Асылан Тілеген: "Менің атым Қожаны" қазақ әдебиетінің бренді қылу керек"

Жыл сайын миллион адамға шаққанда кітап оқитындар саны Еуропада шамамен 1500-3000 адамға тура келеді екен. Елімізде бұл көрсеткіш осыдан 3-4 жыл бұрын мыңға да жетпейтін еді. Қазақстанда қазақ тілінде оқитын оқырмандар аз болды ма, я оқырманның сұранысын қанағаттындарытын баспалар мен кітап дүкендері жетіспеді ме, осы уақытқа дейін шынында да кітап оқитындардың саны азайып кеткені рас болатын. Бірақ кейінгі 3-4 жылда қазақ тілді кітап нарығының саудасы қызып, кітап дүкендері мен баспалары біртіндеп көбейе бастады. Соның бірі жақында ашылған – Ziyat кітап дүкені. Оны иесі  –  талантты ақын Аслан Тілеген.

Массагет порталының тілшісі Асланмен жолығып, бүгінгі кітап нарығы, оқырмандар арасында қандай шығармалар сұранысқа ие және қандай кітаптар қазақ тіліне аударылып жатқаны жайлы сөйлесіп қайтты.

– Аслан, неге кітап дүкені, басқа кәсіп түрі емес?

– Кәсіп ашайын деген, оның ішінде кітаптан бастайын деген ой болған жоқ. Алғашында Арман Әлменбет деген жазушы 2017 жылдары "Күнделік" атты кітабын шығара бастады. Ол "Алматыда сен сатсаң" деп ұсыныс білдірді. Жалпы, бұл кітаптарды сатқан жоқпын. Тапсырыс берушілерге жеткізіп беруші ретінде қызмет еттім. Содан кейін "Мuqabа" баспасынан Ұларбек Нұрғалымның "Дайағашшы" кітабы жарық көрді. Кітап шыққанға дейін қаламгердің жазбалары газеттер мен әлеуметтік желілерде жақсы оқылды. Содан болар жоғары сұранысқа ие болды. Кейін Қарағандыда "Qasym" баспасы құрылды.  Қателеспесем, 2020 басында алғаш рет "Менің атым Қожа" кітабын шығарды. Сөйтіп, кітап сату кәсібін бастап кеттік. Ол кезде интернет дүкені де, дүкеннің атауы да болған жоқ. Тек, сол команданың бір мүшесі ретінде жүрдім. Кітаптарын Алматыда, басқа аймақтарға тапсырыс арқылы сатып жүрдім. Кейін "неге интернет дүкен ашпасқа?" деген ой келді. Былтыр сол іске кірістім. Алғашқы жұмыс логотиптен басталады екен.

– Кітап дүкенін Ziyat деп атауың не себеп болды? Жалпы, атаудың өзі өте сирек кездеседі. Қазақ арасында қолданылмайтын, жоғалып бара жатқан сөз.

– Ziyat деген сөз бұрыннан ойда болды. Ол дүкен ашсам, соның атауы болады деген ой емес, жалпы сондай ат болды. Бұл сөздің есімде қалған себебі, Есенғали аға әңгіме арасында: "Ақтөбеден шыққан Ғалым Ахметов деген жазушы болған, "Жем бойында" деген атақты кітабы бар. Сол кісі туралы мақала жазам, атын "Зият" деп қоямын" деп бір рет айтып қалған. Сол сөз миымда сақталып қалды. Есімнен кетпей қойды. "Зияткерлік" деп жалпы айтып жүрміз ғой. Бірақ "зият" деп ешкім айтпайды екен. Дүкен ашып бастайтын кезде осы атау бірден ойға келді. Қазақтың осындай жақсы сөзі қолданысқа енсе деген де ой болды. Әйтпесе, біздің айтылмай кеткен, өліп бара жатқан қаншама керемет сөздеріміз бар...

Осылай алғашқы жұмысымыз басталды. Одан кейін баспалармен келісе бастадым. Біраз баспалар келісті, келісімшартпен де жасастық. Сенімсіздік танытқандары да болды. Өзіміз де осы әдебиеттің бір бұрышында жүргеннен кейін авторлар сенім артты, олар тарапынан көп қолдау көрдім.

Бір жылдай интернет дүкен жақсы жүрді. Бір жағынан өзің білетін сала, өзің білетін кітаптар болғаннан кейін аса қиындық туған жоқ.

Интернет дүкеннің бір кемшілігі – кітап сататын орынның болмайтыны. Содан бір күні қарасақ, кітаптардың жартысы үйде, жартысы жұмыс орнымда жиналып қапты. Үйдегі ғой тұра береді, бірақ редакциядағы әріптестерімнен ыңғайсыздандым.

Кейде кітап сатып алушылар "көрсек бола ма, барсақ бола ма?" деп сұрайтын болды. Келіп тұрған тұтынушыны, клиентті қайтарғың келмейді. Жұмыс орныңа кіргізесің. Бұл әрекетімнен әріптестерімнен ұялып жүрдім. Содан кейін "дүкен ашпасам болмайды екен" деп Алматының біраз жерін араладым. Жақсы, арзан жер іздедім. Себебі, кітаптың бағасы да жалға алатын орныңа байланысты. Ал мен кітап бағасының оқырмандарға қолжетімді болғанын қаладым. Себебі, кітап бизнесі соншалықты байып кететін кәсіп емес. Сөйтіп қарасам жалға беретін орындар Алматыда өте қымбат екен. Тіпті, қуықтай бөлме – самса сататын жерді жалға алу үшін айына 300 мың теңге төлейді екенсің.

Ойлана келе Жазушылар Одағының басшылығына келдім. Ол кісілер ойымды бірден қолдап, бір бөлме берді. Әрі бұл жерге келген себебім, шығармашылық орта бар және ЖО-да бір кітап дүкені болу керек сияқты. Сөйтсем, мұнда кітап іздеп келетіндер көп екен. Себебі, мына кіреберіс жерде кітап дүкені болған. Соны әлі күнге іздейтін оқырман бар екен. Олардың барлығы бізге келетін болды. Демек, халық ЖО-да кітап дүкені бар дегенге үйренген.

– Қазіргі күнде қандай кітаптар өтімді болып тұр, қай авторларды оқырман жиі сатып алады?

Жанрлар бойынша проза өтімді. Меніңше, қай заманда да проза ең оқылымды жанр болған. Өзіміз де өлең жазғанымызбен, прозаны жақсы көреміз. Өлеңнің сезімі бір сәттік қой. Прозаның орны бөлек. Соның ішінде қазақ әдебиетінің классик жазушылары әлі де өтімді. Прозаны оқырмандарымыздың оқитыны соншалық: "жастардан кім бар, жаңадан қандай кітап шықты?" деп жиі сұрайды.

– Қазақ тіліне қандай бағыттағы шығармалар, қандай авторлар жиі аударылып жатыр?

Әлем әдебиеті де жақсы оқылады. Шетел әдебиетінің прозасын қазақшаға аудару қарқынды жүріп жатыр. Қазір еліміздегі барлық баспа бұл істі қолға алды. Оның ішінде "Qasym" кітапханасы, "Mazmundama" қоры, "Steppe & WORLD Publishing" баспасы да кейбір әлем әдебиетінің прозаларын қазақ тіліне алғаш рет аудардаруда. Оның ішінде балалар әдебиетіне көп көңіл бөлініп жатыр. Мысалы, қазақ тіліне тұңғыш рет Хәрри Поттер аударылды.

"Хәрри Поттер мен пәлсапа тас" кітабы оқырманға жол тартты

Сонымен бірге, Кеңес өкіметі кезінде қазақ тіліне аударылған, оқырман тарапынан жақсы қабылданған кітаптар қайтадан басылып жатыр. Мысалы, Ғали Орманов аударған "Анна Каренина", 1957 жылы аударылған Василий Яньның "Шыңғысханы", Носовтың "Дымбілместің хикаялары "... Осылар қазір жақсы сұранысқа ие. Себебі, бұлар қаншама буынды тәрбиелеп келе жатқан классикалық шығармалар.

Бірақ басқа жанрлар да сұраныста емес деп айта алмаймыз. Поэзияға, танымдық кітаптарға деген сұраныс жоғары. Бірақ, танымдық кітаптар аздау. Бізде оған енді көңіл бөлініп, енді аударылып жатыр.

–  Балаларға арналған кітаптардың саудасы қалай?

Әлбетте, "Менің атым Қожа" әлі де өтімді. Осы шығарманы әлі де кеңірек насихаттап, әлем тілдеріне ауларып, қазақ әдебиетінің бренді қылу керек. Осыны әдеби агенттіктер қолға алса, "Қожа" балаларға арналған әлемдік классиканың ешбірінен кем емес. "Менің атым Қожа" қазақ әдебиетін шетелде ұятқа қалдырмайды. Содан кейін "Дайағашшы" сұранысқа ие. Қазір бұл шығарманың төртінші басылымы шығып, сатылып жатыр.

– Шетел әдебиетінен қазақ тіліне аударылған шығармалар ше?

– Носовтың "Дымбілмесі", Джек Лондонның "Мартин Идені" жақсы сұранысқа ие. Джек Лондонның романы жасөспірімдерге, жоғары сынып оқушыларына керек шығарма деп ойлаймын. Өзім оқып, жасым отызға кеп қалса да жақсы мотивация алдым. Ал, жас кезіңде оқысаң қалай екенін елестете алмаймын. Бұл тек жазушы немесе журналист боламын деген балаларға ғана емес, жалпы балаларға мотивация береді. Себебі оның ішінде төбелес, жігіттік мінез, махаббат, шытырман оқиға, саяхат – бір сөзбен айтқанда бәрі бар. Тағы бір артықшылығы, аудармасының кереметтігі. Өткен ғасырдың 50-жылдары Боранбай Омаров деген кісі өте шебер аударған. Таңқалғаным, сол кісінің аты-жөні айтылмай кеткен. Соның ішінде өмірі естімеген, оқымаған керемет сөздерді кездестірдім.  Бұдан бөлек аталған жазушының "Теңіз қорқауы", "Ақ азу", "Тектік сарын" сынды шығармалары жоғары сұранысқа ие.

Уэллс Герберттің "Уақыт машинасы" романы да жақсы сатылымда.

– Кейінгі уақытта байқағанымыз қазақша кітаптар, қазақ тіліне аударылған шығармалар артып, кітап дүкендері көбейіп жатыр. Бұл кітап оқу қайтадан трендке айналып жатыр дегенді білдіре ме?

Мұның себебі көп. Бірақ мен бір себебін айтайын. Біздегі психолог, коуч-тренерлер, әртістеріміз кітап шығарып кетті. Ал, олардың кітабы кәдімгідей сұраныста болды. Содан кейін жұрттың жалпы кітапқа деген махаббаты қайта оянған сияқты. Бір себебі, осы. Тағы бір себеп, отбасыға қатысты, танымдық кітап, психология, мотивациялық кітаптардың барлығы қазақшаға аударыла бастады. Жалпы, айтқанда өз тілінде кітап оқығысы келетін жастар бар.

– Кітаптарды қай баспалардан аласың?

Қазіргі белді баспалардың бәрімен байланыстамыз. "Жазушы", "Атамұра", "Foliant", "Qasym" кітапханасы, "Mazmundama" қоры, "Steppe & WORLD Publishing" баспасы – бәрінің кітаптары бар.

– Қазір қандай кітаптар, қай авторлардың кітаптары шықпай, оқырманға жетпей жатыр?

Мысалы, Мағауиннің сатылымда 13 томы бар. Бірақ оны жеке дара сата алмайсың. Ал, оқырман Мағауиннің "Аласапыранын", "Мен" атты автобиографиялық романын жеке алғысы келеді. Сосын "Жармағын" оқығысы келеді. "Жармақ" 13 томдықта жоқ. Кейін жазылған болуы керек. Бұл роман бір рет шықты да, кейін қайта басылмай қойды. Оны сұрайтындар көп. Бірақ ешқандай баспа қайта шығармай отыр.

Булгаковтың "Мастер мен Маргарита" шығармасын сұрайды. Ертеде "Майталман шебер мен Маргарита" деп аударылған.

Сосын, Төлен Әбдіктің "Парасат майданын" көп сұрайды. Мысалы, "Оң қол" бар. Өте жақсы сұраныста. Әкелсең бітіп қалады. Ал, "Парасат майданы" жоқ. Бұларды ел бекер сұрамайды. Себебі, біз айтып отырған шығармалардың барлығы ортанқол емес. Елге пайдасы бар, берері бар, әдебиетте мойындалған шығармалар. Осыларды неге қайта шығармасқа?!

Меніңше, кітап баспалары кітапхана мен кітап дүкендерімен байланыста болуы керек сияқты. Олар оқырмандардың қандай кітап сұрап келетін кітап дүкендерінен біліп отырса дейсің. Мысалы, менен сұрап келсе, айтар едім.

Айта кетейік, Аслан Тілеген – ақын, кейінгі уақытта балалар әдебиетінде де өзіндік қолтаңбасымен көрініп жүрген қаламгер. "Үр", "Хадия", "Бойтұмар" жыр жинақтарының авторы. Елімізге белгілі "Ақ желкен" журналының жауапты хатшысы.