Бүгін белгілі жазушы, философ Дидар Амантайдың туған күні. Жазушының тың ой, соны пікірлерін жинақтап назарыңызға ұсынамыз.
ДИДАР АМАНТАЙ, жазушы: "Кез келген өнердің мұраты – атмосфера"
***
♦ Егер философия әлемді түсіндіруді (passive) қойып, белсенді әрекетке (active) көшсе немесе қоғамды өзгертуге кірісетін болса, онда бейбіт "даналыққа құштарлық" мәңгілік тақырыптар жайлы түйіндерден, метафизика-методология туралы терең толғаныстардан, зады, күйіп тұрған, өткір мәселелерді шешетін күнделікті немесе кезеңдік идеологияға айналады.
♦ Біз дербес жазбалардан, еркін мәтіндерден қалқадағы сол бір жарқын мұратты іздейміз. Тегіндегісін айтқанда, өнерде кісіліктен басқа мақсат жоқ.
♦ Кез келген өнер қоғамды ізгілікке шақырады. Заманына қарай, ар-ұят (мораль) өзгеріп отырады, құндылықтар (ценности) ауысады, мүдделер (интересы) алмасады, бірақ, адамды адам еткен кісілік қасиеттер (человечность, нравственность) ешқашан өзгермейді,
♦ Егер Сіз әдебиетке іс-әрекет құралы ретінде қарасаңыз, онда көркем туындылар күреске үндеген майдан парақшасына, плакатқа, декламацияға, тіпті, брошюраға, ал кітапхана жортуыл-жорыққа үгіттеген қызыл бұрышқа айналады. Әдебиет-өнер, философия-мәдениет бұл түсініктерден әлдеқайда кеңірек, әлдеқайда тереңірек деп ойлаймын.
♦ Әдебиеттің де, философияның да ықпалы сыртқы дүниені өзгертуге тура бағытталмайды. Кітап, мысалы, өзіңізді өзгерте отырып, әлемді өзгертеді десек нақтырақ болады. Яғни, адамның өзі өзгерсе ғана, оны қоршаған орта да өзгереді.
♦ Қазақстан – алдына қойған мақсаты анық әрі айқындалған мұраты бар, іргелі ел. Енді ақырындап кітапқа да көңіл бөлуі қажет. Демек, кітаптың насихаты кең ауқымдағы, мемлекеттік деңгейдегі іс-шараға айналуы тиіс. Жыл сайын кітап, кітапхана, оқырман күндері аталып өткені жөн. Бұқарат ақпарат құралдары кітап насихатын тұрақты жүргізуі тиіс. Мысалы, 1-қаңтардан 10-қаңтарға дейін Абай күндері, сосын, Әуезов күндері, кейін Махамбет, одан ары қарай Мұқағали апталығы деген тәрізді. Осындай бес жылдық жоспар жасалса, қандай ғанибет. Мұрасы, шығармалары теледидар арқылы көрсетіліп отырса, өмірінен деректер берілсе, сыншылар талас-тартысқа түсіп жатса, сөйтіп, ұмытыла бастаған көптеген қайраткер тұлғалар қайта түлер еді.
♦ Қазіргі заманда қазаның жиілігі, қатігездіктің өрістеуі, немқұрайдылықтың көбеюі ұлы романдарды оқымағандықтан, ғұлама персонаждарды танымағандықтан, қамқор образдарды білмегендіктен туындап отыр. Ұлы шығармалар адам бойына кісілік қасиеттерді егеді. Кітап адамды жанашырлыққа үйретеді. Кітап бала санасына жақсының ең жарқын қасиеттерін сіңіреді. Бүгінгі адамдар неге өзімшіл? Бір-бірінен жақсылық күтпейді. Өйткені олар материалдық игіліктің соңында жүр. Бар нәрсе ақшамен өлшенеді. Кез келген ойдың да, өлеңнің де, өмірдің де өлшемі – ақша. Бұрын кісі құнына ақша жетпейтін, қазір ақшаның құны адамнан артық. Кітап, сонымен қатар, ой-қиялдың, ақыл-ойдың кеніші.
♦ Әдебиет – тұлға жасайтын ұстахана. Ойландыратын (мәңгілік) кітап пен ойын-сауық (бір күндік) кітабының айырма-белгісі – өмір сүретін уақыттарының ұзын-кемдігінде. Ойлай білмегенге ойдың өзі қауіпті, өйткені ойдың табиғаты – еркіндік. Ойшылды шынжырлап тастасаңыз да, ойға кісен сала алмайсыз. Киіз туырлықты қазақ – көшпелі жұрт. Көшпелі халық ой табиғатын жақсы түсінеді, өйткені ойдың өзі – көшпелі. Түз дала перзенттері бауырмал, ағайынды, туысшыл келеді, Бір-біріне демеу. Демек, әр қазақ бар қазақтың қамын жеуі тиіс.
♦ Күнде өтіп жатқан уақыт, өсіп-өнген орта, үй-отбасы, дүние-мүлік, көзіміз үйренген зат-бұйымдар, әдетте, көріп жүрген тіршілік бояулары, таныс көше, айқын маршруттар, жұмыс орны, жатын бөлме, барып қайтқан ізіміз... туғаннан бастап өлгенге дейін қара басымызды қаумалап, қоршап жүретін шағын кеңістік – біздің сүріп жатқан өміріміз. Бізді ешқайсы таң қалдырмайды. Бүгінгі технология арқасында Жердің салмағын өлшедік, көлемін білдік, тіпті, тақауда Құс жолы да таразыға түсіпті. Мен адамзаттың ақыл-ойына таңғаламын. Кейде ұшаққа мініп, жерден көтерілгенде, бір қаладан екінші қалаға әуелеп сапар шеккенде таңғаламын. Адам қалай ғана темірді әуеде ұшырып қойды деп ойлаймын.
♦ Өнер, әрине, форма. Форма дегеніміз жазу мәнері. Сіздің көп оқығаныңыз қажет. Бірақ, жазған кезіңізде оқығаныңыз мәтіннен көрінбеуі тиіс. Алайда, оқығаныңыз жоғалып кетпейді, әдеби сауатыңыз жазу мәнерінен көрініп тұрады. Шығарманы бастау мен аяқтау – өте қиын. Форма жоқта, өнер де болмайды.
♦ Кез келген өнердің мұраты – атмосфера. Төл атмосферасын туғыза алмаған шығарма шынайы емес, оқырманды өзіне баурай алмайды. Атмосфера жазу мәнерінен туады, жазу мәнері болса, фальшсіз шығармадан жаралады.
♦ Шығармашылықпен айналысам деген адамға не үшін кітапты көп оқу керек? Себебі, жас қаламгер кітап арқылы стильдерді таниды. Өзін табады. Меніңше, өзіңізді табу үшін өзгені оқуыңыз керек. Оқудан жазу пайда болады.