Бүгін Елордада Қазақстан Жазушылар одағы ҚР Президенті Әкімшілігінің және ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен және ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың қатысуымен "Азия елдері қаламгерлерінің І форумы " басталды.
Тұңғыш рет ұйымдастырылған бұл форум Азия континентінде орналасқан елдер арасындағы әдеби-мәдени байланыстарды нығайту, одан әрі дамыту һәм егеменді еліміздің бүгінгі кескін-келбетін, Қазақстанның әдебиетін, рухани құндылықтарын паш ету, әдеби үдерістің дамуына қатысты Азия елдерімен тәжірибе алмасу сынды бірқатар мақсат-міндеттерді көздейді.
Азия елдері қаламгерлерінің І форумында аталмыш құрлықты мекен еткен 44 мемлекеттен Нобель сыйлығының номинанттары, Букер және ASEAN әдеби жүлдесінің жеңімпаздары, ұлттық, мемлекеттік сыйлықтардың иегерлері һәм Жазушылар одағы мен ассоциацияларының Төрағалары сынды 90-ға жуық ақын-жазушылар мен еліміздің түкпір-түкпірінен шақырылған қаламгерлер басқосады.
Әдеби форумның жалпы отырысына Нобель сыйлығының номинанттары Оңтүстік Корея қаламгері Ко Ын, катарлық Моза аль-Мальки, моңғолиялық Гомбожавын Мэнд Ооёо, Оңтүстік Азия халықаралық сыйлығының лауреаты үндістандық Амар Митра, Әзербайжан халық жазушысы Анар Расуыл Рзаев баяндама жасайды. Екі бөлімде 11 спикер баяндама оқиды. Ертең TED.9 форматында арнайы шара өтеді. Онда 10 спикер дәріс оқып, еркін форматта сұхбаттасады. Сондай-ақ, Абай көшесінің бойында «Қаламгерлер аллеясы» ашылады. Шара аясында Орталық Азия қаламгерлерінің кездесуі өтеді. Онда Ұлы Жібек жолы бойындағы әдебиеттің болашағы туралы айтылады. Форум аясында жас Азия қаламгерлерінің кездесуі де жоспарланған.