Аслан Тілеген: "Қазіргі балалар әдебиетіне қаһарман керек"

Аслан Тілеген: "Қазіргі балалар әдебиетіне қаһарман керек"
Фото: Жеке мұрағатынан

Қазіргі қазақ әдебиетінде балаларға арнап шығарма жазып жүрген жас ақынның бірі, Республикалық балалар мен жасөспірімдерге арналған "Ақ желкен" журналы бас редакторының орынбасары қызметін атқаратын ақын Асылан Тілегенмен бүгінгі балалар әдебиеті мен балаларға арналған шығармалар аясында ой қозғадық.

***

– Балалар тақырыбына бет бұруға не итермеледі? Балалар басылымында жұмыс істеудің жауапкершілігі қандай?

– Балаларға арналған өлеңдердің де, көркем поэзияның да атасы қара өлең болған соң, екеуінің соншалықты алыстығы жоқ. Дегенмен, осы сүрлеуді жүріп өткен үлкен қаламгерлердің өздері айтқандай, балаға арнап өлең, тақпақ, әңгіме, ертегі, метаграмма сияқты толып жатқан жанрларға қалам тарту – шынында, қиынның қиыны. Осы қиын деген сөздің өзі мені қызықтырды. Ізденіс үшін де қызықтырды. Оның үстіне, өзім қызмет істеп жатқан "Ақ желкен" журналы балалар мен жасөспірімдерге арналған соң, ондағы "Бастауыштың балалары" айдарын тұрақты жүргізуіміз керек. Ал бұл айдарға жас қаламгерлердің балаларға арналған шығармаларын табу тіптен қиын болды. Осы жағдай да жазуға тағы бір себеп болды.

– Кезінде Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырза Әли, Байбота Қошым-Ноғай секілді мүйізі қарағайдай ақындар бұл жанрда қаншама шығарма жазды. Кейде балалар әдебиетінің алтын дәуірі осы қатармен аяқталып қалғандай көрінеді. Бұл жанрда қалам тербейтін өзің секілді жастар неге аз?

– "Балдырған", "Ақ желкен" журналдары мен "Ұлан" газетінің архивін ақтарар болсаң, балаларға арнап шығармалар жазған көп авторды кездестіресің. Әрине, онда шығармалардың сапасы едәуір жақсы авторлар жарияланған. Бірақ осы авторлардың бәрі бірдей тек қана балалар әдебиетінің өкілі емес. Өзің айтып отырған Қадыр Мырза Әли тек балаларға арнап жазумен өткен жоқ қой. Оның поэзиясын бір бөлек, балаларға арналған өлеңдерін бір бөлек қарастыруға болады. Сол сияқты Әбдіраштың Жарасқаны, Тұманбай Молдағалиев, Әнуар Дүйсенбиев секілді қаламгерлер балалар әдебиеті жанрына жанкештілікпен кірісті. Негізгі шығармаларын жаза жүріп, балаларға арнап жазуды да өздеріне мұрат қойды. Көз алдыңа жауға қарсы көмекке келген айбынды әскер елестейді. Міне, осындай ерлік бүгінгі қаламгерлерден, өз замандастарымнан көрінбейді. Әйтпесе, қалам ұстап жүрген жастар өте көп.

– Бүгінгідей гаджеттер мен технологиялар қатты дамыған дәуірде балаларды әдебиетке қызықтырудың қандай жолдары бар?

– Өзің айтып отырған сол гаджеттерді, технологияны жатырқамай, шығармаға енгізу керек деп ойлаймын. Себебі, балалардың дені онымен дос, олардан бөліп қарау мүмкін емес. Мысалы, осы тақырыпта бір өлең жазып көрдім.

"Ағамда бар бір көлік,
Əкемде бар бір көлік.
Көлігім көп,
Жүремін
Бəрін айдап үлгеріп.
 
Самокатка сол сəттен,
Аяқ басып алсақ тең.
Тежегішті, газды да,
Басқарамын саусақпен.
 
Гироскутер жоқ текке,
Тепкізбейді мектепке.
Жұмсаса тез жетемін,
Дүкенге де, аптекке.
 
Велосипед – серігім,
Ең сенімді көлігім.
Көліктермен осындай,
Əйбат менің өмірім.
 
Бір өкініш бірақ та:
Іліп алғын құлаққа.
Гироскутер, самокат,
Жатар кейде құлап қап.
 
Сөйтсем олар токпенен
Жүреді екен, əттеген.
Велосипедтен асқан,
Мықты көлік жоқ деген"

"Менің көліктерім" деген өлеңді осылай жазып көріп едім. Дегенмен, кемшіліктерімді жақсы білемін. Әлі де көп ізденіс керек. Қазіргі балаларға арнап ықшам, нақты жазуды үйрену керек. Балаларды қызықтыру үшін де оларға ұсынатын өнім болу керек. Сол себепті, ізденіс пен еңбек болатын болса, оқырманы табылады деген ойдамын. Әйтпесе, оқырман жоқ десеңіз, "Гарри Поттерлар" осыншалықты оқылмас еді.

– Қазіргі балаларды қызықтыратын қандай шығармалар жазылуы керек деп ойлайсың? Мүмкін бізге "Спайдермен", "Өрмекші адам" секілді қаһармандар керек шығар?

– Иә, қаһарман керек. Себебі, бала болған соң кумиріне еліктемей тұрмайды. Әдеби қаһарман жасай алмаған күннің өзінде ел сүйсінетін бүгінгі тұлғаларымызды кейіпкер қылуға болады деп ойлаймын. Мысалы, Сапарғали Бегалиннің "Бала Шоқан" әңгімесін қалай сүйсініп оқыдық. Соның ішінде Мүсінші Мысықты да соншалықты жақсы көріп едік қой. Сол сияқты "Бала Димаш", "Бала Бекзат" (Бекзат Саттарханов) деген секілді әдеби шығармалар дүниеге келетін болса, олар бала кезіндегі суреттеріне ұқсатып безендірер болса, қандай тамаша кітаптар болар еді. Қазір осындай дүниелер жазуды ойлап жүрмін. Осындай ізденістер жасалатын болса, оқырман қашанда табылады.

Т. Раушанұлы