Жалғасы
VI
Жарықтың көзінде ноқат - күн,
Жел мұжып топыраққа айналған тастың бетінде жылжыған
Сағаттың тілі.
Бәйтерек жығылды
Түсінде көлеңкесін құшып.
Айналды тиірменнің тасы -
Уақыт ... Шытынап сынды.
Желге ұшқан бір түйір құм,
Іздейді жоғалған мекенін.
Бойымдағы қантамырларда желкенін жайған кеме,
Ягорын тастаған сол құмда.
Буырқанған теңіздің түбінде жатыр ағарып,
Экспедициядан оралмаған археологтың көзәйнегі.
Жаңғырық қана талып жетеді одан,
Сәбидің құлағында өшкен сыбыр ...
Бесік жыры,
Ол маған сыйлады семсер мен жел.
Рамкадағы суретке ұшып келіп соғылды
Тоғай ұмытқан,
Күндізден жалтарған құс.
Тағдырын өзгертті қаламның ...
Кеше мен бүгіннің реңін - бояу.
Жыртылған күнпарақтың бетінен
От тұтап,
Жалынға қақталған уақыт айналды тасқа.
Көшеде кездескен бейнелер билеп жүр ...
Тас бетінде
Қос сәбиді емізген көкбөрі тұр онда ұлып ...
Ұсынған қолыңнан сездім мен жылылық,
Кеттім өртеніп,
Тұрдың сен жартас ...
Жаңғырып.
Шұғыла шашқан күндей нұр тамған бейнеңмен,
Сыйладың сен маған көлеңке және үнсіздік.
Алаң - теңіздегі арал,
Толқын көтерілгенде тұманға шөккен,
Үнсіздікті - үнсіздік ішіне бүккен.
Онда ақ үкі дамылдаған,
Ұзақ сапарында әредік тыныс алып.
Сондықтан да батып кетпеуін тілейді
Толқында көміліп.
Қалықтап тұр алаңның аспанында батпырауық,
Әкесі ұстатты балаға қылдай жіптің ұшын.
Мен де тұрдым алаңда,
Аласұрған ойдың толқынына көміліп.
Ағаш арасында көлкіген көлеңке жетіп келді
Қасыма баяу басып,
Мен баяу суға баттым,
Ол дағы серік болып бірге батты.
Бүршік - ағаштың дерті тәнімен бүркеген,
Көктемнің қиялы -
Бұрқырап көтерілді су бетіне көбік.
Ұшып өтті бір топ тырна көк аспанды тіліп,
Төменде жатты
Сызат шалмаған қара жердің қауызы - Мола.
VII
Ашпа есікті, шауып кірмесін қараңғы -
Түзде қамаулы - ширыққан түн.
Жауардай
Сұстанған күннің қабағы салбырап -
Жартастың бетіне шыққан қына -
Сыртына тепкен түгін,
Телефон трубкасын көтергенде аржағынан естілген үн -
Үрейдің, түннің үні.
Немесе, мысық келіп есікті тырналаса.
Шүмектен су төгіліп, тасыды шәугім -
Иленген балшықтан мытып жасалған сағат,
Бұлқынған бұлаққа көмілді,
Ақ көбік, ақ күміс шашқан
Еріп, езілді уақыт.
Сүңгіді оған -
Мешіттің төбесінде айналып,
Қоңыраулап ұшқан көк көгершін.
Тартылған көлдің орнында, қайраңда қайық ...
Сөгілген аудың арқауын отырдың жамап.
Ескекті сындырып кеткен,
Уақыттың толқыны соғып.
Сен маған ұсындың үнсіз бір сабақ гүл,
Мен сені танымадым.
Қанжолда қасымнан, боратып өтті машина
Сездім ызғар ... Қабағынан.
Үзілген гүлдің сабағында мөлдіреп тұрды
Бір тамшы сөл.
Гүлдің сабағынан тамды,
Сол мөлдір тамшы - жердегі көлеңке
Аспанды бүркеген топ қарғаның дауысы,
Шырмалды тұтасып.
Суда бұлқынды, тордағы балық.
Көшенің қарсы жағынан естілген,
Сырнай мен даптың дауысы, мені өзіне елітті -
Аққу мен қаздың сұңқылы...
Батар күннің қан қызыл арайына малынған аққу
Қанатымен көл сызып бара жатты -
Отыр қария тарамысы қалған қолдарымен
Тынымсыз дап соғып,
Қасында тұр бала жігіт теңселіп, сырнай тартып.
Қанжолды кесіп өтпей, тұрдым мен соны тыңдап.
Аққудың су бетіндегі көлеңкесі, қанатын жаза алмай
Тереңге тартты.
Талықсыған тастың тағдыры - тозаң,
Қысы - жазы көлде жатып бозарған мәйіт,
Құм басқан жағаны құшты.
Қатыгез күннің төгілген шуағына шомылып.
Тәннің тарихы - жыртылған,
Толқын жұтқан жағадағы із ...
Қанжолды кесіп өтті.
VIII
Орманның, түннің елесі ...
Сыдырылған үйеңкінің қабығынан ашылды есік,
Ашылды түннің келбеті.
Уақыттың арнасы тарайып,
Домалаған тамшы жас жағадан жараланды,
Жарға соғылып.
Өзектен құлаған өрт -
Теңізге талпынған тамшы -
Тынды ... Толқын толқынға қосылды.
Аспаннан аққан жұлдыз - түннің жасы,
Уақыттың көзінен тамды.
Көше автобусқа шықтым,
Біреулер түсіп кетті.
Босаған орынға отырды енді біреулер.
Сарғайған күзгі орман да
Үп еткен желмен еріп,
Сылдыраған сары жапырақ,
Ізді жасырып кетті.
Көшеде арлы - берлі ағылған адам ...
Жолды жапырақ жапқан,
Жым - жылас ... Уақыттың ағысы.
Келген хаттың бетіне жазылмапты адрес.
Жүзіне қарағанымда,
Пошталион күлімсіреп күлді маған.
Шығарып салып қақпасынан жындыхананың,
Соңынан қарап тұрған бейне бар өңінде -
Кешегі күлген, жылаған бейнесін тас ұмытып,
Қарамай кеткен оның ертеңін ойына келтіріп тұрған.
Мен де күлімсіредім,
Иық сүйкескен жанның бетіне қарап,
Арамыздағы бостықта көрінбей тұрған жанның бетінде
Шимай - шимай жазу ...
Танымай тұрмын,
«Құранның» бетінде де өзім танымайтынжазу.
Тек өз - өзімнен ғана мағынасыз күбірлеймін ...
Ары қарап кеткен жанның сыбыры.
Қараңғыда бір қолым бір қолымды іздейді -
Аттанған алыс сапарға жолаушы,
Қобыздың қыл ішегінен туған жыр -
Көмусіз көр -
Бұйраланған судың бетінде толқын
Шулаған...
Сырдың жағасын құшып өксіген,
Мен де толқын -
Емілдің жағасын құшқан.
Екі бекеттің арасы - үнсіздік ...
Жаңбырда табыт көтердік ...
Езілген мибатпақ - жер
Шұбалған жолдың ақыры - Есік.
Автобустан түсіп кеттім ...
Жабылды есік.
IX
Қорғаны алынған бақшаға
Қашып кеп тығылды көлеңке,
Решеткадан аттап өткенде, көгалға сүрінді тарих,
Соңынан түскен ізден адасып қалды көз жазып,
Тарам - тарам жас -
Жолдар алдынан шыққанда кес - кестеп.
Тіл ұшындағы бедер - үнсіздік,
Томағалы құс,
Құсбегінің қолынан ұшуға талпынған.
Тас бетіндегі бедер - жалғыздық
Жұмбағын ішіне бүккен еріннің табы,
Уақыттың маңдайына тиген.
Жартылай ашылған есіктен сығалады ...
Оты сөніп бара жатқан жанарға шөкті тұман.
Құлазыған жарыққа бас ұрып көлеңке ...
Көше шамында,
Анталаған қараңғыға жете алмай тұр,
Жарықтан жаралған қараңғы.
Ұзын ағаш орындықта отырған мені,
Мазақ қылды жымыңдап,
Кешегі қоздаған оттың
Әлде қашан өшіп кеткен ұшқыны.
(Ескі жұртта қалған тас ошақтағы қоз)
Шешемнің алақанындай маңдайымнан сипаған жел,
Темекімнің шоғын үрледі алаулатып.
Түтінге қақалған, көзінде жас бар Шешем
Отын үрлеп, мейірмен қарады маған.
Кешегі бақшаға жиналған адам тұманға сүңгіп,
Шықтың бетіндегі көлеңке күн сәулесінде
Жоғалтты реңін.
Қирады тас ескерткіш,
Көрінбейтін қолда мытылып.
Қураған қарағаштың томарын жаулаган құмырсқа,
Шеру тартты
От боп жанған қызыл алау -
Көгалда жылжыған күн сәулесіне еріп.
Жүзін жаңбырмен жуып, жапырақ ірікті жасын
Уақыттың тозаңы - тамшы,
Сыздаған.
Жылт еткен ескінің көзі,
Түсіп қалған түйменің орны - Бақша.
Бақшада ... Жағалап келемін,
Жоғала бастаған
Ескі қорғанның орны.
Кешегі кірер есік
Қайта ашылмастай мықтап жабылған.
Итере салып тарихтың белгі тақтайын,
Тасқын су әкеткен жағаны.
Әр күні бақшаға есіксіз кіріп - шықсақ та,
Іздеймін әркез тұман шөккен сол жағаны.
X
Түннің дәнегін жарып шыққан қараңғыдан
Сытылды таң,
Сөгілген құшағын ашты нұрға.
Ағаштың басындағы ұяда
Жұмыртқа қауызы жарылмаған.
Сайраған бұлбұлдың үні - қапаста тұншықты,
Қараңғы мен жарықтың ернінде малтыққан.
Үстелде
Шыныдағы шайдың ыстығы тарады...
Даланың шежіресін өшіріп алды қарт,
Досының қабір тасын етсіз қолымен сылап тұрып.
Соңынан ерген қиялды адастырып кетті -
Қабірге қойылған гүл
Күлтесін төгіп - жылап.
Ай нұры астында,
Мүлгіп жатқан мазарға кіре алмай тұр
...Тосып, қара көлеңке
Үкінің күлкісін сәбидің күлкісіне балап.
Демін алған шайымды ұрттадым мен,
Таң алдында
Баран тартқан үй ішінде,
Өзімді үнсіздікке орап.
Кімнің қолы есіктегі кілтті бұраған,
Ен даланың түсін кезген қиял.
Үйірілген жел,
Төскейден құлаған сел,
Өшіп барып, қайта шалқыған үн -
Кісінейді...
... Жетіп келді-ау.
Құлыптың саңлауынан көз алмай қалдым мен,
Есіктің аржағында - саз берген таң.
Таң.
Кешегі уақыт пен бүгінгі уақыт тоғысқан
Алаң.
Аққудың соңғы әуенін зарлы сұңқылы деме,
(Үнсіздікті ішіме бүкпен.)
Жарық пен қараңғы қақ бөлген жүзін,
Жориды таңғы желі
Теңіздің тар терезеден кірген.
Былдырлаған сәбидің тілінде айтылған кесім бар,
Құлағыма келеді бір әуен ұзақтан талған.
Батар күнді кеудесіне қондырған қарт,
Шыққан күнге мінәжәт етті
Темір тордың аржағынан.
Жүзінен терең түскен әжімді көрдім.
Қабырғада ілулі тұрған қобызым аққуға айналды да
Қанатын қақты.
Даланы торлаған жолдар сірә қайда барады?
Көлеңкесін сүйреткен түннен ұшып шықты
Қарлығаш және үкі.
Мені іздеп тұр-ау, алаңда біреу.
Күндерді түйреп өткен уақыт,
Ағып кеп сақ етті бүгінге
Үрей -
Шайға салдым мұзқант,
Еріді -
Тас боп қатқан уақыт
Сақпының тасы -
Кешегі жылаған баланың аузынан шыққан айғай.
XI
Жүгіріп келе жатып
Жоғалып кеттің.
Көпірге тиді ...
Аяқтың тықыры.
Ағып жатқан өзеннің бетіне үңілдің
Өшіп кеткен тықыр -
Көлеңкеден тамған тамшы
Жылап барып, жоғалтты өзін.
Мен
Жағаға шапқан толқынды кештім,
Шырақтың түбінен басталған жол ...
және
Қара түсті шатырды
Жаңбырда көтерген
Мен.
Ағаштың терең қатпарын тесіп өтті
Тоқылдауықтың тұмсығынан ұшқан үн,
Орманды кезіп кетті.
Сыбырласқан жапырақ пен
Толқыған шөптің жүзінде,
Жарық желкенін жайды.
Ымыртта терезенің әйнегіне соғылып қайтқан сәуле
Жалғайды,
Қара орманнан шыққан жалғыз аяқ жолды
Ен даланың төсінен аққан өзенге матап.
Көшенің бұрмасынан қарап қойып
Жоқ болып кеткен жанның қарасы
Сазбалшыққа басылған аяқтың ізі,
Қараңғыға сүңгіп
Көрінбей кетті.
Көзәйнектің аржағында қарауытқан көше,
Орманда түн ...
Өзін жоғалтты.
Дирижердің сермеген таяғының ұшы,
Тарихтың күйін шерткен
Музыканттың алдындағы нотаны
Тесіп кетті.
Өрмекшінің торынан сүзіліп, өтті уақыт
Тасқа ойылған бейненің жүзінен көрдім мен
Балға қонған қасіретті.
Қанатын жаза алмай малтығады ара.
Гүлдің желмен көтерілген тозаңы
Қанатын қақты.
Есіл мен Ертіс толқын атады күреңітіп.
Даланың елесі -
Үйірлі жылқы ...
Өзеннен шауып өтті.
Қара тасқа қамалған бөрі...
Оғыз бен Қыпшақтың
Маңдайында туған айда ұлыған...
Даланың үні.
Ол менің таңдайымдағы бір шым - шым насыбай -
Топырақтың дәмі.
Тәмәмдап
Тамырдан жапыраққа дейінгі сапар,
Жел көтерген бұлтқа иек артты
Ағаштың басына ілінген қиял.