- Негізгі бет
- Әдебиет
- “Бесінші жатақхана” –...
“Бесінші жатақхана” – студенттік өмірге қойылған ескерткіш
Қарашаңырақ – әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетінде Айқын газетінің Алматы қаласындағы меншікті тілшісі, журналист, жас жазушы Абай Аймағамбеттің “Бесінші жатақхана” атты кітабының тұсаукесері өтті.
Кешті ақын, жазушы Жақсылық Қазымұратұлы жүргізді. Шараға ұстаздар, студенттер, оқырмандар және журналистер қатысты.
“Бесінші жатақхана” кітабы – автордың 2009-2013 жылдардағы басынан кешкен қызығы мен шыжығы мол әзілмен баяндалған шығарма. Кітаптағы кейіпкерлер де шынайы – автордың достары, айналасындағы студенттер мен ұстаздары.
Тұсаукесерде сөз алған факультет деканы Сағатбек Медеубекұлы: “Абайдың жаңа шыққан кітабы құтты болсын. Оның қаламы үшкір, тілі жеңіл. Ойдан құрастырып ештеңе айтпайды. Өзінің көрген-білгендерін жазады. "Жақсылық әнші болса" немесе “600 теңге ұтып алғанын" оқысаң да еріксіз езуіңе күлкі ұялайды. Студент кезде кітап шығару сирек кездесетін жағдай. Сен өз оқыған құт мекенің туралы кітап жазып, оны “Бесінші жатақхана” деп атапсың, құтты болсын”, - дей отыра кітаптың тұсауын кесті.
Осыдан соң сөз алған ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің профессоры Кәкен Қамзин: “Нобель сыйлығының лауреаты Орхан Памук те алғаш осы Абайдың кітабындай жұқа кітап шығарыпты. Көлемнен бастасақ Абай Орхан Памуктің деңгейіне жетті. Ары қарай дами беретін шығар, жетіле беретін шығар.
Оқып отырып күлесің, осындағы шәкірттерді еске аласың. Бәрі есімізде, ұмытпадық. Мына кітап – сол оқиғаларға қойылған үлкен ескерткіш. Дәл осындай кітапты әр курс шығарып тұрса, сонда журналистиканың мектебі, өсу жолы көрінер еді”, - деп авторға шығармашылық табыс тіледі.
Ақын Мұрат Шаймаран: “Әдебиетте болсын, журналистикада болсын мақтанышпен айтып жүретін буын болады. Абайлардың буыны – менің ұзақ уақыт сағынышпен ескі алып жүретін буыным. Өйткені осы буыннан көптеген талантты шәкірттер, журналистер шықты. Бәрі де қазақтың қаламы ұшқыр журналистеріне айналды. Журналистикаға 30-35 жасқа дейін жүгіресің. Одан арықарай саған да "мүйіз" шығады. Бас редактордың сөзін тыңдағың келмей, өз тәжірибеңді көрсетіп қаламыңды кеңейткің келеді. Біздің Абай сол жолды ерте тапқан. 5-6 жыл бұрын Абайға “Сен жазбаларыңды топтастырып бір кітап шығарсаңшы” дейтінмін. Ол “оның бәрі санамда, ойымда жүр” дейтін. Міне, сол арманына жетті. Абай студент болған кезден маған шәкірт емес, дос болған. Мына кітапты оқып отырып бұрынғы шәкірттерің көз алдыңа жылт ете қалады. Сағынышпен еске аласың. Абай мұнымен тоқтап қалмай үлкен көркем прозаға бет бұрып бара жатқан жігіт. Қаламың тоқтамасын, қазақты осындай жақсы дүниелеріңмен қуантып жүре бер” деді.
Кеш соңында оқырмандар автордан қолтаңба алып тарасты.
Т. Раушанұлы