- Негізгі бет
- Әдебиет
- Досхан Жылқыбай. Тобыл...
Досхан Жылқыбай. Тобыл ойшылы
«Музейде жылдам шаршайсың. Өйткені ол жердегі әр қадамың – бір ғасыр»
***
Қария аса қатты діндар емес еді. Бірақ, ауыл зиратының жанынан өткен сайын арнайы тоқтап, атынан түсіп құран оқу қашанғы ғадеті-тін. Қобыз дауыспен құран бағыштап, күректей алақанымен күрең жүзін сипап орнынан тұрды. Немересі бірге түрегеліп, бір нәрсе сұрайын деп өзін әзер буып қалды. Дәл осы үнсіздікті бұзуға болмайтынын іштей түйсінген еді. Аттарының айылдарын тартып, қайта жолға шықты. Бір үзеңгілері әлі де болса зираттың сыртқы қоршауын сызып келеді.
– ...Қиямет-қайым жақын! Қиямет-қайым жақын!.. Әр зират басынан өткен сайын осы сөзді қайталап өтуді ұмытпа. Жатқандар қуанып қалады.
– Не үшін?
– Қиямет күні болғанда қайтыс болғандардың бәрі тіріледі.
– Қалай?
– Жер бетіне жусан болып өсіп шығады. Ертерек қайтыс болғандар ерте оянып, қасындағыларын құзғынның шоқуынан қорғап отырады. Сондықтан қазақ туыстарды бір-біріне жақын жерлеуге тырысқан.
– Орнынан тұрып барып қорғаса болмай ма?
– Жоооқ! Олар кіндіктерімен жусанның түбіріне байланып отырады.
– Қалай байланады?
– Өөй, мылжың екенсің ғой өзің.
***
«Бұл мүсін «Тобыл ойшылы» деп аталады. 1976 жылы Қостанай қаласы маңындағы «Мичурин» шаруа қожалығының алма бағынан табылған. Яғни, Тобыл өзенінің оң жағалауынан. Өздеріңіз көріп отырғандай, бұл мүсінде аспанға қарап, телміріп отырған ер адамның сұлбасы бейнеленген. Мүсіннің ғылыми сипаттамасын жазған археолог Г.Зданович тас мүсін сұр-қоңыр түсті түрлі түйіршікті құмтастан пикеттеу, қашау, тегістеу техникасымен жасалғанын және біздің жыл санауымызға дейінгі ІІІ мыңжылдықтың соңы, ІІ мыңжылдықтың бас кезіне, орманды-далалы Азияның антропоморфты мүсін тобына жататынын айтады. Ал, кейбір ғалымдар бұл экспонаттың, тіпті, тас дәуіріне тиесілі болуы мүмкін екенін алға тартқан. Мүсіннің биіктігі 202 мм, салмағы 4 кг».
ҚР Ұлттық музейіндегі «Ежелгі және орта ғасырлар залына» кірген әрбір музей қонағына экспонат таныстырушылар «Тобыл ойшылын» осылай таныстырады. Әрине, таныстырушыларға мұнан асырып ештеме айтудың да қажеті жоқ. Анықтап үңілген жанға өзі турасында «ойшылдың» өзі ғана толық айтып бере алады. Тек, түсінісе білу керек.
«Тобыл ойшылы» музей қонақтарының қызығушылығын көп туғыза қоймайды. Көзімен бір сүзіп өте шығады. Эрмитаждың ең ескі терезесінің ешкімнің көзіне түспейтіні секілді. Атақты музейдің Нева өзеніне қараған бір терезесінде 1902 жылы патшайым Александра Федоровна қолындағы брилиянд жүзігімен жазған жазу сақталған. Ағылшын тіліннен аударылғанда: «Ники, гусарға қарап тұр» деген мағына береді. «Ники» деп отырғаны ресей патшасы – Николай ІІ. Ал, «гусар» патшаның ерекше әскері. Бізге маңыздысы жазудың мағынасы емес. 1902 жылдан бері сол бір терезенің сақталып қалғаны. Өйткен, Эрмитаж ХХ ғасыр басында өзінің 250 жылдық тарихындағы ең ауыр кезеңдерді бастан өткерді. Он жетінші жылғы революция, азамат соғысы кезіндегі музейдің өртенуі, «Ұлы Отан» соғысы кезіндегі 872 күнге созылған блокада. Неміс снаряды жарылып, Нева өзеніне қараған бүкіл терезелер сынып, құлаған кездегі дыбысты көзі көріп, құлағы естігендер: «Соғыс жылдарындағы естіген ең сұлу дыбыс сол болар. Хрусталь ыдыстың сыңғырындай», – деп естеріне алады. Білімсіз, қараңғы большевиктер үшін сәттік сұлулық, өздерінің 200 жылдық тарихынан гөрі маңыздырақ еді. Тіпті, ескінің қалдығы деп, музейдің көзін жойғысы келгендер үшін зор қуаныш та болған шығар.
Иә, снарядттың жарылысынан кейінгі сарқырамадан құлаған судай төгілген хрусталь айналар үніне патшайымның саусағының ізі қалған әйнектің үні қосылмады. Ол аман қалды. Әлі күнге дейін аман. Тек көпшіліктің көзіне түсе бермейді.
Ойлы адамның қарапайымдылығындай – «Тобыл ойшылы» да жалғыздықты жақсы көретін сыңайлы. Ол туралы біздің жыл санауымызға дейінгі «ІІІ мыңжылдықтың соңы, ІІ мыңжылдықтың басында жасалған» деген музей таныстырушысының да сипаттамасы көп адамға ой салмайды. Ал, егер «бұл мүсін пирамидалардың құрдасы» деп таныстырылса, айналасынан халық арылмасы сөзсіз. Қос өзеннің бойында белгісіз бір ақын Шумердің атақты патшасы Гильгамеш туралы жырды жазып жатқанда, Тобыл өзені бойындағы белгісіз бір мүсінші «Тобыл ойшылын» қашап жатқан болатын десем ше? Египеттің перғауындары Тутанхамон мен Рамсес таққа отырған тұста, Мұса пайғамбар теңізді таяғымен жарып өтіп, Мысырдан еврейлерді алып қашып келе жатқанында, Ахилес тарихта өз атын қалдыру үшін Троя қаласын шауып, оны жермен-жексен еткен уақытта – біз сөз етіп отырған «Тобыл ойшылы» аспанға қарап телміріп отырған еді деген сөзімізге сенер ме едіңіздер? Бірақ, олай емес дерсіз. Әбден солай. 5000 жыл артқа шегініп, б.ж.д 3000 жылдыққа оралайық. Жер бетінде не болып жатыр еді?
б.ж.д 2609 жылы Мысыр пирамидаларының негізін салушы перғауын Джосер таққа отырды. Ол қайтыс болысымен, шамамен б.ж.д 2551 жылы Мысыр тағына Хеопс отырған болатын. Міне, пирамидалар осы кезден бастап салына бастады.
б.ж.б 2675 жылы Гильгамеш патша Урук қаласының тәуелсіздігіне қол жеткізді. Бұл жер бетіндегі ең тұңғыш қалалық мәдениет болатын. Қалада 6 мыңнан астам тұрғын болды. Ал, кейіннен бұл қала Шумерлердің астанасына айналған.
«Тобыл ойшылы» ғалымдардың дәлелдегеніндей б.ж.д ІІІ мыңжылдықта қашалған болса, шындығында да бұл мүсін әлемнің жеті кереметінің бірі саналатын Пирамидалардың құрдасы деуімізге әбден болады.
Мүмкін, қос өзеннің бойындағы бізге белгісіз бір ақын қолына қаламын алып, қыш тақтайшаға патшасы Гильгамеш туралы жырды жазып бастағанында, Тобыл өзені бойындағы бізге белгісіз мүсінші көкке қарап тәңірімен тілдескісі келген болар. Өзінің тәңір алдындағы кішілігін, бәлкім, бәріміздің тәңірден кішілігімізді көрсеткісі келіп, қолына қашауын алды ма екен? Бізге белгісіз.
Мақаламызға сын таққысы келгендер, жоғарыдағы даталардың барлығы б.ж.д 3000 жылдықтың орта тұсында болып өткен. Ал, «Тобыл ойшылы» б.ж.д 3000 жылдықтың соңында немесе б.ж.д 2000 жылдықтың басында жасалған деген ғалымдарымыздың сөзін алдымызға тартуы мүмкін. Және, өте дұрыс сын деп ойлаймын. Бірақ, айта кететіні бұл мүсін жөніндегі тағы бір ғалымдар тобы жасалу дәуірін тіпті тас дәуіріне апарып тірейді. Жарайды. Көзімізді қойып, көңіліміздің өзі көмескі көретін дәуірге бармай-ақ қоялық. Өз дәуірімізге жақын б.ж.д 2000 жылдыққа оралайық. Және, бұл заманның өзінде жасалған десек те «Тобыл ойшылының» ой көкжиегі тарыла қоймайды.
Б.ж.д 1900-1890 жылдары Бабыл патшалығы құрылды. Оның негізін салушылар семид халқы амероилар болатын. Олар ежелгі қос өзеннің шумерлер мен аккаттар қалыптастырып кеткен мәдениетін жалғастырушылар еді.
Троя қаласы бәрімізге таныс. Бірақ, оның бір ғана қала емес екенін біле бермейміз. Ол кіші Азиядағы Троада аралында орналасқан. Ғалымдардың зерттеуінше қала негізгі 9 қабаттан тұрады. Яғни, қала 9 рет құлап, қайта тұрғызылған. Гомердің «Иллиядасынан» оқыған, неміс кинорежиссері Вольфганг Петерсен экрандаған Троя соғысы өткен қала 9 қабаттың 7 қатпарында жатыр.
Яғни, б.ж.д 2000 жылдықтың басында «Тобыл ойшылы» жасалған болса, ол соңғы 5 Трояның құлап, қайта тұруына куә болған. Тарихтағы Ахилдың аты қалар соғыстан бұрынғы 2 Трояның жермен-жексен болғанында Тобыл жағасындағы ойшыл көкке қарап тәңірімен тілдесіп отырған болатын.
Мұса пайғамбар Мысырдан «құдайдың қалауы түскен халық» деп есептелетін яһудилерді бастап, перғауыннан қашып келе жатқан тұста, Мысырдағы Эхнатонның, Тутанхамонның, Рамсес ІІ-нің билігі кезінде, атақты Афина қаласының іргетасы қаланып жатқан тұста ойшыл мүсін аударылып-төңкерілген дүниенің ешқайсысына да назарын салмай, тек көкке қарап отырды.
***
Қос тізесін кеудесіне жинап, қолдарын тізесінің үстіне қойып, «мөлдіреген» көздерін көке қадап, шарасыз қалыпта отыр. Иә, оның көздері «мөлдіреп» тұр. Бізге белгісіз мүсіншінің шеберлігіне таңқалмасқа шараң қалмайды. Тіпті, бүгінгі күні жасалған Қостанай қаласындағы көшірмесі де, осыдан 4000-5000 жылғы мүсіншінің шеберлігін қайталай алмаған.
Әрбір рет қараған сайын бұрынғы қарияның айтқан аңызы келеді есіме. Қиямет күні болып, кіндігінен жусанға байланып, қабір басында шарасыз отырған бейбақты елестеді. Енді ешнәрсені өзгерте алмайтындығын, бәрі кеш екенін ұғынған жанның жанары. Және жалбарынып, жылап кешірім де сұрамайды. Күні түскенде ғана кешірім сұрауға тәңірінен ұялатындай.
Мүсінге қарап отырып, оның арғы жағындағы халықты көргің келеді. Осынша тәңір мен адам арасындағы ұяттылықты сақтаған қандай халық екенін білгің келеді. «Өлімнен ұят күшті». Бұл сөзді жер бетіндегі бірінші болып көк тәңірге сыйынып, мототейзмге алғашқылардың қатарында қадам басқан сенің жауынгер бабаң айтқан. Оның арғы жағында тіпті шумерге тән сөз болуы мүмкін. Ал, тәңір алдында беті қызару, жалпы «ұят» тәңіршілдіктің негізгі діңгегі. Бұл ойдың да арғы жағында баба шумердің ілімі жатса керек.
Шумерлер мифологиясында адамдар тәңір қанына иленген балшықтан жасалған деген түсінік бар. Бүгінгі діни түсініктің осыдан 4000-5000 жыл бұрынғы мифологияда аталғаны таң қалдырады. Шумерлер өздерін тәңірге құлшылық ету үшін жаралғанбыз және олармен біздің арамызда тығыз байланыс бар деп түсінген. Еңбегіміз арқылы құдайларымызды «асыраймыз». Оларсыз біз, бізсіз олар өмір сүре алмайды.
Шумерлердің ерте діни түсінігі осыған саяды. Яғни, олар өздерінің құдайларымен арадағы байланыстарын адамдар арасындағы байланысқа ұқсатқан. Ал, екі адамның арасындағы сыйластықтың ең үлкен дәрежесі – ұят. Шумерден қалған осы түсініктің тәңіршілдіктің негізгі қағидасына айналуы ғажап емес қой.
Мақаламызды сынайтындар болса, тәңіршілдік дінінің б.ж.д 2000 жылдықтың соңында пайда болғандығын алға тартар. Ал, бұл мүсін аталмыш мыңжылдықтың басында жасалған. Ол заманда тәңіршілдік туралы түсінік қайдан жүр дейтін болар.
Дәл осы «Тобыл ойшылының» екеуі табылған. Екі мүсін де дәуірлес болғанымен, бірінің қашау технологиясы нашарлау. Бірақ, екі мүсінде де мүсіншінің айтқысы келгені бір. Көкке қараған адам. Неге? Егерде «Тобыл ойшылының» прототипі ежелгі шумер ойшылы деп алсақ, олардың жазуы қалған тақтатастарында 50-ге тарта құдайларының аты сақталған. Олардың әрқайсысының мекендері мен иелігіндегі сөзі жүретін дүниелері бар. Әрқайсысы әр жерде. Бірі жер астында, бірі үстінде, бірі көкте. Осылай бола тұрса да, жасалған екі мүсін де неге көкке қарайды?
Әрине, біздікі болжамдар ғана. Бірақ, болжам білімге жетелейтінін ұмытпаған жөн. Мүмкін, «Тобыл ойшылының» көкке қараған жанарының ар жағынан бізге көктәңір туралы алғаш ойланған ойшылдың көзі қадалып тұрған болар. Осы мүсін тұрған залдың төрінде қос балбал бар. Кейде, жалғызсыраған ойшылды сол балбалдардың қасына апарып қойғым келеді. Екеуі ұзақ түндер әңгіме шертер еді. Егер тастың тілін білсем, сөздерін мен де тыңдар едім. Тек үндемей. Қариядан естіген мылжыңсың деген сөзді, бабалардан естігім келмейді.
«Музейде жылдам шаршайсың. Өйткені ол жердегі әр қадамың – бір ғасыр». Ал, «Тобыл ойшылы» тіпті мыңжылдықтарға сүйрейді. Біз сол тарихтың тереңіне сүңги алмай жүрміз. Көршілес Ресей ғалымдары «Тобыл ойшылының» көшірмесін алып, оны өздерінің Арқайым қорғанының символы ретінде қолданып жүр. Және, бұл мүсінді Арқайымнан табылған деп таныстырады және мақтанады.
Ал, біз түпнұсқа мүсін қолымызда тұрып, музейіміздің қақ төрінен күнде көріп жүріп, оған назар аудармаймыз. Әрбір музейге келген көрермен Пирамидалардың құрдасы, Ежелгі Бабыл хандығымен бірге жасасып, Троя қаласының құлаған дәуірінен де ерте заманда жасалған мүсінді көргенін мақтанышпен айтуға тиіс деп ойлаймын. Атақты Афина қаласынан да ескі, шумер заманынан сыр шертер мүсіннің біздің даламыздан табылып, оның Ұлттық музейімізде тұрғанының өзі кеудемізді кере мақтануға тұрарлық дүние емес пе?
Әмірхан айтпақшы, қазақ, шынында да біреуді мақтаса түбін түсіреді. Бірақ, шын мақтана аламыз ба?
Қария мылжың немересін мақтаншақ қылып тәрбиелегенінде әрқашан айтып отырар сөзі бар еді.
– Балам, мақтан! Мақтана бер! Өйткені, ешкім жаманын айтып мақтанбайды.
Мақтануға тұрарлық дүние болса, мақтанған не жетсін?!
Т. Раушанұлы