Бақыткүл Сәрмекова: "Кітабым Лондоннан "Ақындары құрысын" деген атпен шығады"

Бақыткүл Сәрмекова: "Кітабым Лондоннан "Ақындары құрысын" деген атпен шығады"
Фото: жеке мұрағат

Жақында жазушы Бақытгүл Сәрмекованың Лондон баспасымен келісімшартқа отырғаны туралы отандық БАҚ беттерінде хабар тарала бастады. Мұның анық-қанығын білу мақсатында жазушының өзіне хабарласып, шығармашылық өмірінен сыр тартып сұрап көрдік.

***

– Лондондағы Tilted Axis Press баспасымен келісімшартқа отырыпсыз, құтты болсын. Осы туралы толығрақ айта кетсеңіз, қалай болды? Алдағы уақытта бір кітабыңыз шыға ма әлде көптеген кітабыңыз шыға ма? Гонорар жағы ше?

– Келісімшарт жұмысын жақында ғана аяқтадық. Ағылшын баспасы он жылға To hell with poets ("Ақындары құрысын") деген атпен кітабымды шығарып, сатумен айналысатын болады. Алғашқы қаламақым шетелден келетіні көңіліме қуаныш ұялатып, әрі масаттанып тұрғанымды жасырмаймын. Келісімшарт бойынша біржолғы қаламақы екі мың фунт стерллинг беріледі. Әр мың кітап сатылған сайын сегіз пайызын және төлеп отырады. Негізі бұл мен үшін үлкен жетістік, бұған дейін біздің елде жазушылар мұндай жетістікке жетті ме жоқ па білмеймін.

– Шетелдік баспамен қарым-қатынас орнатып жатырсыз, енді өзіңізді толыққанды жазушы деп есептейсіз бе?

– Өзімді толыққанды Жазушы деп есептеуге әлі сенімді емеспін, мүмкін талантыма бағым сәйкес шауып тұрған жолым болғыш жазушымын.

– Біздің қаламгерлерге шетелде шығармасын жарнамалау, жариялау жетіспейді? Оның себебі неде деп ойлайсыз? Шетелдік баспамен келісімшартқа отыру соншалықты қиын шаруа ма? Әлде бізде шетелдік оқырмандар оқитын шығарма жазылмай жатыр ма?

– Біздің қаламгерлерге не жетіспейтінін білмеймін, еріншектік деп айтпас едім. Себебі, еңбектеніп, ізденіп, жазудың жолына түсіп жүрген жазушылар да бар ғой. Шетелге шығуға көпір болатын аудармашылар жетіспей тұрған шығар. Мүмкін біздің елде бағаланатын құндылықтар мен батыс елдеріндегі бағаланатын құндылықтар әртүрлі. Мысалы, менің жазғандарым біздің оқырмандар арасында аса бағаланған жоқ, қарабайыр, тәрбиелік мәні жоқ жай шатпақ деп айтып жүргендер көп. Айтса айта берсін, мен де бір пәлендей уақытым кетіп, еңбегім сіңіп жазғаным шамалы, жай хобби ретінде ойымдағыны жаздым ғой. Өнер деген жалпы түсініксіздеу сияқты. Пикассоның түсініксіз суреттерін әлем таңдай қағып тамашалағаны сияқты шығар.

Шетелмен қарыс қатынас орнату мен үшін аса қиын болған жоқ, жолым болғыш дедім ғой жаңа. АҚШта тұратын әдеби аудармашы Миргүл ҚАЛИ бағыма қарай кезіккен жақсы адам болды. Өзі ұсыныс тастап кітабымды аударуға кірісті. Негізі аударуға кітап та жазушы да көп қой бізде. Бірақ таңдауы маған түсуі демек, шығармаларымнан жақсы бірдеме байқаған. Өзі айтып еді «Аударып отырып, бір шығармаға қайтып келген кезде жаңа бір нәзік түйіндерді көремін шығармаңыздан, астында бір нәзік нәрселер жатады» деп. Бірақ мен аса бір мән мағынамен жазбадым. Оқырман шығарманы әр қырынан көріп, шығарма оқыған сайын түрлене түссе демек жүрекке жететін күшті шығарма болғаны. Миргүл шығармаларды аударып бастағанда ыңғайсыздандым, себебі аударма қызметі қымбат екенін білемін, оны төлеуге менің шамам жетпейді, босқа уақыты кетеді ме алаңдағам. Бірақ Миргүл өзі аудармалардың жетістік әкелетініне, табыс

беретініне сенімді болды. Оның үстіне қазақ әйел жазушыларына сіңірген бір жақсылығым болсын деген ниеті де болған сияқты. Сеніміміз ақталды. Pen America аударма грантын ұттық, артынша Лонданның Tilted Axis Press баспасымен келісімшартқа отырдық.

Бұндай жетістікерді мен жолым болғыштығынан деп есептеймін, ал біздегі әдебиетші қауым не үшін екенін өздері де, сіз де түсініп тұрған шығарсыз, қайта-қайта мақтана бермеймін.

– «Нарыққа ілесе алмай қалған ақын-жазушыдай "сорлы" адамды көрмедім» деді жазушы, баспагер Арман Әлменбет. Бұл сөзде белгілі бір дәрежеде шындық бар. Неге олай деп ойлайсыз, қаламгерлер неге осы заманның көшіне ілесе алмай қалып жатыр?

– Нарыққа лесе алмайтын, еріншек, ізденбейтіндердің бірі менмін. Аз оқимын, сирек жазамын, әдеби жаңалықтар назарымда емес. Сондықтан бұл жерде аса жарытып ештеме айта алмаймын.

– "Базарда іш-киім сатып, тып-тыныш жүрген мені ағылшындар нағылсын" депсіз? Сонда қазіргі жұмысыңыз базарда ма? Сізді мемлекеттік қызметкер деп естіп едік?

– Иә, мемлекеттен қызметтен кеткеніме төрт жылдай болды. Ол жерді өз потенциалыма сай емес деп шештім. Өз күшімді, қуатымды өзім үшін жасағым келіп кәсіпке кеттім. Қазір іш киім сататын Атырауда дүкенім бар, сол жердемін, табысым да әлдеқайда артық, әрі кеткен күшім уақытым өзімнің игілігім, өзімнің табысым үшін жұмсалып жатыр.

– Мемлекеттік қызмет пен жазушылық бір-біріне кедергі келтірмей ме?

– Мемлекеттік қызметте жүргенде шығармашылығымда шарықтау болды. Шығармаларымның ең көбі сол кезде жазылды. Ешқандай да кедергі болмады. Жалпы ынта талап болса ештеме де кедергі емес. Бірақ қазір неге жазбай жүргенімді өзім білмей жүрмін. Жақсы идеялар бар, демек үлкен шығармаға дайындалып жүрген болармын.

– Шығармаларыңыз қысқа-нұсқа, бірақ айтар ойы бар. Әсіресе "Ақындардан жеріну", "Түйебай", "Қарегер тай" әңгімелеріңіз бүгінгі қоғамның тамырын дөп басыпты. Бұлар Чеховты еске салады. Шығармашлығызға Чеховтың тигізген әсері бар ма? Жалпы, қандай жазушыларды жоғары бағалайсыз?

– Чеховтың ізі бар жегенді жиі естимін. Бірақ мен кітапты өте сирек оқимын. Мен ол әңгімлерді жазғанда Чеховты оқымағанмын десем сенесіз бе? Кейіннен бәрі айта бастаған соң Чеховты оқып бастадым. қарапайым тілмен Адам жанын сыздатып түсер қасиеті бар екен. Жалпы жазу мінезге сай шығатын болар. Мені жақсы танитын мінезімнің жазуым сияқты шымшыа алатын қисықтау, үнемі біржақты пікірмен шектелмейтін либерал көзқарасты адам екенімді біледі. Өз қалауыма, пікіріме адалмын деп айта аламын. Бізде адалдық дегеннің шкаласы басқаша ғой, менде мысалы басқаша. өзімнің қалауым үшін Кітапта жазылған ала жіптен аттамау деген үғымдарды аттап жүре беруім мүмкін, мысалы. Менің қалауымнан, ішкі ұғымдарымнан ешкімге зиян келмесе ғана болғаны.

– Алдағы шығармашылық жоспарыңызбен бөліссеңіз?

– Алдағы шығармашылық жоспарым дейтіндей жоспармен жүретін пунктуальный адам емеспін. Былай қалағаным, ойлаған ойларым жүзеге асып кететін жолым болғыш адаммын. Қазір базарда іш киім сатып жүргенім де босқа емес екенін, құдайдың осы жолға әкеліп тастағанын кездейсоқтық емес шығар деп ойлаймын. Базар қайнаған өмір, әсіресе әйелдер көп жүретін жер. Талай мінез бен талай тағдыр бар, ішімнен бәрін түйіп байқап жүрмін,біздің қоғамдағы әйелдер бейнесін жасап шығаратын үлкен шығарма келуі мүмкін. Жалпы, менен оқырман қазақ әйелдерінің аппақ, қайсар, үлгі болар бейнесін сомдайды күтпесе екен. Мен өмірді қалай көремін, сол күйінде жазамын. Осы "Ақындары құрысын" деген атпен шетелден кітап шығарғалы жатқанда кері пікірлер де айтылды, әлемге таныстыратын кітаптың атына абай болған жөн, өз-өзімізді мазақтап, басқаларға аймаңдай қылғаннан не ұтамыз дегендей. Қазақты қастерлейтін, батыр өр тұлғасын сомдайтын том-том кітаптап, шығармалар бар ғой, соларды таныта бере берсін, ал мен өз жолыммен жазғым келеді. Қоғамның үлкен миссиясын арқалағым, мойыныма үлкен жауапкершілік алғым келмейді.

– Әңгімеңізге рахмет!

Т. Раушанұлы