БүгінШотландия жұрты әйгілі қаламгер, әлем әдебиетіне Қазына аралы сынды жауһар шығарма қосқан жазушы, ақын Роберт Льюис Стивенсонның 168 жылдығын атап өтеді. Роберт Льюис Стивенсон (Robert Louis Stevenson, бастапқыда Robert Lewis Balfour Stevenson; 13 қараша 1850, Эдинбург 3 желтоқсан 1894, Уполу, Самоа) шотланд елінің атақты жазушыларының бірі және танымал ақыны, күллі әлем танитын қызық оқиғалы романдар мен повестер авторы, ағылшын неоромантизмінің ірі өкілідерінің бірі. Стивенсонның әкесі инженер болғандықтан баласын да ата жолын қууды қалаған. Ол 1867 жылы Эдинбург университетіне инженер мамандығына оқуға түскенімен, француз әдебиеті, шотланд тарихын оқи жүріп, заңгер мамандығына ауысады. Оны 1875 жылы бітіреді. Әдебиеттегі алғашқы жетістігі мен денсаулығының сыр беруінен кейін ол Еуропаны аралап саяхаттауға шығады.1880 жылы жазушыға құрт ауруы деген диагноз қойылады. Сауығуға ыңғайлы климат іздеп Швейцарияға, Францияның оңтүстігіне, Борнмутқа (Англия), 1887-1888 жылдары Нью-Йорк штатындағы (АҚШ) Саранак көліне барады. Бір жағынан денсаулығының нашарлауына, ішінара эссе үшін материалдар жинауға байланысты, Стивенсон әйелі, анасы мен баласын алып Оңтүстік Тынық Мұхиты аралдарын саяхаттайды. Олар Маркиз аралдарына, Туамоту, Таитиге, Гавайаға, Микронезияға және Австралияға барып, тропиктегі ұзақ уақытқа қоныс аударудан соң Самоа аралынан жер сатып алады. Ол өзінің қонысын Вайлим деп атайды. Аралдың климаты жазушы үшін жақсы болды: оның ең жақсы шығармалары Вайлимдегі кең плантациялық үйде жазылған. Солардың бірі Қазына аралы. Әдебиеттің классикалық үлгісі болып табылатын Қазына аралы (Treasure Island, 1883) романы жазушыны әлемге әйгілі етті. Роман Үнді мұхитының танымал қарақшысы, 1701 жылы өлтірілген Уильям Киддтің өмірлік тарихына негізделген. Бұл туындыда теңіз қарақшысы Флинттің елсіз аралда жасырған қазынасын іздеу жолындағы шытырман оқиғалар туралы айтылады. Роман алғаш рет 1883 жылы басылып шықты, 2011 жылы Астана қаласы Аударма баспасынан Қ. Дәуітов аудармасымен қазақ оқырмандарының қолына тиді. 1894 жылдың 3 желтоқсанында Роберт Стивенсон күтпеген жерден миына қан кетіп қайтыс болады. Ол Самоа аралындағы өз мекені Вайлимға жерленді. Кейіннен 1969 жылы Вайлимде жазушының мұражайы ашылды.