- Негізгі бет
- Әдебиет
- Белгілі ғалым Тұрсынбек...
Белгілі ғалым Тұрсынбек Кәкішев үйіне ескерткіш тақта орнатылды
Бүгін Алматы қаласында әдебиеттанушы, қоғам қайраткері Тұрсынбек Кәкішевтің өзі тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатылды.
Аталмыш шараға зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, Тұрсынбек Кәкішевтің шәкірттері және т.б қатысты.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Жансейіт Түймебаев Кәкішевтің университет қабырғасында 60 жылдан астам қызмет еткенін айтты.
«Тұрсынбек ағамыздан бәріміз дәріс алдық. Оның шәкірттері Қазақстанда емес ТМД көлемінде өте көп. Ағамыздың өмірі қай жағынан алсақ та үлгі өнеге. Ғылымда өндіріп жазды. Сәкентанудың негізін қалады. Ұстаз болып қаншама ғылым докторларын дайындады, шәкірт тәрбиеледі. Университетке үздіксіз қызмет етті. Ағамыздың еңбегін насихаттау одан әрі жалғаса береді», - деді ҚазҰУ ректоры.
Белгілі ғалым Тұрсынбек Кәкішев үйіне орнатылған ескерткіш тақта
Ескерткіш тақтаны Тұрсынбек Кәкішевтің жары Күләш Ахметова әкімдік атынан Ғани Майлыбаев, ақын Нұрлан Оразалин ашты
Алматы қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаев ғалымның еңбегі бұдан кейін де дәріптеле беретінін айтты.
«Бүгін қуанышты сәттің куәгері болып отырмыз. Ағамыз Алматы қаласына қызмет етті. Қара шаңырақта білім беріп, шәкірт тәрбиеледі. Ағамыздың атын ұлықтау біздің міндетіміз. Шәкірттері ұмытпайды. Мына жерден қаншама адам өткен сайын тағзым айтатыны айдан анық. Ағамыздың есімі мәңгілік тарихта қалады», - деді Ғани Майлыбаев.
Ақын Нұрлан Оразалин бүгінгі белгі қалаға, тарихқа көрсетілген құрмет екенін тілге тиек етті.
«Ардақты алаш жұрты, айналайын алматылықтар! Халқымыздың 2 ғасырдағы астанасы болған, әлі де рухани астанасы болып келе атқан Алматы бүгін ерекше шуағын төгіп тұр. Кәкішевтің шәкірті болдық, дәрісін тыңдадық. Сол кісінің бағыт бағдарымен жүріп, халықтың алдындағы үлкенді-кішілі қызметіміз болса Тұрсекеңнің арқасында деп ойлаймын. Жалғыз мен емес Тұрсекеңнің алдын көрген, онымен иықтас болған, қасында жүрген кез келген қазақ осыны айтады. Өйткені мына белгі ұлы қаламыздың өткеніне ғана емес, жалпы алаш жұртының арғы-бергі тарихына, игі жақсыларына көрсетіліп жатқан құрмет деп ойлаймыз. Себебі, Кәкішев бүкіл саналы ғұмырын ХХ ғасырдың 20-жылдарындағы әділетсіздікті, 30-40-жылдардағы ақтаңдақтарды дереккөздермен ашып ақтап берді», - деді Нұрлан Оразалин.
Жазушылар Одағының Басқарма мүшесі, ақын Бауыржан Жақып Тұрсынбек Кәкішевке арналған өлеңін оқып берді
Айта кетейік, Тұрсынбек Кəкішев 1927 жылы 15 тамызда Ақмола облысы, Бұланды ауданы, Бөрлі аулында дүниеге келген. Әдебиет зерттеуші. Филология ғылымының докторы (1972), профессор (1973), Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері (1979).
Қазақ әдеби сынының даму жолдары, жиырмасыншы ғасырдағы қазақ әдебиетінің, оның көрнекті өкілдерінің шығармашылықтары хақында ғылыми ізденістер жасап, өнімді еңбек еткен.
«Қазақ әдебиетінің тарихы» (3-т., 1–2-кіт., 1967), «Қазақ совет әдебиетінің тарихы» (1970, Мәскеу, орыс тілінде), т.б. іргелі еңбектерді даярлап, жазысуға қатысты. С.Сейфуллиннің өмірі мен шығармашылығы жөнінде ғылыми зерттеулер жүргізді: «Сәкен Сейфуллин» (1967), «Қызыл сұңқар» (1968), «Сәкен Сейфуллин» (Мәскеу, ЖЗЛ, 1972, орыс тілінде), «Сәкен Сейфуллин» (1976), «Сәкен және Гүлбаһрам» (1994), «Сәкеннің соты» (1994), «Сәкен Сейфуллин» (1997), «Тар жол, тайғақ кешудің тағдыры» (К.Ахметовамен бірге, 1997), «Сәкен сүйген сұлулар» (1997), «Мағжан-Сәкен» (2000), «Сәкен аялаған арулар» (2003) деген он шақты кітап жазды.
Қазақстан Жазушылар одағының С.Сейфуллин атындағы сыйлығының иегері. Халықаралық жоғары мектеп ғылым академиясының құрметті академигі, Халықаралық Айтматов академиясының академигі. «Парасат» орденімен және бірнеше медальдармен марапатталған.
Т. Раушанұлы