- Негізгі бет
- Әдебиет
- Аслан Тілеген: Балалар...
Аслан Тілеген: Балалар ересектерден әлдеқайда ақылды
"Кітаптар әлемінде" Қазақстан жазушыларымен онлайн кездесу жобасы аясында Баянауыл №2 жалпы орта білім беру мектебінің кітапханашысы Құралай Багимованың ұйымдастыруымен мектеп оқушылары республикалық "Ақ желкен" балалар мен жасөспірімдер журналы редакторының орынбасары, ақын Асылан Тілегенмен кездесті. Құрметті қонақ "Балалар әдебиетінің бүгінгі жағдайы" тақырыбында әңгіме өрбітті. Кездесу мектептің ресми Instagram-парақшасында тікелей эфирде өтті. Кездесуді 937 қолданушы тамашалап, тақырыпқа қатысты сұрақтарын жолдады. Назарыңызға онлайн-кездесуде айтылған ойларды ұсынамыз.
"Қиындықтың өзі мені қызықтырды"
Балаларға арналған өлеңдердің де, көркем поэзияның да атасы қара өлең болған соң, екеуінің соншалықты алыстығы жоқ. Дегенмен, осы сүрлеуді жүріп өткен үлкен қаламгерлердің өздері айтқандай, балаға арнап өлең, тақпақ, әңгіме, ертегі, метаграмма сияқты толып жатқан жанрларға қалам тарту – шынында, қиынның қиыны. Осы қиын деген сөздің өзі мені қызықтырды. Ізденіс үшін де қызықтырды. Оның үстіне, өзім қызмет істеп жатқан "Ақ желкен" журналы балалар мен жасөспірімдерге арналған соң, ондағы "Бастауыштың балалары" айдарын тұрақты жүргізуіміз керек. Ал бұл айдарға жас қаламгерлердің балаларға арналған шығармаларын табу тіптен қиын болды. Осы жағдай да жазуға тағы бір себеп болды.
"Балалар ересектерден әлдеқайда ақылды"
Балаға өлең жазу үшін оның формасын анықтау қажет. Әр автор өзіне "Мұны бала оқи ма? Баланы қалай қызықтыруға болады?" деген сұрақ қойып, жауапкершілікпен ойланғаны дұрыс. Содан соң балаларға арнап өлең жазу үшін сол ортада жүру қажет. Қалада пәтердің ауласында ылғи балалар ойнап жүреді. Мен сол аулаға әдейі барып, балаларды бақылап, олардың айтқан сөзіне, ерке қылықтарына қарап отырамын. Тіпті, метрода немесе автобуста жанымда бала тұрса, соның әр қимылын бақылаймын. Кейде балалармен сөйлесіп, оларға әртүрлі сұрақ қоямын. Осы әрекеттермен мен олардың әлеміне еніп, неге қызығатынын білгім келеді. Балалармен сөйлесу барысында олардың ересектерден әлдеқайда ақылды екеніне көзім жетеді.
"Балаға өтірік айтпау керек"
Баланың әлемі өте таза. Оның психологиясын, тілін түсіну қиын. Балаға өлең жазу үшін өтірік айтпау керек. Болып жатқан жағдайды көркемдеп, өзі сүйсініп оқитындай жазу қажет. Кішкентай кезімізде не нәрсе оқысақ, соған сендік. Кейіпкердің тағдырына қуанып, бірге мұңайдық. Мысалы, Алматы туралы өлең оқысақ, осы қалаға келуді армандадық. Сол кезде оқыған өлең авторлары бізді алдамады. Сондықтан біз де осы таза әлемде жүргендіктен оқырманға өтірік айтпауымыз керек. Балалар әдебиетін зерттеп оқысақ, әртүрлі формада еңбектенген – Жарасқан Әбдіраш. Балаға кітап оқытудың тиімді формуласы ол – өлеңді жан-жақты түрлендіріп беру. Балалар оқитын өлең жазу үшін көп ізденіс қажет. Ересектерге арналған көркем әдебиетте қардың жауғанын жай ғана суреттеп жазуға болады. Балаға оны ерекше әсерлі етіп жазу керек. Әнуарбек Дүйсенбиевтің "Апаң сенің базардан" деп басталатын өлеңін бәріміз жатқа білеміз. Бізге қазір баланы қызықтырып, тәрбиелейтін осындай өлең керек.
"Балаларды қызықтыратын туынды керек"
Балаға арналған өлеңде ақыл айтпау керек. Марат Қабанбаевтың бір сөзі бар еді: "Ақыл айтатын дидактиканы оқыған бала сақалы бар кішкентай данышпан болып шығады". Балаға ақыл айтпайтын, оны қызықтыратын туындылар керек.
Өзіме Тынымбай Нұрмағамбетовтің "Үшінші класстың жетекшісі" деген шығармасы қатты ұнайды. Қанша оқысам да, жалықпаймын. Ал Сайын Мұратбековтің "Жабайы алма" повесін оқыған әр адам бітпесе екен деп ішінен тілеп отырады. Балаға да бітпей, жалғасы болса екен деп отыратын шығарма жазу қажет.
"Әр буын өз заманын жазуы керек"
Жақында бір жазушы досыммен сөйлескенде оның "әр буын өз заманын жазуы керек" деген сөзіне ойланып қалдым. Шынында да әр буын өз заманын жазуы керек. Біз оқыған Бердібек Соқпақбаев, Сайын Мұратбеков, Шерхан Мұртаза шығармалары Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі ауыл өмірі тақырыбында жазылған. Біз ол соғысты көрмесек те, авторлардың шығармасын оқу арқылы сол замандағы ауыл өмірінің қасіретін білеміз. Егер біз қазір өз заманымызды жазсақ, ол келер ұрпаққа қажет тарих болып қалады. Қазір оқырманның талғамы жоғары. Оған кез келген өлеңді ұсына алмайсың. Сондықтан авторға жан-жақты ізденіс қажет. Автор оқырманды емес, оқырман авторды іздейтіндей болуы керек.
Қазіргі авторлар фантастика, мистика жанрында жазса деймін. Қазіргі заманғы танымдық әдебиет те жазылмай жүр. Мысалы, қазір балалар самокат тебеді, YouTube көреді. Сол туралы өлеңдер бізде жоқ.
"Балаларға арнап нақты жазуды үйрену керек"
Гаджеттерді, технологияны жатырқамай, шығармаға енгізу керек деп ойлаймын. Себебі балалардың дені онымен дос, олардан бөліп қарау мүмкін емес... Қазіргі балаларға арнап ықшам, нақты жазуды үйрену керек. Балаларды қызықтыру үшін де оларға ұсынатын өнім болу керек. Сол себепті ізденіс пен еңбек болатын болса, оқырманы табылады деген ойдамын. Әйтпесе, оқырман жоқ десеңіз, "Хәрри Поттерлар" осыншалықты оқылмас еді.
"Әдеби қаһарман керек!"
Бала болған соң кумиріне еліктемей тұрмайды. Әдеби қаһарман жасай алмаған күннің өзінде ел сүйсінетін бүгінгі тұлғаларымызды кейіпкер қылуға болады деп ойлаймын. Мысалы Сапарғали Бегалиннің "Бала Шоқан" әңгімесін қалай сүйсініп оқыдық. Соның ішінде Мүсінші Мысықты да соншалықты жақсы көріп едік қой. Сол сияқты "Бала Димаш", "Бала Бекзат" (Бекзат Саттарханов) деген секілді әдеби шығармалар дүниеге келетін болса, олар бала кезіндегі суреттеріне ұқсатып безендірер болса, қандай тамаша кітаптар болар еді. Қазір осындай дүниелер жазуды ойлап жүрмін. Осындай ізденістер жасалатын болса, оқырман қашанда табылады.
"Баланың әлемі шынайы"
1-2 жыл бұрын бір ата немересімен бірге редакцияға келіп, 12 беттік дәптерге жазылған өлеңдерін қалдырып кетті. Дәптерден «Аяз атаға» деген өлеңге көзім түсті. Бала Аяз атаға үйдегі жағдайын түсіндіріп, "несиемізді жауып берші" деп жазыпты. Міне, баланың әлемі сондай шынайы. Бірақ бір ескеретіні – баланың шығармашылығын ата-ана бақылауы керек. Электрон поштамызға келетін хаттардың 80%-і ана, туған жер, ұстаз, тәуелсіздік ұғымдары туралы жазылған. Ата-ана бұл өлеңдер баланың өз жүрегінен туды ма, әлде санадағы насихаттың салдары ма, соны анықтауы керек.
Сұхбат барысында Асылан шығармашылығындағы жаңалықтарын бөлісіп, оқушыларды кітап оқуға шақырды. Бұдан бөлек баянауылдық оқушылар мен "Ақ желкен", "Ұлан" газеттерімен байланысы және 2018 жылы ұйымдастырылған "Ұлыларға тағзым – ұрпаққа аманат" атты экспедициясы туралы естеліктер айтылды.
Қызғалдақ Бейсенқұлова,
Баянауыл №2 жалпы орта білім беру мектебінің мұғалімі
Т. Раушанұлы