Ел арасында, оқырмандар ішінде Дулат Исабеков, Бексұлтан Нұржекеев және Төлен Әбдіктің достығы туралы әңгіме көп. Ол туралы «Дулат Исабековтың аннекдоттары» кітабында да біршама айтылады. «Исабеков әлемі» фестивалінде Бексұлтан Нұржекеевпен тілдесіп, олардың достығының сырын сұрап білдік.
– Бүгінгі Дулат Исабековтың фестивалі туралы ойыңызды айтсаңыз?
«Исабеков әлемі» деген фестиваль Дулаттың 70 жылдығында да болған. Ол кезде жаңылмасам 12 театр қатысты. Ал, қазір 6 театр қатысып отыр. Оның ішінде 3 театр шетелден келді. «Исабеков «әлемі» дегенде қандай әлем деген сұрақ туады? Бұл – қазақтың әдебиетін, мәдениетін шетелге танытатын әлем. Дулаттың пьесаларының шетелге шығу жолын өзіміздегі Лермонтов театры бастады. Кейін Мәскеуде қойды. Мәскеуден кейін Ұлыбритания сахналады. Оңтүстік Кореяға барып «Мұрагерлерді» қойып келді. Енді сексенге келгенде жазған «Бөрте» пьесасын Түркістан драма театры сахналады, оның қоюшы режиссері италиялық. Олар Дулатты шақырып Италияда қоямыз деп отыр. Аустралия сахналап жатыр. Бұның бәрі Исабековтың жазушылық деңгейімен қатар, қазақ әдебиет-мәдениетінің де деңгейін білдіреді. Бұл – Дулаттың өзіне де, халқына да, қазақ әдебиетіне де үлкен қуаныш. Бұл – үлкен жетістік. Мысалы, біз үлкен ағаларымызды мақтадық. Бірақ олардың ешқайсысының шығармасы шетелде сахналанған жоқ. Ол түгіл өзіміздегі Лермонтов театры Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқановтарды қоя бермей-тін. Қою үшін Қазақстан орталық партия комитетінің қаулысымен қойдыратын. Ал, қазір тәуелсіздіктің арқасы және Дулаттың әдеби-мәдени дәрежесі. Біздегі драматургияның биік дәрежесі. Қазір әлемнің өзінде жазылмай жатыр. Драматургтер құрып кетті. Азайып кетті. Осы кезеңде қазақтағы драматургияны ұстап тұрған Дулат, оның пьесасы. Бұның бәрі сексенге келіп отырған Дулат ағаларыңның еңбегі, жемісі. Бұндайға қуану керек. Мақтану керек.
– Дулат Исабеков бір кездескенде: "Менің Бексұлтан мен Төленнен бір артықшылығым бар. Олар мықты жазушы, дау жоқ. Бірақ менің артықшылығым – олар үйінде шам күйіп кетсе, соны өз бетінше ауыстыра алмайды. Ал мен ауыстыра беремін" деген еді.
– Ол өзі монтер. Мамандығы сондай. Бізде ондай артықшылық жоқ. Дос болу дегеннің өзі үйлесім. Оның мінезі, деңгейі, әдет-ғұрпы, таланты бірдей болса ғана дос болады. Мысалы, сен академиксің. Барып қойшы ағамызбен дос бола алмайсың ғой. Академик теоромаларды айтады, анау оны түсінбейді дегендей. Адам түсінісу үшін сыйласа білу керек. Сыйласа алудың өзі үлкен білім. Сондықтан, өзі айтатан артықшылығы – монтерлігі рас әңгіме.
– Қай уақыттарда кездесіп, дос болдыңыздар?
– Төлен екеуміз бірге оқыдық. Олармен дос болғанымызға 52 жыл өтіпті. Мен 1969-жылы елге барып мұғалім, комсомол комитетінің І хатшысы болып, кейін қайта оралдым. Келсем Дулат пен Төлен дос болып жүр екен. Үшіншісі болып мен қосылдым. Сонда, 1970 жылдан бастап Дулат досым болып келе жатыр. Жарты ғасырдан асты. Осынша уақыт сыйласып, бірге жүру, үй ішіңмен араласу деген адамның бақыты. Оның Мерей деген немересі менің үйімнің қасында жұмыс істейді. Ол қашан да "аталап" амандасып тұрады. Соны көріп Дулатты көргендей боламын.
– Дулат Исабеков шығармаларында сіздерді қатты әзілге айналдырады. Өмірде де қалжыңы жарасқан достарсыздар ма?
– Әзіл деген адамның бір жақсы мінезі. "Аузында әзілі жоқтың қолтығында қолшоқпары бар" дейді қазақ. Ондай адамдар ұр да жық, қалжыңды түсінбейді. Әзіл деген бір-біріңді еркелету. Оның несі жаман.
– Сіз де Дулат Исабеков те әйел тақырыбын жаздыңыздар. Шығармашылықтарыңызда үндестік бар. Сізге Дулат Исабековты бір ауыз сөзбен қандай жазушы екенін айтыңыз десе, не деп жауап берер едіңіз?
– Бір-ақ сөзбен талантты жазушы дер едім. Ол тақырыпқа байланысты емес, әрине. Нағыз талант! Өмірде "мен талантпын!" деп өркөкіректенетін талай жазушы бар. Ал, Дулатқа оның нағыз талант екенін қазақ елі ғана емес басқа халықтар да айтып отыр.
Дулат Исабеков: "Шыңғысханның 500 әйелі болды, бірақ тарихта Бөрте қалды"
– Әңгімеңізге рахмет!
Айта кетейік, ҚР Мемлекеттік және платиналы "Тарлан" сыйлықтарының лауреаты, жазушы-драматург Дулат Исабековтің 80 жасқа толған мерейтойына орай ІІ халықаралық "ИСАБЕКОВ ӘЛЕМІ" атты театр фестивалі өтіп жатыр. Аталмыш шарада Аустралия, Түркия, Грузия сынды мемлекеттен келген театрлар автордың шығармасын қояды. Сонымен бірге, еліміздің үш театры жазушының меройтойына байланысты пьесаларын сахналайды. Бұған дейін Массагет порталы автордың өзінен сұхбат алған болатын.