- Негізгі бет
- Әдебиет
- Cүйінбай – достық...
Cүйінбай – достық дәнекері
Сүйінбай Аронұлы – Жетісу елінде дүниеге келіп, ақындық мектептің қалыптасуы мен түлеуіне бастау болған жыр сүлейі. Академик Мұхтар Әуезов Сүйінбайдың айтыстағы өнерін жоғары бағалап, "айтыс өнерінің алтын діңгегі" деп атаған.
Сүйінбайды достық дәнекері деп атаудың да түп-төркіні оның осы ақындығы мен айтыскерлігінде жатыр. "Сүйінбай сан түрлі саңлақ ақындармен айтысқан, соның бәрін жеңген, әсіресе, Сүйінбай мен Қатағанның айтысы адам таңғаларлық ерекше айтыс қой! Мені алғаш рет қырғыз еліне таныстырған да – осы айтыс" деген екен Жамбыл Жабаев жазушы Сапарғали Бегалинге айтқан естелігінде. Бұл аламан айтыстың қолжазбасы 98 беттен немесе 4472 тармақтан тұрады. Жамбыл Жабаевтың ауызынан жазып алынған.
Дәл осы Сүйінбай мен Қатағанның айтысынан кейін қазақ-қырғыз халқы арасында достық пен дәнекерлік пайда болып, Алатаудың қос қапталын мекендеген қос бауырлас халық қайта табысқандай болды. Оқиға былай болған. 1840-50 жылдары Жетісу маңында құрылған томаға тұйық хандық қозғалыс Шу жағасындағы қырғыз елін шауып, зәбір көрсеткен көрінеді. Осы оқиғадан кейін бауырлас халық арасында өкпе-реніш пен наз қалмасын деп, Ыстықкөлдің жағасында асыр салған жиын мен той өтеді. Ат пен ақын жарыстырып, туысқандық салтын қалпына келтірмек болады.
Осы жиында қазақтан шыққан Сүйінбай мен қырғыздан шыққан атақты Қатаған айтысады. Сөз сайысы басталмас бұрын Сүйінбай "Айтыспаймын деп айта алмаймын, айтысамын! Бірақ айтыстың аты айтыс, ақын барлық пенен жоқтықты, ата-текті, бектік пен көптікті, жамандық пен жақсылықты, әділет пен әділетсіздікті айтады. Қазақ-қырғыз болып елдесіп, татуласып отырғанда, ақындардың ащы сөзінен кейін тағы да араздасып жүрмеңдер!" деп шарт қойды би-манаптарға.
Бұл айтыста Қатаған манаптар мен бай-бағландарды мақтап, байлық пен сән-салтанатты, дарақылық пен бақ-дәулетті дәріптеген деседі. Ал Сүйінбай оның бұл дарақылығын сынап, ақындықтан алыстаған, байлыққа бас ұрған, беті ашық берекесіздік пен өшпенділікті мақтайсың деп сынайды. Өзі ұсақ тақырыптарға бас ұрмай, күрделі қоғамдық, таптық және елдік мәселелерді қозғайды. Оның арасында қазақ пен қырғыз арасындағы достықты жырлап, оны бәрінен жоғары көреді. Сүйінбай бұл айтыста қазақты біртұтас ұлт деп қарап, бөлшектеп, бөлектемейді. Ұлы жүздің даналығы мен Орта жүздің ерлігін, Кіші жүздің батырлығын жырлаған. Айтыс соңына қырғыз би-манаптары Сүйінбайды "айтыста жеңдің" деп бәтуа айтып, зор құрмет көрсеткен екен.
Осы айтыстан кейін қазақ-қырғыз бауырластығы артып, ел қамқорлығы күшейген деседі.
Туған елінің ары мен ұжданы, тәуелсіздігі мен бостандығы үшін күрескен, момын шаруаның мүддесін қорғаған, халықтардың достығы мен туысқандығын жырлаған азамат ақын Сүйінбайдың суырып салмалық күші – оның халықтық сипатында. Қарапайым, еңбекші халықтың арасынан шыққан өнер иесі болғандықтан, өзі де сол ұяны жақсы көрген.
Ақындықты халық пен қолында билігі мен күші барлардың арасында көпір деп танып, әрқашан елдің мұң-мұқтажын жырлау, соны жеткізуге тырысқан. Өлеңдері мен айтыстарында да, батырларға арналған жырларында да ағайынмен татулықты, береке-бірлікті, бір-біріне деген қаморлықты ту етіп жырлаған. Мәселен, "Ағайынмен тату бол" өлеңінде бұл өмірдің мәні – ағайынмен тату болуда екенін айтады.
Сақал қандай, шаш қандай, ұйысқандай,
Не күн туды басыңа жұлысқандай?!
Бір атым насыбайға өкпелескен,
Табыла ма тірлікте туысқандай! – дейді.
Сүйінбай ақын өмір бойы батырлардың ерлігі мен тағдырын жырлап өткен. Сұраншы, Саурық, Сыпатай, Ботбай, Өтеген, Бөлтірік, Тотан батырларға бөлек жыр арнаған. Батырлардың қаһармандығын жырлау арқылы қазақ халқының көрші Қоқан, Хиуа хандықтарымен, жоңғар шапқыншылығына қарсы күресін дәріптеді.
Қ. Слямбек