Кеше жазушы-драматург Дулат Исабековтің 80 жасқа толған мерейтойына орай ІІ халықаралық "ИСАБЕКОВ ӘЛЕМІ" атты театр фестивалі аяқталды. Аталмыш шарада Аустралия, Түркия, Грузия сынды мемлекеттен келген театрлармен қатар еліміздің үш театры жазушының меройтойына байланысты пьесаларын сахналады. Кеш соңында жазушының өзі келгендерге ризашылығын білдіріп ұзақ сөйледі. Және қазақ әдебиетіне һәм қоғамына қатысты кейбір ойларын жеткізді.
Қазақ әдебиетіне насихат жетіспейді
Бүгінгі нарық заманында қазақ әдебиетін насихаттау жетіспейді, шетелде бізді ешкім танымайды
Кеше бір журналист сұрақ қойды: «Осы шетелдегі пьесаларыңыз сахналанған театрларды алматыға алып келудегі мақсатыңыз қандай?» деп. Әрі қиын әрі оңай сұрақ. Оңай болатыны жазған шығармын, сосын олар қойған шығар. Әкелгенде тұрған не бар екен?!
Қиындығы – үлкен жауапкершілік! Мен шетелге көп шығатын адамдардың бірімін. Сонда көп ел бізді білмейді. Мынау тұрған Оңтүстік Кореяға барған кезімде кейбір бизнесмен не саясаткерлер болмаса іргемізде тұрып қарапайым халық Қазақстанды білмейді. Петербургта алғаш пьесам сахналанғанда: «Айтыңызшы, қазақ драматургиясы шынымен де Петербург сахнасында қойылатындай дәрежеге жетіп қалды ма?» деген адам арына тиетін сұрақ қойылды. Оған мен емес театр режиссері қатты жауап берді.
Шетелде бізде әдебиет, драматургия бар екеніне күдікпен қарайды. Мысалы, Швециядан алдыңғы жылы кітабым шықты ғой. Самуэльсон аударды, Нобель сыйлығының лауреаты. Бірнеше кітабым тағы да ағылшын тілінен шығып жатыр. Оның бәрін айта берсем Исабеков мақтанып жатыр дерсіздер. Бірақ, факті сондай. Енді солардың бәрін көрсету керек қой. Бізде бір тоғышар қағида бар. «Жақсы нәрсе болса өздері келіп алып кетеді» деген. Ол есік алдында байлаулы тұрған сүтті сиыр емес немесе семіз жылқы емес соғымға соятын. Мексика не Колумбиядан қандай жақсы шығарма бар екен деп арнайы адам келмейді. Оларға апару керек. Жапон әдебиеті сияқты жұмыс істеуіміз керек. Олар кітаптарын тегін ұсынады. Оқыңдар, көріңдер, Сұлтанмахмұт айтқандай: «бізде мынадай бар, мынадай бар» дейді.
Адам қазір өзімен-өзі болып кетті
Қазір сондай заман, әдебиетпен тыныстайтын заман емес. Адамның қызығушылығы басқа... интернет... Адам өзімен өзі болып кетті. Кейде осы отбасында отырғанда әрқайсысының қолында бір-бір телефон көремін. Тамақ ішіп отырып, ешқайсысы бір-бірімен сөйлеспейді. Біз әйелімізбен сырласып, ананы-мынаны айтушы едік қой. Қызық оқиғалар туралы сөйлесушы едік. Бұлар бір-бірімен сөйлеспейді де! Міне, осындай заманға тап келіп отырмыз.
Менің замандастарым қайда?!...
Әдебиетті оқыту керек. Әдебиет өлмейді. Англияның өзі қағаз әдебиетке қайта оралып жатыр. Сондықтан, елшілік, басқа да лауазымды адамдар әдебиетімізді насихаттап, таратуы қажет. Лондонда менің пьесалар жинағым ағылшын тілінде шыққан кезде Лордтар палатасын көрдім. Ол кітапхана, мемлекет ішіндегі мемлекет. Ең арысы сыртындағы темекі шеккенде күлсалғышына дейін кітап мұхабасында істеп қойған. Кітаптың культі. Қарап отырсаң қазақ әдебиетінен мен ғана бірінші болыппын. (қол соғылды). Рахмет қол соққандарыңызға, бірақ мен қол соға алмай, мұңайып қайттым. Әуезов қайда, классикалық шығармаларымыз қайда?! Неге солар аударылып берілмейді?! Бейімбет, Мүсірепов қайда?! Замандастарым қайда?! Қырғызда бәрі бар, Түрікменде бәрі бар. Ал, бізде жоқ. Біз өзімізді насихаттай алмайтын ел екенбіз. Өздері керек болса алып кетеді деп бейғам жата береді екенбіз. Қазір заман ондай емес. Өйте берсек ұйықтап жұртта қаласың. «Көріңдер, баға беріңдер» деп апару керек.
Қазір 700-800 беттік шығармалар оқылмайды
Біздің кейбір жазушыларымыз 200-300 данамен ағылшын тілінде кітабын шығарады екен. Оның не қажеті бар? Бала-шағасына ағылшын тілінде кітабым шықты деп көрсету үшін бе? Ол кімге керек? Ол ары қарай кітапханаларға бармаса, оқырмандарға жетпесе, ол туралы пікір айтылмаса, мақалалар шықпаса. Амазонда кітабым 29 доллардан сатылды. Өткенде қарасам, «кітап сатылып кетті» деп жазып қойыпты. Демек, адамдар алады екен. Оқиды екен. Тек соны ұсына білу керек. Осында басшы жігіттер отыр. Шығармаларды насихаттауымыз керек. Қазір баяғыдай 700-800 беттік кітапты оқымайды. Ол заман өтіп кетті. Анна Каренинаны 24 бетпен оқиды, «Соғыс пен бейбітшілікті» 30-40 бетпен оқып жатыр.