Азамат Әбілқайыр есімі қазіргі таңда оқырман арасында жақсы таныс. Өзінің лирикалық өлеңдерімен көпшіліктің ықыласына бөленген ақын кейінгі уақытта балалар әдеиетіне де қалам тербеп жүр. Массагет порталының тілшісі ақынмен шығрмашылығы, бүгінгі поэзия туралы сұхбаттасты.
– «Сурет – бұл көретін поэзия, ал поэзия – тыңдайтын сурет» дейтін да Винчидің атақты сөзі бар. Әкең суретші екен. Поэзияға жақындығың да содан болса керек. Жалпы, өзің жайлы айта кетсең?
Иә, дұрыс айттың. Жалпы шығармашылық адам болуыма әкем мен туған ағамның ықпалы өте зор болды. Әкем, Қанат Өтенов – кәсіби суретші. Өнер адамы. Әке бойындағы суретшілік таланты туған ағама көшті. Ағамды бала кезден бейнелеу өнеріне бейімдеді. Бүгінгі таңда ағам Қуат Әбілқайыр да – шығармашылық адамы, бейнелеу өнері маманы. Әкеміз 1970-інші жылдары Алматыда білім алды. О кезде Алматыда оқу деген қандай еді, шіркін?! Сол уақытты әкем сағына еске алады. Үнемі айтып отырады. Өзінің айтуынша, Алматыдан Ақтөбеге келгенде бір бөлмені алатын шкаф кітабы болыпты. Қызметімен көшіп-қонса да, ешбірін тастамай алып жүрді. Әдебиет, мәдениет, тарих, музеология, қысқасы әртүрлі жанрдағы кітаптар болды. Әлі де сақтаулы тұр. Соны парақтап, қызықтап отыратынбыз. Бүгінгі таңда менің де, ағамның да жеке кітапханамыз бар. Ол да әкенің өнегесі шығар. Кітап демекші, анам – өте оқымысты жан. Осы сөз өнері анамнан дарыған ба деймін кейде. Себебі ол – нағыз ділмар, шешен кісі. Егер маған анаң жайлы айт десеңіз, көз алдыма күйбең тірліктен қолы қалт еткенде үнемі, үзбей кітап оқып отырған адам келе қалады. Бала кезде әкем мен анам екі бұрышта үнемі газет, кітап оқып отыратын. Осындай тегінен оқымысты, білімге құштар аяулы жандар бойымдағы сөз өнеріне деген қабілеттің сәулесін жаққан шығар деймін.
– «Азамат асылзат өнердің шын бағасын сезе алады, сезіне алады. Сол үшін де ұлы сапардың жолаушысы болуға анық бекінген» деп пікір білдіріпті ақын Шерхан Талап сенің шығармашылығың туралы. Өзіңді ақын деп есептейсің бе? Жалпы, мына заманда ақын қандай болу керек?
Өзім жайлы айтқым келмейді. Иә, өлең жазатыным рас. Ал ол өлең бе? Уақыт көрсетер. Әдебиет үшін, халқым үшін емес, өзім үшін ғана жазамын. Жан тыныштығы үшін. Бәсеке алаңында жоқпын. Әдеби орталардан да мені таппауыңыз мүмкін. «Мына заманда ақын қандай болуы керек?» Оны да білмеймін. Әйтеуір, жауапкершілікті тереңірек сезінетін жан шығар? Кімнің алдында? Немесе ненің? Бәлкім, ол сөз өнері, өзінің ұятының алдында. Егер болса...!
– Журналиссің. Белгілі телеканалдарда хабар жүргізесің. Ақын журналист бола ала ма екен, оның шығармашылығы кедергі келтірмей ме? Бір кездері әлеуметтік желілерде әдебиет өкілдерінің журналистикаға келуіне қарсы болатын пікірлер жазылды. Осыған көзқарасың қалай?
Журналистика басқа. Әдебиет мүлдем бөлек. Ең жаманы біздің журналистикада әдеби шалыстық деген ауру болған. Бұрын. Бірақ әлі де бар екен. Журналистикаға келдің екен, шығармашылығыңды араластырмау керек. Иә, ақпарат майданы қаламгердің шығармашылығына мойын бұрғызбайды. Солай болуы заңды да. Себебі секунд сайын жаңалық жаңарып отырады. Ал «журналистикада жүрмін, жазуға тіпті уақытым жоқ» десеңіз, басқа салаға ауысыңыз. Құдай тілеуіңізді берсін. Сіздің ақындық шалығыңыз бен жазушылық міндетсінуіңізді бұл орта көтермейді. Жалпы қаламгер екеніңді міндетсінбеген жөн ғой. Өзің айтқандай «әдебиет өкілдерінің журналистикаға келуіне қарсы болған» наразы топ шынтуайтына келгенде ешқандай қарсы емес. Тек кейбір әдебиетші қауымның журналистикаға келіп алып, «шығармашылығыма уақыт жоқ, пәлен-түген, анау-мынау» дейтініне қарсы. Өзімім ұстанымым осы. Мәселен, «Хабар24-тің» қазақ тіліндегі ең соңғы эфирі түнгі 23:30-23:40-та аяқталады. Үйге жеткенше біраз болады. Бірақ күнұзаққа ойыңда пісіргенді сол түннің бір уағында қағазға түсіруге тырысамын. Күндіз екібастан қарбалас. Жұмыстан бөлек басқа арналардың телевизиялық бағдарламаларына сценарий жазамын. Концерттер жүргіземін. Одан қалды өзімнің жұмысым бар. Өзгеден артықшылығым жоқ. Мұның бәрін неге айтып отырмын? «Әдебиет өкілімін, журналистика ала-шапқын екен» дегеннің арғы жағында міндетсіну жатқан сияқты. Бірақ осындай қым-қуыт тірлікте жүріп жазғанның өзінідік ләззаты бар.
– Кейінгі уақытта балалар әдебиетіне де арнап жазып жүрсің. Өткенде «Алтын сақа» байқауының «Ертегі» аталымында бақ сынап «Ренжіскен кітап пен адамды смартфон қалай татуластырды» атты ертегіңмен 1-орын алдың. Жалпы, балалар әдебиетіне бетбұруыңа не себеп болды?
Үш жиенім бар. Солардың бір күні анасына, яғни менің апама «түу, оқитын ештеңе жоқ, ютубта да бәрі орысша» деп шағымданғанын көріп, қатты қорландым. Мүмкін, бұл пафос болар. Мейлі. Майдан даласына сарбазды қару-жарақсыз тастап жіберсе не болады? Біздің әдебиетте қазір дәл сондай майдан болып жатыр. Идеология соғысы! Соның ішінде балалар әдебиеті деген дивизияда оқ-дәрі, қару жоқ. Болса да мардымсыз. Масқара емес пе?! Міне, осындай ой мені балалар әдебиетінің табалдырығына әкелді. Іштей үш жылдай өзімді дайындадым. Бұдан бөлек бүгінгі балалар әдебиетінің ең көрнекті өкілі, ғажап ақын Серікбол Хасан, Секеңнен кейінгі кейінгі буын Олжас Қасым, Асылан Тілеген деген жігіттер де «ананы оқу керек, мына тақырыпты қаузау керек» деген секілді жанашыр ойын айтып жүрді. Сонда да бұл жанрға жазудан қашқақтап жүрдім.
– Балаларға арнап шығарма жазу оңай һәм қиын деп жатады. Оңай болатыныны күрделі, терең тақырыптарға бармайсың, қиыны баланы жазып отырған туындыңа сендіру керек. Бүгінде заманауи балалар әдебиетіне өлең, ертегі арнап жазатындар некен-саяқ. Оның себебі не деп ойлайсың?
«Заманауи» деп дәл айттың. Бүгінгі виртуалды әлемді, әлеуметтік желіні, робототехнологияны қаперден шығармау керек. Тонның ішкі бауындай етіп соны шығарма қылып жаза алсақ, кәні?! Иә, заманауи бағатта жазатын қаламгерлер бар. Жоқ емес. Енді соны балалар көретіндей қылып мультфильм жасап ютуб-ке бейімдеу керек. Бір ғана «Балапан» телеарнасынына жауапкершілікті артып қойдық. Тағы да кем дегенде осындай бес телеарна керек. «Бес деген көп» деуіңіз мүмкін. «Мемлекет қаржыны шығындайды» деп тағы бірі уәж айтар. Бірақ мұның идеологиялық қайтарымы өте көп болады. Мұндай ағартушылық бағытты басқа саламен салыстырмау керек. Оның жемісі он жылдықтардың еншісінде. Бірақ не істесе де бәрін ю-тубке ыңғайлау керек. Комисктер жасап, мультфильмдерді кішкентай көреременнің назарына ұсыну күн тәртібінен түспеу керек істің бірі болса екен деген тілек бар.
– «Адамдардың ғұмыры өтеді екен, Дәл осы бір өлшемнің арасында...» деп толғайсың. Өлең мен өмірдің арасы қанша сен үшін?
Арасы дейсің бе? Жалпы өмір мен өлеңнің арасында не бар? Меніңше, ештеңе болмауы керек. Өйткені, өлеңнің өзі өмірдің өзіндей шынайы, өмірдің өзіндей боямасыз болғаны жөн-ау. Мүмкін қас-қағым сәт шығар. Әлде, өлең мен өмірдің арасын тазалықтың, ұяттың өлшемімен есептеу керек пе? Білмеймін.
– Әңгімеңе рахмет!
Айта кетейік, Азамат Әбілқайыр, ақын – 1994 жыл 3 тамызда Ақтөбе облысы, Ойыл ауданы, Саралжын ауылында дүниеге келген. Сол ауылдағы Ә. Дербісәлин атындағы орта мектепті бітірген. Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің түлегі. Гуманитар ғылымдарының магистрі. Бірнеше байқаудың жеңімпазы.