Аударманың жай-күйі, сапасы және қазіргі аудармадағы кемшіліктер жайлы білгіміз келіп филология ғылымдарының кандидаты Ләйлә Мұсалы Жұматайқызы және шетел қаламгерлерін қазақ тілінде сөйлетіп жүрген жас ақындар: Айбол Исламғали, Тілек Ырысбек және Марлен Ғилымханға сауал жолдап, олардың жауаптары жарияланған болатын. Поштамызға жазушы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Әлібек Байболдан аударма саласына қатысты хат келді. Назарларыңызға Әлібек Байболдың жазбасын қаз-қалпында беруді жөн көрдік.
Аударма – ауыр, машақаты көп сала. Алдыма, әлемге әйгілі драматургтардың пьесасын қазақша сөйлетсем деген мақсат-мұрат қойдым (біршамасы "Әдебиет" және "Мәдениет" әдеби-танымдық порталдарында жарияланып та жүр, алып-жұлып оқып, көз жүгірткен де болуыңыз бек мүмкін). Өйткені, өскенімізді я бір жерді шиырлап жүргенімізді парықтар өміршең өлшем – жержүзілік әдебиеттегі алуан-алуан ағымдар, тенденциялар, соны тәсілдер, жаңалықтар, жаңа туындылар. Ал, Біз оны көбінекей тәржіме негізінде бағамдай алмақпыз. Классикалық амал: алдыменен, аударамыз, сонан соң оқимыз, сонан соң ғана барып салғастырамыз, силлогизм, аналогия, үйренеміз, жиренеміз.
Мысалды алыстан іздеудің қажеті жоқ. Италья әдеби тілі іргесін қалаушылардың бірі, ойшыл, богослов, ақын Данте Алигьери негізгі 3 бөлімнен құралған, terzina-мен жазылған, архитектоникасы аса күрделі "Құдіретті комедиясының" Тозақ үлгісін түзерде "Никомах әдебіне" (Аристотель) жүгінгенін білесіздер. Әзелде, сол ғажап поэма-дастанмен асып туған дарын иесі – Мұхаммедқали – Мұқағали Мақатаевтың ("Тамұқ") аудармасы арқылы қауышып, кейін барып орысша нұсқасын толықтай оқып шыққан ек.
Тіл мен сана – сиам [саям] егіздеріндей (Ағайынды Чанг пен Энг. Ксифопагтар) бір-бірінен ажырағысыз түсініктер. Сол себепті, тәржімелеу барысында социолект, идиолект, эколектқа да ерекше мән берген теріс емес. Аударманың тек өзіне ғана тиесілі эстетикасы, поэтикасы бар. Ол – реликт емес, бұлқынып тұрған "тірі организм". Оған жаңалық енгізуші – тәржімеші. Ал, жаңалық адамның – жанында. Туындыны қотару кезінде тұтас құрылым-конструкциясын түйсінбек, бойға сіңірмек керек. Идея, тақырып, жанр, стиль, сюжет, композиция, көтерілген мәселе бірлігіне мән берілсе ғана, мұның өзегін сезіне түсеміз. Аударма – шығармашылық жұмыс болғандықтан да, кей-кейде теорияға бағынбай, шаблон-штамп шекарасынан асып кететіні де шүбәсіз. Ал, көбіне-көп канондардан ада шығармашылық еркіндікті, ішкі тәуелсіздікті, батылдықты сүйеді және, аудармашының мінез-құлқын, болмысын, табиғатын, өмірге деген көзқарасын, ұстаным-ұстынын, дайындығын, интеллектуалды мүмкіндігін де есепке алған абзал. Аударма – жанқалауым, ұстазым тәріздес дүние. Өйткені, өнегесі мол, үйренерім көп. Бұл жерде қатып қалған қағида жоқ, сол себепті нақтылы бір бағытқа басымдық беру де қиындау. Тәсілдердің қай-қайсысы болсын оңтайлы деген ойдамын.
"Аудармаға "әдебиеттің ашынасындай" қарауды доғару керек"
Мәтін-текстпен оңашада қалғаныңда, автор жанын терең ұғып, шеберханасына үңіліп, еліктіріп әкетер көркем әлеміне ене бастайсың. Мұның ең сүйсінетін, рақат табар тұсы да осы болуы ләзім. Аударманың "Ахиллес өкшесіндей" өте осал жері – мектептің күйрегендігі. Бұл – даусыз, мойындауға тиіс шындық. Бұрынғыдай бұрқ-сарқ қайнаған қазан іспеттес орта – бүгіндері жоқ, ұжымдық санадан индивидуализмге қарата бұйда түзедік. Бұның басты себебін құндылықтардың жойыла бастауынан, мотивацияның (қаржылық және рухани) аздығынан, аскетизм мен ел алдындағы жауапкершіліктің азаюынан (үлкен және кіші ауқымдағы) іздегеніміз жөн. Тәржіменің негізгі-негізгі "симптомдарын" анықтаған дұрыс (соққы да сол жаққа берілуі тиіс). "Арық атқа – қамшы ауыр" дегендей, онсыз да тұралап тұрған саланы "сабай" бергеннен не өнбек, керісінше жан-жақтан жапырыла жабылып, қолдан келгенше мәртебесін көтермейміз бе?! Қазақша сөйлемеген, сөреде мөлиіп қарап тұрған нешеме кітап бар, соның қамалқасын табуымыз қажет. Бүкіл жүкті жалғыз Ұлттық аударма бюросының иығына артып қойған да ыңғайсыз. Бұл осы бағытта қызмет етуге тиіс жекелеген Институттың, қылаяғы қолына қалам ұстаған әр кісінің міндеті, бос кеңістікті толтыру нағыз жанашыр жанның парызы. Толықтай тоқырамай, әйтеуір ірілі-ұсақты тәржімелердің дүниеге кеп жатқанын көңілге медеу тұтатынымыз рас. Сынайтындай ол әлі өз апогейіне жетіп, күшіне еніп, төрт аяғын тең басқан тұлпардай бола алмай тұрғаны анық. Арғы-бергі іске мониторинг жасалып, одан кейінгі дамудың басты-басты бағыттары, баспалдақтары айқындалып, нақты-нақты ұсыныс-тілектер айтылғаны құба-құп.
Кәсіби яки энтузиастік деңгейде болсын, аударылған дүние еш зиян емес. Көзі ашық, көкірегі ояу оқырман сегментация-сұрыптау-іріктеу жолымен өзіне қажеттісін алады, оған алаңдамаңыз. Себебі, бұл – табиғи түрде жүзеге асатын үздіксіз үрдіс, кеңірек алғанда фронезис (Аристотель). Ол үшін маркетинг пен менеджменттегі әрқилы әдістерді басшылыққа ала отыра, кітап культын жандандырып, нарық қалыптастыруды дұрыс көрем. Сырт жақта қандай өзгеріс боп жатыр екен деген оймен оқтын-оқтын қазіргі жаһан әдебиетіне ықпал етіп жүрген жазушыларды түгендейтінім бар, көштен қалмас үшін. IX ғасырда өмір сүрген мистик әл-Жүнейд ибн Мұхаммед әл-Бағдадидың "фана" аталатын терең концепциясы Батыс қаламгерлері мен философтарына ерекше әсер еткен-ді. Олар ғұламаның еңбектерін қотарып, мейлінше қуаттанған, нәрленген еді. Бұл – экзистенциализмге құйылған арнасы кең өзен-тұғын. Осыны сіңірген, қорытқан, түйіндеген Батыс Шығысқа өңін айналдырып, тың әдеби өнім берді...
Аудармашы қайткенде де соавтор (қосавторлық) бола алмайды. Және, ондай статусқа ие болуға заңи, моральдық-этикалық тұрғыдан құқығы да жоқ. Аудармашы – алтын көпір. Яғни, Ол көркем мәтінді өз тіліне тәржімелеуші, калькаға ұрынып, қатеге бой алдырмас үшін менталитетіне, дүниетанымына мүмкін болғанша, рұқсат етілгенше, шекара-шектеуден аса аспайтын икемдеуші қызмет-функциясын ғана атқарады. Жалпы, аударма артықтық етпейді. Қайта, оқырман ойына қозғау салып, түлеуіне сеп боламыз деп есептеймін. Біз де аударайық, Бізді де аударсын. Аударманың ең негізгі мұраты – әдеби-мәдени интеграцияны күшейту. "Үшінші әлем" саналған елдердің әдебиетін, мұраларын G8, G20 құрамындағы мемлекеттер (әсіресе, мақтаулы Еуропа) өз тіліне аударып, қайталанбас, ешкімге ұқсамайтын экзотикалық сыпаттағы мәдениеті бар екеніне көзі жетті. Крест жорығы, Ұлы жағрафиялық жаңалықтар дәуірі, гегемониялардың экспансиясы, колонизация кезіндегі жиһангездер мен ғалымдардың жазбалары, жиған деректері – осыған дәлел.
Басқаны айтпағанда, жоғарыда сөз болған интеграция арқасында африкандық ырғақ пен афроамерикандық фольклорының симбиозы негізінде дүниеге жаз келді. "Қара құрлық" өкілдері басынан қандай қиындық өткергенінен хабардарсыздар. Қудаланды, асылды, атылды, құқығы шектелді, дискриминацияға ұшырады. Мұны алғашқыда сол аударма арқылы танысқан Гарриет Бичер-Стоудың "Том ағайдың лашығынан" білген едік. Жаратушы әр ұлтты бір-біріне ұқсамайтындай етіп жаратқан-ды. Ерекшелік те – сонда. Іштегі қығызушылықты жеңгіміз келген соң, білмекке ұмтылған соң айналып кеп тәржімеге ден қоятынымыз сөзсіз.
Әдебиетіміздегі сөз зергері, ойшыл, ақын, хакім Абай аудармаларының алар орны бөлекше, өзгеше. Қайта-қайта оқимын-дағы, ойға қалам. Мұнда түпнұсқадан гөрі, Абайдың көркем мәтінді қабылдауы, өне бойынан өткізуі, тақырып тұрғысынан саралап-таңдауы, оны жаңа қырынан көруі, түйсінуі – қызық, тосын. Пушкин, Лермонтов, Крылов, Полонский, Мицкевич... Абайдікі – философиялық қатпары қалың тәржіме, яғни кісінің өзімен-өзі: жанымен, жүрегімен диалогқа түсетін сәті. Сонда ғана төлнұсқаның өзегін сезіп, пульсациясын байқайсың. Қажым Жұмалиев "Абай аудармалары және оның тілі" атты зерттеуінде мынадай ерекшелікті атап өтеді: "... Енді аударманың құрылысы жағына келсек, Абай аудармаларын негізінде екі түрлі деуге болады. Біріншісі – дәл аударма, екіншісі – ерікті аударма. Дәл аудармалары шумақ, бунақ, буын ұйқастарына қарай өзара және екіге бөлінеді. Кейбір өлеңдерді аударғанда, Абай шумағын да, ұйқас түрлерін де берік сақтайды. Орыс өлеңдерінің ырғақ, буындары қазақ өлеңінің буындарына дәл келе бермейді. Өйткені орыс өлеңі тоникалық, не силлабо-тоникалық өлең құрылысына жатады да, қазақтікі силлаболық өлең құрылысына жатады. Сондықтан Абай аударған өлеңдерінің буынын қазақша дәл беруге мүмкін болмаса да, саны жағынан соған жақын келетін өлеңмен аударады. Кейде ұйқастырып, кейде тіпті образдарын да дәлме-дәл шығарады".
P.S. Әр адам – бір-бір институт. Оған мысалды көптеп келтіруге болады. Демек, әр кісі өздігінше еңбектенсе, жақсы дүние туады деген сенімдемін. Ал, кәдуілгі институт жан-жақта тарыдай шашылған мамандардың басын қосатын мекеме ғана. "Мектеп күйреді" дегеннен пайда аз. Оны қолдан болсын қайта қалпына келтіру керек. Әр нәрсеге квокка секілді күлегештене қарауға да болар еді. Бірақ, одан нәтиже шыға ма екен? Әлем алдындағы қазақ әдебиеті – дебитор емес, өзіндік орны бар, дәстүрі қалыптасқан, қораба-қоры жетерлік, дәмесі зор, үміт-сенімі мол әдебиет. Байқағаныңыздай, аталған сардар саланы дамытамын, бір жағына шығысамын деген жан үшін ешқандай кірапат-тосқауыл жоқ. Сөз соңында осындай жап-жақсы платформа-алаң ұсынып, өзекті мәселеге жанашырлық танытқан "Массагет.кз" порталына алғыс жаудырамын.
Құрметті оқырман, осы тақырыпқа қатысты пікір білдіргіңіз келсе, Массагет сайтының поштасына хат жолдаңыз. massaget.kz@gmail.com
Мені тебірентпеген туындыны тәржімалағым келмейді
"Делакруа – Мағжан, Жұмекен – Хокусай, бірақ Маралтай Модильяни емес"