Қазақ әдебиетінде қандай жанрлар дамымай жатқанын Массагет порталы еліміздегі ақын-жазушы, сыншылардан сұраған болатын. Бұған дейін белгілі жазушы Өміржан Әбдіхалықұлының жауабы – "Бізде драматургия қартайып бара жатыр" деген тақырыппен жарияланды.
Бағашар Тұрсынбайұлы, сыншы: "Қысылмай айта жүрейік..."
Жұмабай Шаштайұлының "Шал мен жылқы" повесін оқыған соң Әбіш Кекілбайұлы: "Жақсы материалды қор қылыпсың. Роман болатын дүние ғой" депті. Менің түсінігімде, бұл тамаша шығарманы Әбіш мазмұнына қарап бағалап тұр. Кекілбайұлының танымында мазмұн роман жанрына жүк болатындай салмаққа ие. Ең басты дүние – мазмұн. Жанрды да осы – мазмұн айқындайды. Біз әлі күнге көлеміне қарап, "жанрды" айқындай саламыз. Мазмұн біз үшін кейінгі кезекте. Әңгімені осы тұрғыдан айту керек сияқты.
Бізде кенже қалып келе жатқан жанрлар (ішкі жанрлар) өте көп. Немесе бір кезеңдерде жап-жақсы жазылып, қазір жазылмай қалған, жазушысы табылмай жатқан жанрлар да бар. Оларды қайда қоямыз? Я оларға нендей ат қоямыз? Мен екі-үш мысал ғана айтайын.
Мысалы бір ғана эпиграмманы алайық. Абайдан бастап Жарасқанға дейінгі аралықта қаншама ақын жазды. Бірақ Жарасқандай классикалық үлгіде жазған ақын және болған жоқ. Содан кейін бұл жанр тоқтап қалды. Олжас Қасымның жазғандары бар. Бірақ Олжас айтатын қырларын тапқанмен, дәл жеткізе алмай жүр. Бұл бүгінге өте керек жанр. Мазмұны "бай" қаншама кейіпкер шықты. Осы кезде бір оқылымды әдеби жанр сол болар еді.
Поэма туралы да осыны айтуға болады. Біздің ақындармыз (жас дейікші) жанр қағидаларын қатаң сақтамайды. Қазір өзі жанр жанрмен араласып, шекаралар бұзылып кетті ғой. Мен ол тұрғыдан айтып отырған жоқпын. Жазған шығармасының жанрын айқындау жағынан айтамын. Мирас Асан "Домбыра" деген поэма-понорама жазды. Поэма-понорама деген жанр жоқ өзі. Бірақ ақынның айтып отырғаны мазмұн тұрғысынан публицистикалық дүниенің жүгі. Әйтеуір "атасы өлең ғой" дегендей, атай саламыз.
Қойшыбек Мүбәрактың әңгімелерін оқып, мистик жазушы деп айдар тақтық. Мистикалық элементтер бар әңгімелердің бәрін мистикалық прозаға жатқызу салуға болмайды. Жазушының "От ару" деген кітабында әруақтар көп болса да, ол жинақты мистикалық проза жемісі деп айтпас едім. Қойшыбек Мүбәрактың "Сәулетші" сияқты әңгімесін жанрына лайық, жақсы шығармаға жатқызар едім.
Фэнтези, ғылыми фантасика жанрларының да элементтері кезіккенімен, толыққанды осы жанрларды жеке дара иемденген жазушы жоқ сияқты. Бәлкім, бар. Мен кезіккен жоқпын. Мақсат Мәлік пен тағы бір қыз баланы білемін (Атын ұмытып қалдым, кешірім өтінем). Бірақ ол жазушылардың әңгімелерін толыққанды фэнтези деп айта алмаймыз.
Өзге де жанрларды басқа кісілер айтар. Ал жоғарыдағы "қор болған материал" деген Әбіш сөзі ойымнан еш кетпейді. Роман болуға лайық материал роман болмай қалғаны жақсы мағынасындағы қор болған дүние ғой. Ал роман болуға, тіпті, әңгіме болуға да татымайтын материалдар роман, әңгіме боп басылып жатыр ғой. Міне, солар сізді уайымдатып отырған жанрларды дамытпай отыр. Ондай шығармаларды да қысылмай айта жүрейік.