Массагет порталының тілшісі қарымды қаламгер, алаштанушы-ғалым Тұрсын Жұртбаймен тілдесті. Жазушы-ғалым Алаш қайраткерлері өмірінен, өзінің алаштану ғылымына қалай келгені туралы сыр шертті. Болашақта прозалық шығармалар жазатын жоспары бар екенін де айтты.
Ахмет Байтұрсыновтың өлеңдерін бала кезден жаттап өстім
Бұл өзі бала кезден қанға түйнектей боп сіңген шаруа. Мен Ахаңның есімін есімді білгеннен бастап әкемнің аузынан естіп өстім. Әкем «Ахаң-Ахаң» деп отыратын. Сөйтсем, 1918 жылы 24 сәуірде Маханшыда Алаш әскері қоршауда қалғанда ішінде Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Райымжан Марсейіков, Қабанбайдың тұқымы Қанағат Сүлеймен болыпты. Сол қоршауда қалған кезде Алаш әскерінің Шәуешекке баратын сапары екен. Алаш әскерінің командирі Садық Аманжолов жараланып қалыпты. Міне, соған хат алып баруға белгісіздеу адам керек екен. Соған 16 жастағы менің әкемді таңдапты. Әкем хатты апарып беріп, Ахаңның сәлемін алып қайтыпты. Қайтарда «қызыл ма, ақ па білмеймін бірақ орыстың әскері қуды, әйтеуір, сай-сайға қашып құтылдым» дейтін. «Қарағым, рахмет!» деп айтты Ахаң. «Ол сенің әкең болады» деп айтып отыратын маған. Сондықтан да, «Қинамайды түрмесіне жапқаны, қинамайды атқаны, қинайды тек өз итімнің балағымнан қапқаны» деген өлеңін жаттап өстік.
7 жасымда Алаш қайреткерлерін жазғаным үшін мектептен шығарып жіберді
Бесінші кластан алтыншы класқа көшкенде шығарма жаздырды. Жәңгір Исайнова деген ұстазым болатын. Сол әдебиетті, оның ішінде «Абай жолын» түсіндіргенде сахнада спектакль қойылып отырғандай болатын. Маған «Қош махаббат» деген шығармам үшін: «Болашақта сен ұлы жазушы боласың» деді. Ол деген үлкен дәреже ғой. Содан кейін «Абай жолынан» еркін шығарма жаздым. Жетінші класта барлық тақырып бітті. «Абай жолын» оқып, ішіміз булығып жүрген кез. Тақырып қалмады. Тоғжан, Зере, Құнанбай...жағымды-жағымсыз кейіпкердің бәрі бітті. Бір күні: «Жағымсыз кейіпкер туралы жазуға бола ма?» деп сұрақ қойдым. «Кім туралы?» деді. «Әзімхан туралы» деп жауап бердім. Ойланып тұрды да: «Сен әдебиетке құмар жігітсің, өз еркіңде. Еркін шығармаңды жаз. Көркем шығармаға әр оқырманның өз көзқарасы болуы керек» деді. Содан кейін «Әзімхан қандай кейіпкер?» деп шығарма жаздым. Ондағы ойым, төртінші кітаптың соңында Әзімхан, Оразбай, Тәкежандар жиылып өзара жиын құрып отырады. Сонда Әзімхан: «Бұл қазаққа тәуелсіздік керек. Қазақ дегеніңіз үлкен ұлт. 6 миллионнан астық. Бізге әуелі тіл, дін, жер, саяси билік керек. Осыны көтеруіміз керек. Оған мына сендер сияқты ауқатты байлар көмектесуі қажет!» деп сайрап отырады. Сонда Оразбайлар: «Ой, елім-ай, жұртым-ай! Біз елді басқаратын адам мұнда екен ғой» десе, басқа біреуі: «Біз Абай екен десек, сен екенсің ғой!» деп Әзімханды мақтайды. Сол кезде біреу жиыннна ақырын жып беріп көрші, Абай отырған үйге келеді. Әлгі адамның айтқан сөзіне Абай: «Ә, ұлтым деп жатыр ма?! Ол төрешік қой! Сендер сияқты кедейлерді менсінбейді» деп кекетіп, күледі. Абайды соншама сүйген жүрек осы жерге келгенде «бүлк» ете қалды. Ойымнан кетпей қойды. Бірақ «Абай олай айтуы мүмкін емес. Мұны жазып отырған жазушы Мұхтар Әуезов. Сол кісі тарихи фактіні бұрмалаған болуы керек. Менің ойымша, «Әзімхан жағымсыз емес, жағымды образ» деп жаздым. Оның қазақтың мұң-мұқтажы, жері туралы айтып берген сөзі маған қатты ұнады. Жәңгір мұғалім келді. Шығармамды оқыды. Ол кезде менің фамилиям Құдагелдиев болатын. «Оқып шықтым. Өз еркің. Осылай да талдауға болады. Идеясы ұнады. Бірақ, шығармаңды талдамай-ақ қояйық» деді. Оны кейін түсіндім ғой. 5-ті қойды.
1 айдан кейін Жәңгір мұғалім декретке кетті де, орнына Ақлима деген кәрі ұстаз келді. Әдебиеттен сабақ берді. Асықпай шәйнегін қояды. Ернін бір жымырып қойып: «Оқыңдар-ей, сендерден не шыға қояды дейсің!» деп отырады. Ал біз әдебиетті талдауға үйреніп қалғанбыз. Бекен Оспанов, Зейнолла Айтқалиев, Алтын Тұрысбекова деген кластастарым бар. Кітапқа құмармыз. Оның сабақ өткеніне қанағаттанбаймыз. «Сіз сабақ өтуіңіз керек» дейміз ғой. Содан «онда шығарма жазыңдар, мен сендерді көрейін» дейді. Қабыл Көшербаев деген кластасым: «Баяғыдағы, Әзімханды көшіріп берейік» деді. Көшіріп бердік. Ал, содан кейін басталды: «Сен кімсің, Әуезов кім?! Сен оның тезегіне де татымайсың. Әуезовта нең бар?!» деп әкемді танытты. Кластастарым араға түсіп еді, болмай қойды. Сөйтіп, әдебиет үйірмесіне салды. Ол жерде жоғары кластың ұлдары мен қыздарын қарсы қойған. Олар троктарист болып істеп, қайта келген үлкен жігіттер ғой. Әкемді танытты. Бір уақытта: «Ал, Әзімхан кім, айтшы?» деді. Үндемедім. Абай ауданында Әзімхан деген адам жоқ. Ол уақытта Әзімханды білмейміз. Содан басым салбырап шықтым. Келе жатыр едім алдыман Жәңгір мұғалімнің жолдасы Төкен Ғабдуллин деген (математик, өлең жазатын адам еді) шықты. Сол кісі: «Білмесең неге жазасың? Оқымайсың ба, ана Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешуін. Жүр кітапханадан алып беремін!» деп ертіп кетті. Түнгі сағат тоғыз-ондардың кезі еді. Сонымен, таң атқанша «Тар жол, тайғақ кешуді» оқып шықтым. Әзімхан дегеніміз Әлихан Бөкейханов болып шықты. Мағжан деген ақын бар екен. Содан кейін Мағжан туралы да жаздым. «Сен Мағжанды қайдан таптың?!» дейді баяғы мұғаліміміз. Білмеймін. Тағы да ортаға салады. Алаш деп айтпайды. «Мұнда теріс идея бар» дейді. Тағы да сүмірейіп шығып келем, тағы да Төкен мұғалім: «Білмесең неге жазасың! Оқымайсың ба ана Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебін» дейді.
Сәбит Мұқановқа бар жақысылықты жасаған – Мағжан
Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебін оқысам, 12 жасында Сәбит Мағжанды көрген. Сәбитті ол Омбыға алып кеткен, киіндірген, өзінің бөлмесінде тұрғызған, кітабын алып берген, 4 жыл оқытқан... тағысын тағылар. Сол Сәбит: «Мен буржуазияшыл ақынның өзін ездім ғой. Ұлтшыл болатын, махаббатшыл болатын. Өлең оқы деді. Оқып ем: «Сен өзің тап-тап» деп тап бересің ғой. Өлең олай жазылмайды, былай жазылады» деп ақыл айтты. Мен оны тыңдамадым. Бүгінге дейін «табым-табым» деп келе жатырмын» деп естелік жазады. Бұл жерде «табым» дегенді алып тастасаң, Сәбит Мағжанды мақтап отыр, оны ұлы ақын дейді. Себебі, оған бар жақсылықты жасаған – Мағжан. Тәжібаевтің, Әуезовтың Мағжан туралы жазғандарын оқып, Мағжан туралы тағы жаздым. Ал тағы да даудың ортасына салды. Сол дау үлкейіп, ата-аналар жиналысына айналды. «Мынау үлкен ұлтшыл, Аллашыл! Әлихан Бөкейхановты, Мағжанды» жазады» деді. Мектеп жиналысынан соң Мереке Ғабдуллин екеумізді мектеп шығарды. 1 ай кіргізбеді. Келесі тоқсанда қайтып келдім. Мектеп директоры жағдайды түсініп, аудандық оқу бөлімінің бастығы Иманақышовқа хабарласып, білді. Сөйтсек, ол хатты тіркемеген екен. Сол жерден жыртып, бізді қайта мектепке қабылдады.
Сәбит күндіз Алашқа қарсы, түнде Алашшыл адам еді
Менің «Әуезов пен Мұқанов» деген еңбегім бар. Сол жерде бәрін айттым. Мүсірепов: «Осы Сәбит қызық. Күні бойы «Алаш жойылсын!» деп ұрандатады да, түнде «Алашым-алашым» деп қайғырып жылап шығады» дейді. Заманына қарай адамы ғой.
Жазушылыққа қайта келемін
30 жасыма дейін проза жаздым. Одан кейін ұлттың тарихын зерделеуге бет бұрып кеттім. Енді жазатын шығармаларым бар. Ғашық болып, екі жақты ырықты болып, табысып, енді сол махаббаттың қызығын көретін кезде өзім сүйгенінен бас тартқан адам сияқтымын. Әуезов образы арқылы Алаш идеясын шығарғым келді. 24 жасымда мен соған көштім. 1987 жылдан бастап оны ашық айтуға кірістік.
Мағауин жеткізбейді
Мағауинмен білім жарыстырғым келді. Жеткізбейтінін кейіннен мойындадым. Бір кездескенде өзіне де айттым. Ол жымиып, мұрты күліп мақтанды. Алаш тарихын оқып, 2 жыл құпия документтерін қарап шыққанмын. Соны айтпаймын ба? Бір уақытта Мағауин менің алдыма түсіп Алаштың анаусын-мынаусын айтып, сөйлеп кетті. Менің 2 жыл оқығанымның, құпия документтерімнің аржағына кетті. Сөйте-сөйте шетел әдебиетіне байланыстырды.
P.S. Осы араға келгенде жазушы-ғалым асығып тұрғанын айтып бізбен жылы қоштасты.