында жүрген кезінде "Жыр-перзент" деген атпен алғашқы жыр-жинағы жарыққа шықты.
2002 жылы Тараз қаласындағы М.Х. Дулати атындағы Тараз Мемлекеттік Университеті "Әлем тілдері" факультетіне оқуға түсіп, 2007 жылы "филолог, әдебиетші" мамандығын меңгерген. "Кентавр" әдеби апталығында қызмет етіп жүріп, "Қазақ әдебиеті" және Республикалық қоғамдық-саяси "Айқын" газеттерінде қызмет еткен.
2006 жылы Халықаралық "Шабыт" шығармашыл жастар фестивалінде "Әдебиет" аталымы бойынша Гран-При және Президент Кубогын иеленген.
"Киелі түндердің дұғасы", "Егіз кітап" (Twinbook), "Хауас", "Үміт жырлары" атты кітаптары жарық көрген.