Жазушының көп жылдар бойында іштей дайындалып, ойына алған, осы мақсатта деректер жинастырып, жүрек түкпірінде сақтап жүрген, жанына жақын тақырыбынің бірі қазақтың алдаспан ақыны Махамбет бейнесін сомдау болатын.
“Менің Әуезовім” роман-эссесінен кейінгі күрделі туындысы – Махамбет бейнесіне қалам тартқан қаламгер бұл романын толық аяқтап үлгермеді. Оу бастан Махамбет тағдыр кешкен тұтас дәуірді толықтай қамтып, сол кезеңнің тарихи шындығы мен тарихи тұлғаларды қатар ала отырып, бүгінгі заман биігінен ой толғағысы келген қаламгердің аяқ алысы, қалам сілтесі бірден сезіледі.
Махамбет романы туралы профессор Қансейіт Әбдезұлы: “Ой ауқымын кеңге салған, суреткерлік, көркемдік жинақтаудың эпикалық биігіне қол артқан автордың суреттеулерінен болашақ туындының терең тынысы, көп қырлы болмысы бірден көзге түседі.
Бұл туындының алғашқы тараулары З.Қабдоловтың өзі дүниеден өткеннен кейін жарық көрген бес томдық таңдамалы шығармаларының бесінші бөлімінде “Мұз үстінде от жаққан” атты тақырыппен жарық көрді. Болашақ романның алғашқы беттеріндегі оқиғалардан-ақ оқырманға терең әсер тастайтын “Арыстан еді-ау Исатай, “Қаһарман ақынның тағдыры мен тағылымы”, “Айбын мен айдын,” “Ақын өлімі” (роман эскиздері) деп аталатын атаулар бір-бірімен іштей сабақтасып, тұтас дүниенің енді көтеріле бастаған қабырғаларын көзге елестетеді.
Махамбеттің жантәсілім етер сәттегі Ұлы өкініші. Ұлы арманы. Осының барлығын жазушы ақ қағазға түсіріп үлгермеді. Тағдырдың жазуы” дейді.
Менің Әуезовім” роман-эссесі де тұлға және заман тақырыбын тереңнен тартып бейнелеген, тарихи шындықты үлкен ауқымда көркемдік тұрғыдан жинақтап бере алған бірегей туынды ретінде оқырман жүрегіне жол тапты. Мемлекеттік сыйлыққа ие болған бұл роман да З. Қабдоловтың көркем прозадағы көп жылғы шығармашылық ізденістерінің бір белесі ретінде әдебиет тарихында қалды.
“Ұзақ толғаныстан, ұлы тебіреністен туған “Менің Әуезовім” роман-эссесінің бірінші кітабы жарық көрді. Жұрт жапатармағай жылы қабылдады. Мейірлі шығарманың мәртебесі шарықтап, мемлекеттік сыйлықпен марапатталды. Қайта түлеген қаламгер бойын демдеп, бір дамылдап алған соң, оның екінші кітабына кірісіп кетті. Өкінішке қарай, бізге “Мұхаңның, Мұхтар Әуезовтің міні”, яғни мақаланың басында меңзегеніміздей, “тәңірінің есебінен түгенделетін әлдебір кемісі” туралы білу бұйырмапты. Өйткені, роман-эссе тап осы тұста, нақ осы сөйлеммен тоқтап қалған… Ендеше, Әуезовтің өз аузымен айтылуға тиіс болған “Мұхаңның міні” – мәңгіліктің мұңы. Ол – АҒА ДОС, ІНІ ДОСҚА айналған ұстаз бен шәкірттің өздерімен ала кеткен құпиясы. Сондықтан, бәлкім, “Менің Әуезовім”-нің екінші кітабы осы бір “ақырына дейін айтылмағандығымен” (орысша – “недосказанность”) құнды да қызықты шығар…”, - дейді филология ғылымының докторы Амантай Шәріп.
Иә, жазушы Зейнолла Қабдолов 78 жасында осы екі романын аяқтауға үлгермей о дүниеге аттанып кетті.