Анар Қабдуллина: "Қазір оқырманды нон-фикшн, мейнстрим жанрлары қызықтырады"

Қазақ әдебиетінде қандай жанрлар дамымай жатқанын Массагет порталы еліміздегі ақын-жазушы, сыншылардан сұраған болатын. Бұған дейін белгілі жазушы Өміржан Әбдіхалықұлы мен сыншы, Бағашар Тұрсынбайұлының жауабы ұсынылды.

Өміржан Әбдіхалықұлы: "Бізде драматургия қартайып бара жатыр"

Бағашар Тұрсынбайұлы: "Қысылмай айта жүрейік..."

***

Анар Қабдуллина, сыншы, жазушы: "Қазір оқырманды нон-фикшн, мейнстрим жанрлары қызықтыраты"

Жазушы қоғамның сұранысын дөп баса алатын сұңғыла болғаны жақсы, жазушылық шеберлігін талмай дамыта түссе тағы құба-құп. Рахымжан Отарбаев ағамыз өмірден озар алдында Сәуле жеңгемізге: «Қалай жазудың сырын енді таптым» деген екен. Өмір бой ізденіп өткен, қаламына қатаң талап қоя білген адам еді ғой. Сол ізденістің арқасында "Шыңғысханның көз жасы" сияқты биік дүние туды.

Жанр қоғам сұранысына қарай сұрыпталады, алайда сұранысты анықтау үшін де алдымен ұсыну керек. Әдебиеттегі әлемдік тренд елімізге "Меломан" кітап сауда желісі арқылы келді. Шет тілден аударылған бестселлерлер ішінде нон-фикшн көш бойы озып тұрғаны байқалды. Бұл жанр ерекшелігі, мұнда автор өзінің басынан өткізген қызықты оқиғаларын өрнектейді.

Бір танысым өзінің Грег Мортенсонның "Үш шәшке шай" кітабын нон-фикшн екен деп оқығанын, кейін автор қиялынан туған дүние екенін білгенде өкінгенін айтты. "Мен расында да, автордың өзі көлікте түнеп, көп қиындық көріп барып жетістікке жеткен екен десем, жылы жерде отырып қиялдан алып жазған екен. Соған уақытымды құрттым", - деді.

Қазір оқырманды нон-фикшн, мейнстрим жанрлары қызықтыратыны рас, себебі, автор оқиғаларды өз басынан өткізсе, шынайы шығады деп ойлайды, қандай да бір тәжірибесін алып, үйренгісі келеді. Сондықтан бүгінгі сұраныстағы шығарма кез келген бай тіл қолданыстарын, ұзақ суреттеулерді, астар мен тұспал, т.б. миға салмақ түсіретін  тәсілдерді тәрк етеді, бұл ерекшелік жанрға да байланысты емес.

Кеше Зәуре Батаеваның "Мектеп", "Америкадан келген хат", "Антрополог" деген үш шығармасын оқыдым. Зәуре осы айтып отырған таза баяндау тәсіліне басымдылық берген екен. Яғни, автор айтпақ болған негізгі ойды сіңірген кезде оқырман көңілі ештемеге бөлінбеуі керек.

Бізде детектив жанры дамымай тұр. Дегенмен, мемлекет басшысының әкесі өз кезінде детектив жазғандықтан, кейінгі кезде бұл жанрға көңіл бөліне бастады. Біздің қоғам әр нәрсені саясиландыруға құмар екені рас.

Балалар детективі деген мықты жанр бар, ізденісі бар баспалар шетел үлгілерін аударып, мұқаба, иллюстрациясымен қоса сатып әкелсе, жақсы тәжірибе болар еді.