- Негізгі бет
- Әдебиет
- Аяқталмаған туынды: Сұлтанмахмұт...
Аяқталмаған туынды: Сұлтанмахмұт Торайғыров. "Айтыс поэмасы"
"Айтыс” поэмасы толық аяқталмаған, онда Сұлтанмахмұт Торайғыров қала ақыны мен дала ақынын айтыстырып, екі ортаның қайшылықты жақтары мен адамға пайдалы тұстарын қатар алып суреттейді.
Ақынның соңғы әрі аяқталмай қалған, әрқилы пікірге ұшырап жүрген шығармасының бірі – "Айтыс" поэмасы. Мұнда ол дала ақыны мен қала ақынын айтыстырып, өзінше дала мен қаланың артықшылықтары мен қайшылықтарын талдайды. Сұлтанмахмұт дала ақынының сөзін басымырақ ұстап, оның сөзімен елін-жерін, қазақтың табиғатын, салт-дәстүрін мақтан тұта жырлайды. Қазақтың тілі мен дүниетанымын, биіктігін суреттейді. Дала мен қала адамын салыстырып, қала адамының қыр адамындай кең пейіл еместігін, жікшілдігін, қаланың әділетсіздігін ашып көрсетеді. Сірә, қалада көп таршылық, қиыншылық көрген Сұлтанмахмұт Торайғыровтың жолы сәтті болмаған болуы керек, ол даланы баса жырлайды. Сонымен бірге қала ақынынң аузымен де қаланың өнерін, болашағын мақтан тұтады. Айтыс поэмасын мансұқтаушылар кезінде оны "феодальдық жыр" деп атаған.
"Айтыс" поэмасында көтерілген күретамыр тақырыптың бірі – тіл тағдыры. Жалпы тіл мəселесі – Сұлтанмахмұттың азаматтық мұрат-мақсатының негізгі ұстанымы. Ол туған тіл тағдырына өте қатты мəн берумен бірге, оның өз өнер туындыларындағы қолданысына аса кірпияздықпен қараған. Ақын ана тілін сүйе де білген, ол үшін күйе де білген. Дала ақынының аузымен айтылған мыңа сөздер соның нақты куəсі.
"Сүйемін туған тілді – анам тілін,
Бесікте жатқанымда-ақ берген білім.
Шыр етіп жерге түскен минутімнен,
Құлағыма сіңірген таныс үнім"
Сұлтанмахмұттың "Адасқан өмір", "Кедей" поэмалары монологқа құрылған болса, "Таныстыру" мен "Айтыс" диалог түрінде жазылған. Ақынның монолог, диалог түріндегі туындылары сол кездегі əдебиеттегі үлкен шығармашылық жаңалық болды. Олар философиялық мəселелерді суреттейтін, заманның түйінді проблемаларын қозғайтын, терең пікірлі, жаңа мазмұнды лирикалық-философиялық шығармалар. Сонымен қатар олар ақынның қоғам, табиғат өмірінен түйгені, алған əсері, ішкі дүниесі, жүрегінің сығындысы. Сұлтанмахмұт Торайғыровтың лирикалық-философиялық поэмалары осылай туған деуге болады. Қазақтың жазба əдебиетінде Сұлтанмахмұттан бұрын, ол өмір сүрген кезеңде мұндай поэмалар бола қойған жоқ еді.
"Айтыс" поэмасының аяқталмауының негізгі себебі ақынның құрт аурумен байланысты. Сұлтанмахмұт Торайғыровтың өмір жолына көз жүгіртсек ақын 1917 жылы Семейде Алаш Орда үкіметінің орнауына ат салысқан. “Алаш ұранын” жариялаған. Бірақ ауруы асқынып кеткендіктен оқуды да, жұмысты да тастап, 1918 жылы сәуірде еліне біржола оралған екен. Міне, содан кейін өзі ғашық болған, М-ға деп өлең арнаған Мәлике сұлуға үйленбек ниеті болған.
Сұлтанмахмұт пен Мәликенің бір-біріне деген сезімдері туралы қос ғашықтың көзін көрген Нағима (Мәликенің сіңлісі) Мұқтарқызының да естелігі бар. Онда былай делінген:
"Сұлтанмахмұтты тағы бір жақсы білу себебім – 1919 жылдың жаз салымында Шоқаң менің апам Мәликеге құда түсті – Сұлтанмахмұтқа айттырды. Қалыңға төрт-бес қараның ретін берді...Сұлтанмахмұт қатаң жатқанда да жиі баратын мен болдым. Оны жерлегенде басы-қасында жүрдім. Тек қалыңдық аталған апам ғана жерлеуге жұрт көзінен именіп, қатыса алмады. Сұлтанмахмұт жиырма сегізге қарап тұрғанда өкпе ауруынан дүние салды".
Қорыта айтқанда, ақынның "Айтыс" поэмасы нағыз психологиялық, ұлттық шығарма. Нағыз поэзия әуелі халқына, ұлтына, сол арқылы адамзатқа қызмет етуі керек. Себебі ол адамзатты сүюге, болашаққа сенуге үйретеді. Мұнда да адал, шыншыл, ізденімпаз, драмалық шиелініске толы, қуаныш-қайғысы аралас ақын тағдыры суреттелген. "Айтыс" поэмасы осынысымен де аяқталып тұр деуге болады.
Т. Раушанұлы