- Негізгі бет
- Әдебиет
- Елдос Тоқтарбай: "Түрме...
Елдос Тоқтарбай: "Түрме шабыт беретін жаныңа жайлы шипажай емес"
Бүгін дүние жүзі "Түрмедегі жазушылар күнін" атап өтеді. Тарихқа үңіліп отырсақ, түрмедегі жазушылардың өзі бөлек бір әдеби әлем. ХХ ғасырдағы нәубет те қазақ әдебиетінде түрме шығармашылығын тудырды. Осы орайда бұл тақырыпты 5-6 жылдан бері мұқият зерттеп жүрген мемлекеттік "Дарын" жастар сыйлығының лауреаты Елдос Тоқтарбаймен тілдескенді жөн көрдік.
– Елдос қазақта "ат жақсысы кермеде, ер жақсысы түрмеде" деген сөз бар. Сірә, сол сөз ХХ ғасырдың басында пайда болса керек. Себебі Қазақ даласына алай-дүлей апат әкелген ХХ ғасырда қазақ зиялы қауымы, бас көтерері итжеккенге айдалып, түрмеге жабылып жатты. Сенің "түрме шығармашылығын" зерттеуіңе не себеп болды?
– Өзіңіз білесіз мен Алматы мен Астанадан жырақта жатқан, сонау Торғай даласындағы Арқалық пединститутын тәмамдадым. Сол Ыбырай атындағы қара шаңыраққа студент болып қабылданғанымда, қазақтың ақтаңгер ақыны, ақберен азамат Айбек Қалиевтің шәкірті болып, балмұздақ кезімнен-ақ со кісінің әдеби-ғылыми мектебіне қабылдандым. Ғибраты мол ұстазым сол кезде маған: "Елдосжан, әлемдік әдебиеттану ғылымында "түрме шығармашылығы", "түрмеде жазылған туынды", "түрме жыры" деген сияқты түсініктер бар. Сен осы тақырып аясында материал жинақтап, зерттеу жұмысына ден қой!" деп тапсырмасын берген-ді.
Сосын, 1 курстың екінші семестрінде ұлы Ахаң, аяулы әкей Ахмет Байтұрсынұлының туған жері Сарытүбек ауылына барып, тарихи тұлғаның туған үйін көріп, ата-бабасы жерленген Ата бейітке зиярат етіп, Ұстазымыздың ақ ниетімен қазақтың ескі ырымын жасап, алты Алаштың Ахаңы туған Аққұм топырағына аунадық. Қасиетті топыраққа аунаған соң, ұстазым: "Ал, енді Алаш мұрасына, Алаш аманатына адал болыңдар!" деп үлкен адамшылық ісін мойнымызға жүктеді. Бұл өзі – түсіне білген адамға ұлт алдындағы аманат ісі, ұрпақ парызы. Міне, осылай алаш мұрасына деген аңсарымыз ауып, ұзақ уақыт бойы тиым салынған ақтаңдақ әдебиетті, шерлі де қайғылы әдебиетті оқуға, тануға, зерттеуге деген ынтамыз артты.
1 курстан бастап Торғай өлкесіндегі ескі архивтер мен кітапханаларды "тінтіп" отырып, Алматы астық, Алматының құпия архивтерін қопарып, Омбы мен Томбыға, ең соңы дегенде Орынбор мен Петербор, Мәскеуге өттік. Содан не керек, 4 курсқа көшкен жылы жинастырған материалдарымызды жүйелеп, "сорттап" қарасақ, көп дүние жинап алыппыз. Соған қарағанда архив ісінде, мұрағат құжатын жинауда нағыз "мешкей", "тоғышардың" өзі болған сияқтымын... Диплом жұмысым 60 беттік нормадан асып, 180 бетке жуықтапты, сосын оны академиялық жүйеге, ғылыми стильге салып, көркем әдеби тілімізге ғылыми "операция" істеп, ақырында "Қазақ әдебиетіндегі түрме шығармашылығы және эмиграция кезеңі" (Генезис. Эволюция. Поэтика) деп аталған 256 беттік монографияға айналдырдық. Диплом жұмысын қорғау алдында бұл еңбегіміз жазушы Арасанбай Естен ағамыздың "Баянжүрек" баспасынан жарыққа шықты. Кітаптың беташары Халық жазушысы Қабдеш аға Жұмаділдің баталы сөзімен басталды. Елімізге белгілі 5 ғылым докторы пікір жазып, қолдаған еді. Бакалавриат кезімізде жазылған бұл еңбек – ғылым жолындағы алғашқы ізденісіміз, қанатқақты дүниеміз ретінде қымбат һәм ыстық. Кейін келе "Тағдырлы жырлар" зерттеуі, "Үзілген жыр – үзілмеген үміт" антологиясы, түрме тілінің сөздігі сияқты т.б. еңбектеріміз жазылып, оқырман назарына ұсынылып, ғылыми айналымға түсті.
Негізі, "түрме", "абақты", "қапас" деген түсінік орыс империясына кіріптар болған, қолымыздан билік, басымыздан ерік кеткен кер заманмен байланысты. Ал, қазақтың ескілік әдеби мұраларында, лиро-эпостық жырларда батырларымыздың зынданға түсуі бұл өз алдына бөлек дүние-тұғын. "Түрме", "абақты", "қапас", "итжеккен", "қуғын-сүргін", "эмиграция" дегендеріміз дәл сол империяның саяси қысымынан, идеологиялық кертартпа езгісінен басталған-ды.
Қазақтың тұрмыс-тіршілігіндегі "түрме" дегеніңіз – қоршауы да, ілгегі де жоқ кең даладай киіз үйдің бір бұрышы ғана. Біздің қазақ тентегін екі ауыз сөзбен тиып, басбұзарын құн салығымен құрықтап, жазылмаған дала заңымен шара қолданған ғой. Ал, империяның түрмесі деген ібір-сібірдің суығы, еңбекпен түзеу колониясы, каторгы... Ішкі Ресейдің өзінде демократтық көзқарастағы ұлтшылдары мен оқығандары, маңдайалды ғалымдары мен ақын-жазушылары саяси кембағалдардың кесірінен зардап шегіп айдалды, қуғын-сүргіннің тезін көріп, ең ақырында атылды. Адамзат тарихындағы ең ірі қуғын-сүргін осы – ХХ ғасыр басындағы интеллигенциясының басына төнген қатер. Бұдан өткен зор қасірет болмаған-ды.
– Десе де қалай ойлайсың, түрме жазушыларға шабыт беретін сияқты. Әлем әдебиетіндегі кез келген автордың қапаста отырып жазған шығармасы танымал. Тіпті осы күнгі Грегори Дэвид Робертстің "Шантарамын" да жұрт жаппай таласып оқығанын көзім көрді. Қазақтың біртуар жазушыларының бірі Мұхтар Мағауин Достеевскийдің "Өлі үйдегі хат" шығармасын ХХ ғасырдағы ең үздік шығармалар қатарына қосады. Бұл да түрмедегі жазушының бастан кешкен оқиғалары.
– Түрменің дәмін тартқан қазақ жазушылары өте көп болғанымен, қағазға түсіп, ел қолына жеткен шығармалар мүлде аз. Ал, Қытай жағында, кешегі "мәдениет төңкерісі" жылдары қуғынға ұшыраған Таңжарық бастаған ақындардың шығармалары тұтасымен сақталып, хатқа түсіп, бүгін оқырман қолына жетті, ғылыми айналымға енді. Біз де Сәкен Сейфуллиннің "Тар жол, тайғақ кешу" мемуарлық романының алғашқы бөлімдері, эскиздері Колчактың азап вагонында жазылды. Хамза Есенжановтың "Ақ Жайық", "Жүнісовтер трагедиясы" шығармалары да түрменің тас босағасында жазылды. Желтоқсан көтерілісінің құрбаны Қайрат Рысқұлбековтың отты да, рухты өлеңдері сол түрменің тар бөлмесінде дүниеге келді. Өмірден өксіп өткен Сағат ақынның да азалы жырлары қапастан шыққан дауыс еді.
Алла сәтін салса, қазақ оқырмандарының назарына "түрме әдебиеті" аясында бірқатар еңбектерді ұсынып, сүйінші сұрар күн алыс емес сықылды. Бір анығы – бұл шығармалар арқылы өткен жолымызды, өткен тарихымызды біліп, өткенге құрмет көрсетуге ниет етерміз.