- Негізгі бет
- Әдебиет
- Әмірхан Балқыбектің "Сегiзiншi...
Әмірхан Балқыбектің "Сегiзiншi Аспанға" кеткеніне 4 жыл
Қазақтың белгілі ақыны, сыншы, әдебиетшi-ғалым, мәдениеттанушы Әмірхан Жұмабекұлы Балқыбек ағамыздың "Сегiзiншi Аспанға" кеткеніне 4 жыл толып отыр... Ардақты азаматтың мәңгілік мекеніне мезгілсіз аттанғаны барша қазақтың қабырғасын қайыстырды.
... Қазақтың біртуар ұлының өлеңдері «Ауылдан ұшқан аққулар», «Толқыннан толқын туады», «Жас ақындар поэзиясының антологиясы» сияқты ұжымдық жинақтарда жарияланған болатын. 1996 жылы «Жазушы» баспасынан «Метаморфоза», 2001 жылы «Отырар кітапханасы» сериясымен «Сынған сәуленің шағылысуы» атты жыр жинақтары шықты. 2008 жылы өлеңдері, балладалары, тарихи эсселері мен әдеби-сын мақалалары енген «Қасқыр құдай болған кез» кітабы жарық көрді.
Артында қалған қалың жұртқа медет болатын осылар. Әмірханды сағынған жыр сүйер қауымға ақын шығармашылығынан өлең ұсынамыз. Қабыл алаңыз.
Бала кездегi өлеңнен
Айтушы ең Омар Хаямды,
Оқушы ең жырын жатқа да.
Деушi едiң тек жыр баянды.
Басқаны, балам, мақтама.
Сағдимен сырлы мазалап,
Жәмимен жора қылып ең.
Хафиз боп бiрде ғазалдап,
Бедiл боп бiрде күлiп ең.
Ауылдың жайлы кешiнде,
Жұмекен дедiң жыр пiрi.
Сол бiр сөз әлi есiмде,
Есiмде әлi жүр тiрi.
Ақыннан елге қалары
Екi-үш жыр дедiң болғаны.
Жыр жазғын нөпiр қаралы –
Қалғаны соның жолдары.
Екi-үш жыр... жаздым, жазбадым?
Иемiн екi жинаққа.
Ақында басқа аз ба мұң?
Екi-үш жыр... менi қиналтпа!
Жоғалмас мәңгi жарқылы,
Сендердi жазбай кетем бе!
Екi-үш жыр... ақын тағдыры –
Екi ұшты тағдыр екен де...
2005 жыл
Өмiр
Жаңа өлең және бұл өзi сондай көне өлең,
Болмаса да тегi ақсүйек пенен төреден.
Даланың ұлы қаланы жаулап алуға,
Аттанып едi «Жаушықұм» атты төбеден.
Аттанып едi,
Бапталып едi арманы,
Шаттанып едi, көңiлде тағат қалмады.
Үкiлi үмiт бердi ел сөйле деп сөзiн даланың,
Батасын бердi өңiрдiң өзек шалдары.
Серт қылып түйiп таң атар шақтың шапағын,
Шығарсам деп қалай далам мен бабам атағын,
Көшпелiлерден қалаға келдi бiр ақын,
Жердегiлерден жұлдызы биiк тұратын.
Анасы қалды шыққын деп балам асқарға
Даласы қалды қосатын бұны дастанға,
Ұғатын едi көкөзек жаңа қылтиған,
Ұғатын едi сол ұлды құм да, тастар да.
Қиялдап кетсе түнгi Айды жар қып ойнайтын,
Адамның парқын ағаштан биiк қоймайтын.
Сол ұлан мынау ғаламды күллi жаратқан,
Тәңiрiнiң өзi ұлы ақын ғой деп ойлайтын.
Ойлайтын едi,
Тоймайтын едi қиялы.
Қиыр жоқ оған,
Қиялға бәрi сияды.
Үйкүшiк емес, көкқұмар қыран болам деп,
Тастап та шықты ол бiр күнi сөйтiп ұяны.
Қалаға келдi,
Адасты ол қанша көшеде.
Думанға кiрдi, азапқа түстi нешеме,
Жайылып жүрдi даланың еркiн желi боп,
Қайыры болмай даласы тұрмақ шешеге.
Адасып жүрдi, адасқан ұлға кешiрiм,
Шақырды дала сол ұлды атап есiмiн.
Өйткенi дала баласы түгiл байы өлген,
Ана деп тегi жылатқан емес жесiрiн.
... Бүгiнгi iсi ертеңге болар өнеге
Жатпайды сол ұл жаңаға және көнеге,
Өр Едiл менен Мүдеге әке болады ол
Болады және Қаһан Шыңғысқа немере...
Жауламақ жырға қыры жоқ қырдың қаласын,
Сол ұлан бүгiн жаспенен жуып жарасын
Жанарын көкке қадайды жиi, себебi ол
Жалғамақ ендi Дала мен Жұлдыз арасын.
1994