Бауыржан Бабажанұлы. Әділ Ботпановқа хат

Ассалаумағалейкум, Әділ!
Ертең – сенің туған күнің! 50 жас...
Іздеп барып құттықтауға өзің, барып, Құран оқуға молаң жоқ...
Жүректі жылытып тұратын бір үміт бар еді, ол да жыл өткен сайын жіңішкеріп барады...

Өзің болғанда, бәлкім, Қызылорданың аптабына шыжғырылып, тойда отырар ма едік. “Жалын” журналында топтама өлеңіңе алғысөз жазып, сәттілік тілеген Ұлықбек, небары 17 жасыңда жырларыңды “Қарлығаш” атты ұжымдық жинаққа енгізген Байбота, сен мойындайтын аз ақынның бірі Есенғали, әр қадамыңа қуанатын Мәди ағаларым төрге жайғасар еді-ау. Солардың бәрін күтіп алып, қарқылдап күліп, Шәкизада ағам жүрер еді. Маралтай, Жарас, Батош, Қазыбек, Сағындық бәріміз тістесіп, тебісіп, қатар отырар едік.

...Светқали жездем жазғандай, Ғайып-Еренге айналдың.
Қарап отырсам, өміріңнің бәрі жұмбақ екен. 
Бірге түскен суреттеріміз сақталмапты. Бары да бұлыңғыр. 

1990 жылы шығуға тиіс кітабың араға ширек ғасыр салып барып шықты. “Бауке, кітабын шығарайық…” деп мені қамшылаған Маралтайға, тегін шығарып берген “Қазығұрт” баспасының директоры Темірғали Көпбаев ағамызға Алланың нұры жаусын. 

Сол кітаптың Алматыда өткен тұсаукесерін таспаға түсірген жігітке беретін дәл сол кезде ақшамыз болмай қалып, кейін оны таба алмадық...

Маралтай Қазақ радиосында менің сен туралы материалымды негізге ала отырып, ғажап хабар жасап еді, дискісі аяқастынан жоғалып кетті. Компьютерде сақтап ем, бір вирус түскенде ол да кетті. Маралтайда да, ағаңның үйінде де сақталмапты...

Сен жоғалып кетіп, үй ішің жаппай іздеу салып жатқанда әкеңе арнаулы қызмет орындарынан адам келіп, «сенің арнайы тапсырмамен шетелге кетіп, екі жылдан кейін қайта оралатыныңды, әзірге ешкімге тіс жармау керектігін...» ескерткен. Дабыра көбейе берсе, баламнан мүлде айрылып қалармын деп әкең іздеуді доғарыпты. Екі жылдан кейін барса, әлгі адам «Әнуарбек ақсақалды мүлде танымайтынын, араларында мұндай әңгіме болмағандығын, тіпті бұл кісіні бірінші рет көріп тұрғандығын» айтқан. Бұны айтқан әкең де қазір Құдайдың дәргейіне кетті...

Интернет арқылы сені үнемі іздеп отырамын. Бірде Екатеринбург қаласындағы бір мекеменің жарнамасынан «Менеджер Ботпанов Адил Ануарбекович» деп шыққанда дереу біреуге звондатып ем, “Бізде ондай қызметкер істемейді” деген жауап алдық. Кейін әлгі жарнама да жоғалып кетті...

Шешуі бір Алланың қолындағы жұмбақ көп...

Бірінші курста біз ұлы ақын санайтын Мұхтар Шахановты жоққа шығарып, “Қадырға қарағанда, Тұманбай ақындау. Өйткені онда сезім бар…” деп тұжыратын саған үрке қараушы едік. “Қадырда схематизм басым…” — дейтінсің езуіңді қисайтып...
“Біздің поэзия мүлде басқа деңгейге көтерілуі керек…” — дейтінсің көк түтіннің арасынан көзің сығырайып...
Айтпақшы, сен: “Сізге осы өлең жазуды қою керек қой…” деп “үкім” шығарған біраз жігіт содан кейін қолына қалам алған жоқ...
Жатақханаға бірінші курстың студентін іздеп келетін Жарасқан ағаң да, өзің “ен салған” “бақталасың” Әмірхан да жоқ бүгінде...
Есесіне, сенің өлеңдеріңді жатқа оқитын жастар бар. Біразы сен боламыз деп, бұралаң жолға түсіп барып, әрең ес жиды...
Өз арамызда Әділжанға жиі оқытамыз өлеңіңді. Айтпақшы, бірнеше жыл бұрын курстастар дәл сенің туған күніңде жиналдық. "Вешіріміз" сенің өлеңіңмен басталды...
Меруертің ұзатылғанда да жан жарың Гүлсім мен ұлың Ақназардың жанында курстастарың жүрді.

Солай, Әділ.

“Түптің түбі тірі-өліден безініп,
Жалғыз мола жерленетін шығармын…” – депсің бір өлеңіңде. Сол молаңды да таба алмай қор болдық қой...

“Ол келеді…” – деп өлең жазды Елубай досың. Сол айтқандай, шынымен келер ме екенсің...

Келсең... сабар едім. “Оң жақ самайдан бірді қой, сол жақ самайдан бірді қой, қақ тұмсықтан бірді қой. Құламаса, Құдай ұрды ғой…” деп Әмірхан айтпақшы, ондай атты күн туса, бір “мүйіз шайқастырып” алып, жиырма жылдан бері ұмытқан “суатқа” бірге құлар едік, ә? 

...Айтпақшы, Қызылорда жақтан хабар жоқ. Филфакта қатар оқыған бауырың Руслан Рүстемов – облыс әкімінің орынбасары. Жарты құртты бөліп жеген досың Аманжол Оңғарбайұлы “Сыр-Медиа” дейтін дүмді мекемені басқарып отыр. Беделі “...айқайласа, Әлім-Шөмен бір-ақ уыс болатын” Алмат атаңнан бір кем емес Шәкизада ағам бар, мерейтойың елеусіз қалмайтын шығар. Өзің болмасаң да, есімің жас ұрпақтың құлағына сіңе берсе, деген тілек қой біздікі...

Сол тойдың үстіне өзің келсең, қызықтың көкесі сол болар еді-ау... 

Әумин дейінші.

Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ,
22.07.2019