Ардақ Нұрғазыұлы. Саябақ (поэма)

Саябақ (Поэма)

КІРІСПЕ

Жым- жырт аспанда құс кідірді.

Серпіген қанаты -

Тас жұмылған уақыттың маңгілік ашылмас алақаны.

Терезеден төгілген күннің сәулесін

Тықпалап қара түнекке - көлеңке кемірген.

Ашылмайтын түңліктің жібі үзілгенде

 

Даланы торлаған тарау - тарау жолдар құлазып

Төбеден бір жұлдыз аққан.

Біреуді шығарып салып, біреуді тосып тұр.

 

Алақандағы топырақ

Желде ұшқындайды

Ен даланың соқпақтары тірелген моллалар құсап.

Күтіп тұрған жанның бейнесі де бұлыңғыр -

Қасқайып түрған тас обаларға үқсайды.

Ол да үн-түнсіз.

Тас обаның түбін қазған қолдардың

 

Көбесінде де қалған...

Бір түйір топырақ.

Тостағандағы жазудың үзілген ұшығын

Иненің көзінен өткізген де -

Бұлыңғыр далада қалған іздер

Тас обаны сүйеп түрғызған қолдар.

Уақытқа қараған көздің жанарында жас бар

 

Дегенмен....

Жылжыған уақыттың

Тозған кіреукесінен де тозаң төгілген.

Көш жүріп кеткен екі жұртгың арасынна

Сах, Ғүн, Түрік, Қыпшақ пен Қазақтың

Ізі шөккен бе?

Айға сілтенген қылыштың жарқ еткен жүзінен

Қан тамғанда,

Тілім-тілім болып кескіленген далада

Қара түн түнған.

Кім сонда

Шаншылған қанжарға ақ пен қан құйған?

Құлағыңды түріп тыңдасаң жерді, естисің

Ен даладан шауып келген

Ен далаға шауып кеткен ...... үнді.

Қазып жатыр жер -

Қазылып жатқан көр.

Ол біздің

Жүрегімізде ағып жатқан өзенге көмілген.

Бақшаның далаға ашылған есігінде

 

Түн ұйып тұншықты.

Желмен жортқан аңызда қыл ішек өксіп,

Бір сапарда екі бағытқа кеткен кезбені

Кімдер арулап жерледі?

Көз алдымнан бір сәт кетпейтін жарымның

Бетіндегі мендей,

Қаққан қазықтың түбін қопарсаң да шығады

Қорғанға қадалған жебе -

Оны неге ешбір тат шалмайды?

 

Бақшаның тас қаланған жолында түрған жанды

Түсінен оятты -

Тайап келген,

Далада әлде қашан өшіп кеткен ...... аяқтың тықыры.

Сынған құмыраның қирандысы

Қолдың табымен қайта тұрғызылған мүсіннің

Тереңнен үзіліп жеткен сазда мүлгуі .....

 

І

Түсіңде жұттың

Өзіңді - өзің жаңғырық,

Қараңғы түнге жартасты жалғыз қалдырдың,

Мен де жартас.

Айғайды жек көрмегенімізбен

Үнсіз отыруға үйрендім.

Тарих жазылған кітап парақталып,

Одан да дауыс шыққанда

Ол да бізді айғайымен есеңгіретіп кетті,

Мейлі оны үнсіз отырып қабыл алсақ та.

Тамға шапталған қағаздардағы ірі жазулардың елесі

Миымызды торлап,

Картадан алып қызыл күнді ғана көрдім

Шығыстан дауыл соқтырып, құм көшірген.

Бүгіннің өзегін талдырып,

Уақыттан тамған тамшы, тас болып қатты,

Геродот пен Сма - Чянның ағысында

Шөкпей, ақты.

Мен сені бұлт астынан іздедім -

Маңдайдағы әжімнен.

Шұбалған ескі жол даланы шиырлап,

Адырна шық етіп, жебені сүйді.

Алақандағы жазу сол жолдар жатқан дала -

Ат бауырына түскен батырдың шалқалағанын да -

Қалқанына қадалған ... Жебе -

Сол далаға.

Тағдырдың сызығы қиюсыз қиысқан,

Тоныкөктің тас ескерткіші

Құм көшкіннің астында қалды.

Сақ сарбазының дулығасындағы қауырсын

Бір көрініп, бір өшіп ... Күнге шағылысты.

Бір түйір қан ... Өртенген күн,

Алыс көкжиекке құлаған,

Шоп етіп жанарыма шөкті ол

Мен оны алаңда тұрып көрдім.

Айналам ағаш, толқиды желде ырғалып,

Түн ... Қарауытқан теңіз буырқанады

Тері тұлыпта кесілген бас қан жұтады,

Толқында қақалып.

Түн... Шексіз құм...

Толқыды теңіз қышы құмырада ...

Мәңгітасқа бастым.

ІІ

Бақшаның ескі қорғаны алынып

Орыны өзгерді алаңға -

Тат басқан темір решетканың арасынан

Көгалға төгілген сәуле өзгерді

Иір - иір жолдар түйілісетін

Ағаш арасындағы жаңарған соқпақтар іспетті

Ескі бақтың көзіне шөкті.

Решеткада қанатын қаққан Елқалайкөшеді де

Ұшып кетті белгісіз жаққа.

Адасып қалдым ойымнан -

Күннің шуағы

Әлемді жарық пен қараңғыға қақ бөлген.

Бұрқыраған иісі бар,

Шөп, жапырақ, қара топырақ

Астында жатқан шылаушын,

Күннің дүлей шуағынан жалтарып,

Түні мен жауынның келуін күтеді,

Жаңбыр мен суықтың ызғарын.

Көшеде жортты жел

Үйіріліп,

Көлден көтерілген аққу, аңызға айналып

Тат басқан теңгенің көзінен өтті.

Соқырдың таяғы тиген тас баспалдақ

Жаңғырады -

Шұбатылған, ғасырлар жатқан аңғар

Уақыттың өзегінде,

Өшпейтін қан дағы қалған.

Екі баспалдақ арасында -

Үнсіздік

Таңғы шық, бір тамшы қан, Шәкен Елубайдың

көз жасы,

Жалғайды ... Үнсіздік,

Бақшада,

Тас баспалдақта шылаушын жатқан.

Тек көлеңке жарықты аңсайды,

Мен тұрмын тас баспалдақта үнсіз.

III

Түннің толқыны жартасты, құмды жағаны ұрып

Ақ көбік уақыт шатынап сынған, шашырап.

Өткен мен бүгін - толқын, толқиды шайқалып

Жағада жатыр ұлудың қабығы ағарған.

Келешек уақыт - құм қайраңда жоғалған,

Ізді жұтқан,

Нар толқын түнектен - түнекке шапшыған.

Өзінде жұтқан жағада -

Құм қайраңға шаншылған.

Қолымдағы тасты лақтырдым, қаншалық алысқа түсті

Ол да менің жүрегіме соншалық батты.

Көшеде иық сүйкесіп талай өттік, таныспасақ та

Көлеңке мен жарыққа бейнеміз сіңген.

Ағаш басындағы жапырақ - кітап парағының екі беті,

Бірін - бірі мәңгі көрмесе де сезеді,

Бірі қараңғыға сүңгігенде, бірі жарыққа малтып шығады.

Шахмат тақтасынан құлаған пешка,

Саусақтың табын қалдырды жарыққа ойып.

Мөлдіреп тұрды тіршілік

Тостаған ұстаған сол қолда,

Бетінде жұлдыздың сөнбейтін сағымы ойнап.

Сынған бір бөлшегі түбінде тұнды,

Мен оған үңілдім, ол да қарады.

Шелектегі судан аспанды, өзімді көрдім

Қазылған көрге шашты топырақ, мен де шаштым.

Кеше мен бүгіннің, ертеңнің елесі

Айдың жарығына шомылып,

Қарап тұр үңіліп -

Шашылды сары жапырақ ...

Бір уыс жұлдыз,

Тас обаның көлеңкесінде

Қылқобыз тынды.

Мұңлы үніне соңғы рет қош айтып күрсінді.

Мен қалдым жалғыз.

Емілдің иірімі шабақ соғып, одан да қалды ескі жара.

(Ақ еті аппақ еді, атқан таңдай)

Қызыл мәуті күннің алауы бояп,

Ай да өртенді, оттай қызарып.

Саусақ тиген анар ... Дала...

От пен су, қараңғы мен жарық өбіскен

Бір тамшы шық

Ақ пен қызылдың арасында талаураған,

Түннің кірпігінен пайда болып,

Жарықтың көзінде жоғалған.

IV

Құладым шексіз биіктен ... Түнекке,

Кім мені алақанына алып ...

Мәпелеп, жыр еткен.

Аспанды теңгедей көрсеткен терезенің әйнегі шағылып,

Атқойды айғай мен шу.

Көшеде жел сүйреген қиқым қағаз шарқ ұрды елеуреп.

Төбемнен төгілген лампаның жарығында,

Көлеңкеміз көбейді әлде нешеу болып,

Мен одан жағасы жыртылған көлеңкені таба алмай

Дал болып, мысым құрыды.

Терезенің алдындағы бір түп қара ағашқа

Сүңгіді торғай,

Қараңғы қапасқа кіріп кетті,

Темір есік шарқ етіп жабылды,

Аржағынан естілді кешегі айғай.

Жұдырықтай жүрегіме тұнған қара түн,

Құшағын кең ашып өзіне тартқан,

Түбі жоқ шыңырау ... Азалы үн,

Түнектен - түнекке ... Құлап келемін.

Кітапты ашық терезеден сыртқа атып жіберсең

Алақаныңнан ұшады кептер,

Қанатын қаққанда естіледі

Соғыс балтасының үнінде Моцарт. Жаназасының

Нотасы бар,

Қара жерге тырс етіп тамған бір тамшы қаннан

Естисің,

Тіршіліктің аһ ұрған қасіретін.

Төменнен қарап қалған сәби қолын бұлғады,

Бал - бұл жанған жүзінен көрдім алаулаған күнді.

Үрейім ұшты,

Көрді ме деп қараңғы қапаста отырған мені.

Жыладым ... Жұрт қорықты ...

Аспан мен жер толқып,

Тарының қауызына сыйды әлем,

Мен көрдім қазулы көр ... Жарықтың көзінен.

Қайдан келемін,

Қайда барамын.

V

Қураған өзеннің тандыр тағанынан қазылған құдық -

Қазылған көрден шықты малта тас,

Құм мен қиыршық ... Шөлдеген.

Кешегі уақыттың ағысында қалған із -

Ескі жырдың бұлдыраған ақырғы жолы.

Ессіз қараңғылық шырмаған үйде естіледі

Екеудің сыбыры,

Олардың ортасында мүлгіп отыр менің елесім.

Айдың сүттей жарығы себілген көгалға сұладым,

Жаттым

Аспанда жымыңдаған жұлдыздарды мағынасыз санап.

Алақанымдағы бір тал шөпті құй батпаққа батқан

Қауырсынға балап,

Көз алдымнан ұшырдым.

Қапаста құс қанатын серпи қаққан.

Маңдайымды бастым ... Дымқыл топырақ

Өртенген ...

Терең қатпарында бәйтеректің тамыры қурап, солған

Өзегін жалын жалмап.

Құс ұясында қартайып,

Балауса шөп көктемнің жаңбырлы дауылында сынған,

Тасыған өзен мен құм көшкінінде

Тағдырдың жазуы өшкен, құлазып.

Суға жазылған жазу -

Бұлбұлдың көмейіне шөккен таста ойылған ...

Қобыздың шанағынан есілген күй.

Қарсымдағы тамда ағарып ақ орын тұр

Кешегі уақыт тұнған -

Айна да, сағым да жоқ.

Жалаңаштанған орын -

Беделдің қыл қаламынан туған май бояулы сурет,

Ақ, қызыл, сары, көк ... Қара

Танылмастай баттасқан (әлемнің реңі).

Сиыртүстегі күннің жарығында

Үнсіз көз сүзеді бір бейне одан,

Маған таныс (айнадан көргенмін).

Кешегі уақыт пен бүгінгі уақыт -

Суреттегі көлеңке,

Тесіле қараған жанның жанарын жапқан.

Ертеңгі уақыт - сынған айна,

Көлеңкелі жанар мың - сан айнадан

Күлімсіреп, үнсіз қиыла қараған,

және де

Ескі жырдың өшіп кеткен ақырғы жолынан.