Бүгін Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Елбасымыздың Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында 2018 жылдың 20-21 қыркүйек аралығында Қазіргі заманғы сөз энергиясыатты Еуразиялық әдеби форум жұмысын бастады. Шараның ашылу рәсіміне ҚР Мәдениет және спорт министріАрыстанбек Мұхамедиұлы қатысып, құттықтау сөз сөйледі: Қазақ әдебиетінің бүгінгі қал-ахуалы баршамызды алаңдататыны даусыз. Ел әдебиетін қайтсек әлемге танытамыз? деген мәселе баршамызға ортақ. Ендеше түрлі мемлекет өкілдерімен мәдени және әдеби байланыс орнату мақсатында өткізіліп отырған бүгінгі шараның орны ерекше. Тарихқа көз жүгіртсек, мұндай ауқымды шара елімізде соңғы рет 1973 жылы өткен. Араға жарты ғасырға жуық уақыт салып ел ордасы Астана форумы қонақтарына құшағын айқара ашып отыр. Өз кезегінде жаңа замандағы әлем әдебиетінің көрнекті өкілдерін ел ордасы Астанада қарсы алу ұлтымыз үшін үлкен абырой және зор жауапкершілік! Осы ретте, Мемлекет басшысының Әлем бізді қара алтынмен немесе сыртқы саясаттағы ірі бастамаларымызбен ғана емес, мәдени жетістіктерімізбен де тануы керек деген қанатты сөзін тағы бір еске алуды жөн көріп отырмын. Бүгінгі шара, мәдениетіміз бен әдебиетімізді әлем жұртшылығына таныстыру үшін берілген бірден-бір мүмкіндік Мәдениет және спорт министрлігінің атынан және өз атымнан Форумның өтуіне атсалысқан, еліміздегі ең алғашқы және ең ірі шығармашылық бірлестіктердің бірі Жазушылар Одағына үлкен ризашылығымды білдіргім келеді, деп атап өтті министр. Жарыссөзде алғашқылардың бірі болып мінберге көтерілген Сандра Ратниц ханым Латвия-Қазақстан әдебиетінің байланысын нығайту мəселесіне назар аударды. Форумға Еуразия құрлығының белді қаламгерлері қатысады. Атап айтар болсақ, Ұлыбритания, Германия, Ресей, Қытай, Түркия, Латвия, Венгрия, Польша, Молдова, Армения, Украина, Болгария, Моңғолия, Әзірбайжан және өзге де мемлекеттердің қаламгерлері бар. Астана қаласындағы әдеби форумға Еуразия құрлығының түкпір-түкпірінен шетел қаламгерлері мен қазақ сөз өнерінің майталмандары жиналуда: Ақын, Тәжікстан Жазушылар одағының Төрағасы Низом Косим Латвиядан келген Еуразиялық әдеби форумның қадірлі қонағы Сандра Ратни. Юнус Оғыз бен Хаял Рзаза. Әзірбайжандық делегация Монғолиядан келгенақын,жазушы Гун-Аажавын Аюрзана,XXI ғасырдың бас кезіндегі жазушылардың ең беделді өкілі. Шарада сөз алған көрнекті ақын Мейірxан Ақдәулетұлы ағамыз: Біз әдебиет туралы айтпайтын болдық. Әдебиеттің бары мен жоғын айтуға, әдебиеттің даму бағдарын анықтап отыру үшін осындай форумдар бізге әлбетте керек деді. Өз кезегінде белгілі саясаттанушы Расул Жұмалы:Уақыт өткен сайын әдебиетте заман талабына сай тақырыптар мен кейіпкерлердің ерекшеліктері, әдістер және тағы басқалары өзгеруі мүмкін. Дегенмен, негізгі міндетінен ауытқымай әдебиет тарихтың кез келген сәтінде сұранысқа ие болып қала бермек. Тиісінше, 21 ғасырдың әдебиеті немен ерекшелінуі керек? Ол қандай сұрақтарға жауап беруі керек? 50-100 жылдан кейін қандай әдебиеттер оқылмақ? Ертеңгі классиктер кім болмақ? Ғасырлар бойы әдебиет адамның ойын жеткізуші, адалдыққа үндеу жасаушы жалғыз платформа болды десек артық айтпағандық. Тиісінше, жазушылар мен ақындарды қолдау төмендеп келе жатқаны тағы бар. Сондықтан болар 20 ғасырдан бүгінгі заман әдебиетінің айырмашылығы - жазушылардың ықпалы төмендеді. Сөзсіз авторитет саналған көркем сөз иелеріне қатысты ұлттың ар-ожданы деген анықтама бұрынғыдай естілмейді. Хемингуей, Бродский, Әуезов, Айтматов, Гамзатов секілді алыптар азайды. Бұл жағымды құбылыс па, керісінше ме, әркім өзі шешсін, деп әдебиеттің арғы-бергі өткені мен болашығына тоқталып өтті. Бұдан басқа форумда Олжас Сүлейменов, Мұхтар Шаханов,Астраханнан келген Юрий Щербаков,Қырғызстан Ұлттық жазушылар одағының төрағасы Акбар Рыскулов,Венгриялық жазушы Нора Майрош және тағы басқа есімі елге белгілі қаламгерлер сөз сөйледі. Ал ертең 21 қыркүйек сағат 10.00 мен 13.00 аралығында 4 секция бойынша: 1.Жаңа заман поэзиясы: көтеретін негізгі тақырыптар мен мәселелер, 2.Жаңа заман прозасы: көтеретін негізгі тақырыптар мен мәселелер, 3.Драматургияның өзекті мәселелері, 4.Қазіргі аударма ісінің хал-ахуалы тақырыптарында басқосулар болады.