- Негізгі бет
- Әдебиет
- Дидар Амантайдың балаларға...
Дидар Амантайдың балаларға оқуға ұсынған 5 кітабы
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Тәуелсіздік бәрінен қымбат" атты мақаласында балалар әдебиетіне ерекше мән беріп: "Тіл игеру үшін балалар әдебиетінің атқаратын рөлі зор. Сондықтан қазақ қаламгерлерінің үздік шығармаларына қоса, балаларға арналған шетел жазушыларының да таңдаулы туындыларын аударып, көптеп басып шығаруды және таратуды қолға алған жөн", - деп атап өтті.
Биыл ҚР Мәдениет және спорт министрлігі "2021 жылды Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы" деп жариялады.
Кітап оқып, кітаппен дос болып өскен баланың қиялы ұшқыр, кез келген іске алғыр болады. Балаларға арнап шығарма жазу, үлкендерге аранап жазғаннан гөрі қиын. Балалр әдебиетінде дәлдік пен барлық сұраққа жауап беру талап етіледі.
Кейінгі уақытта "қазақ тіліндегі балаларға арналған кітаптар кітап дүкендерінде табылмайды" деген сөздер айтылып қалады. Осы орайда "Жазда балалар оқуы тиіс 5 кітап" айдарын қолға алып, еліміздегі белгілі ақын-жазушылар мен балалар әдебиеті қаламгерлеріне сауал жолдадық.
Бүгін Массагет порталы балалар әдебиетін және "2021 жылды Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылына" орай – "Гүлдер мен кітаптар", "Күзгі рандеву" сынды бірқатар шығармаларымен танымал болған белгілі жазушы Дидар Амантайдың "Жазда оқуы тиіс балаларға арналған 5 кітабын" ұсынады.
ІЗГІ ОҚЫРМАН КІТАПТАРЫ
Эссе
Қызық, кітап оқуға деген бала ынтасы біреуде кеш, біреуде ерте, жазумен қатар оянады. Өзгенің жазбалары өзіне де шабыт береді. Стильге айналған әдемі мәтіндер жан дүниесін баурап, тылсым құпиясына қол созады. Сөздің сиқырын ұғады. Бейнетінде – қымбатын табады. Қиыны құнын асырады. Ал бірақ, Ницше айтқандай, бағасы бардың, керісінше, құны да жоқ.
Сірә, табиғат заңдылығы болса керек, бала бір күні өзінен өзі оқуға құмарта бастайды, бұл құмарлық не бойдағы қасиеттен не өнегеден туындайды, әйтеуір бір қызығушылық оянып, ықыласы кетеді, құштарлықтың тегеурінді күші ересек жанрға қарай тартады, сүйіспеншілік, достық, махаббат тақырыптары шақырады немесе жан-жануар әлемін, тал-ағаш, өсімдіктер дүниесін танығысы келеді, кенет рухани кеңістігі қаңырап жатқандай, серік іздейді, жан сарайы сағынышқа толып кетеді, жетімсіреп қалады, қуанады, жұбанады, қапаланады, езу тартады, аталған сана-сезім толқынысы, тебіренісі кестелеп өрнек салғысы келеді, ән шырқап, әуенге ілескенді аңсайды, бір нәзік сезімдер көңілін билейді, жан тыныштығын бұзады, жүрек қылын шертеді, әсерге, күйге бөлейді, кітап адам баласын күштеп емес, күшпен алады, жақсылық, кісілік, ғашықтық күші, алдынан таңғажайып ертегі елдерінің қақпалары ашылады, кеніштердің жолы, сандықтың кілті табылады, өстіп, жас оқырман кітап әлеміне енеді. Кітап адамды ізгілендіреді, оқыған кісінің өңі де, ойы да, өмірі де – ізгі. Ынтық ынтызарына жетеді, сүйген – ғашық жарына. Әсілі, асқақ сезімдер, ұлы түсініктер үлгісі – кітаптарда. Романдар тазалықты, мөлдірлікті, шынайылықты жырлайды. Персонаждар қаһармандарға айналады, кейіпкерлер – геройларға. Мінез-құлқына, адамгершілік қасиеттеріне қарап, өзің де бой түзейсің. Үйренесің, жиренесің. Әдемі образ ойыңнан кетпейді, өзі де, көзі де, сөзі де – әсем. Еліктейсің, ұқсап бағып, ұсақ мінез, теріс қылықтарынан қашасың. Кітап – өренің, биіктің, дәулеттің белгісі. Ең бай адам – кітапханасы бай адам.
Көп оқыған – өзгереді
Талғамсыз оқып, танымыңды табасың, талғам сосын қалыптасады. Ойлаудың, сөйлеудің ұстазы – кітап. Кісі сыйлауды да үйрететін кітап. Кітап тілмен байланысты, тіл – ұлт мәдениетінің квинтэссенциасы. Әрі өмір сүретін кеңістігі. Тілде мағына да, мазмұн да қоныстанып отыр. Ол – болмыстың мекені. Тіл – бірінші анықтауыш. Жасыңда оқитын кітап көп, қартайғанда азаяды. Бірақ, қартаюдың белгісін кім біліпті. Біздің кітап, керісінше, қартайған сайын көбейіп келеді.
Таусылмасын.
Балаға (жасқа), әсіресе, қазақ баласына:
1) Абайдың “Қара сөздерін” немесе Махамбетті;
2) Байтұрсынұлы Ахметтің “Қырық мысалын”, не Әлихан Бөкейхан кітабын;
3) М. Әуезовтің “Абай жолын”, не Сапарғали Бегалиннің “Бала Шоқанын”, не Бауыржан Момышұлы туралы;
4) Кенесары жайлы не Ермұхан Бекмаханұлы монографиясын, не Ілияс Есенберлиннің “Қаһар” романын, не Медеу Сәрсекенің “Ермұхан Бекмаханов” деректі романын;
бесінші, не Мұқтар Мағауин “Шыңғыс ханың”, не Әбіштің “Аңыздың ақырын”, не Мұқағалидің “Реквиемін” (“Моцарт. Жан азасы”) оқуға ұсынар едім.
Бұл бес кітап – басы, әйтпесе, оқитын дүниелер көп. Бесеудің өзіне қаншама альтернатива бар. Қазақтың кемеңгер жұртын тегіс оқу керек. Бірақ біз жасалатын тізімнің бағытын нұсқадық. Енді бағдары – анық. Ұлт мүддесі. Ұрпаққа жүретін, аттанатын жолы – түсінікті. Алды – ұшан-теңіз білім.
Т. Раушанұлы