- Негізгі бет
- Әдебиет
- Бүгін – қазақтың...
Бүгін – қазақтың ағартушы ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыровтың туған күні
Бүгін – қазақтың ағартушы ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыровтың туған күні.
Қазақтың ақыны, ағартушы-демократы Сұлтанмахмұт Торайғыров (1893–1920) 28 қазанда Көкшетау облысы, Қызылту ауданында туған. 3 жасында шешесі қайтыс болып, 6 жасына дейін әжесінің тәрбиесінде болған. Кейін әкесі екі ұлымен Баянауылға көшіп, Торайғыр кентіне таяу жерге қоныстанған. Торайғыров алғаш әкесінен ескіше хат танып, 13 жасынан Мұқан, Әбдірахман, Тортай деген молдалардан дәріс алды.
1911 жылы жаңаша оқыған Нұралы ұстазының көмегімен қазақ, татар тілдеріндегі әдеби кітаптармен, газет-журналдармен танысады.
1912 жылы Троицкідегі Ахун Рахманқұли медресесіне түседі, бірақ мұнда бір жылдай оқыған ол өкпе ауруының зардабынан оқудан шығып қалады. Торайғыров енді медреседе оқуды қойып, орысша оқу іздейді, қала маңындағы елде жаз бойы бала оқытады. Осы кезден ақыңдыққа ден қойып, “Оқып жүрген жастарға”, “Тәліптерге” (“Шәкірттерге”), “Ендігі беталыс”, “Оқудағы мақсат не?”, “Анау-мынау”, “Мағынасыз мешіт”, “Жарлау”, “Досыма хат”, “Шығамын тірі болсам адам болып”, “Түсімде”, “Жазғы қайғы”, “Қымыз”, “Кешегі түс пен бүгінгі іс”, т.б. өлеңдерін, “Зарландым” атты ұзақ очеркін жазды. Осы тұста “Қамар сұлу” романын жазуды бастады.
1913 жылдың күзінде Троицкіге қайтқан Торайғыров “Айқап” журналына жауапты хатшы болып жұмысқа орналасып, “Өлең һәм айтушылар”, “Ауырмай есімнен жаңылғаным”, “Қазақ тіліндегі өлең кітаптары жайынан”, “Қазақ ішіңде оқу, оқыту жолы қалай?”, т.б. әңгіме, мақалаларын осы журналда жариялайды.
1916 жылдың күзіне дейін әуелі Катонқарағайда, кейін Зайсанда болады, орыс тілін үйренеді.
1916 – 17 жылдардың қысында Томскіде орысша оқиды. Өмірден көп қағажу көріп қажыған ақын арманына жетіп көңілі көтеріледі. “Шәкірт ойы” өлеңінде “Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болуды”, “Мұздаған елдің жүрегін жылытуды” армандайды. Осы тұста әлем әдебиетінің классикалық үлгілерімен, саяси кітаптармен танысты.
1917 жылғы ақпан айындағы төңкерістен кейін Семейде жаңа құрылған Алаш партиясы мен Алашорда үкіметінің жұмыстарына қатынасып, “Алаш ұранын” жариялады. Бірақ ауруы асқынып кеткендіктен оқуды да, жұмысты да тастап,
1918 жылы сәуірде еліне біржола оралады. Онда Колчак үстемдігінен кейін қайта жанданған совдеп жұмысына араласып, ел шаруаларының дау-шарларын әділ шешуге қатынасты. Осы тұста саяси-философиялық әдебиетті (Г.Ц. Плеханов, Н.Г. Чернышевский, т.б.) көп оқып, “Шал мен қызға”, “А, дүние”, “Жас жүрек”, “Сарыарқаның жаңбыры”, “Адасқан өмір”, “Кедей”, “Айтыс”, т.б. өлеңдерін жазды.
Ақын өкпе ауруынан 1920 жылы 27 жасында қайтыс болған.
Т. Раушанұлы