Қазақ әдебиетінде поэзиясы мен сыни һәм рухани-танымдық мақалалары арқылы құбылыс боп келіп, кеңінен танылған марқұм Әмірхан Балқыбектің2019 жылы 50 жылдық мерейтойы өтеді. Қазақ әдебиеті тарихындағы бұл айтулы датаға дайындық басталып та кетті. Бүгін Қазақстан Жазушылар одағында Ақберен Елгезектің төрағалығымен, ақынның жары Мархабат Шойбекова, ағалары мен үзеңгілес достары Қазыбек Иса, Бауыржан Қарабеков, Жарас Сәрсек, Маралтай Райымбекұлы, Дәурен Қуат, Сәкен Сыбанбай, Әлібек Шегебай мен інілері Нұртас Тұрғанбек,Досхан Жылқыбай қатысқан жиналыс өтіп, ақынның 50 жылдық мерейтойының жоба-жоспары талқыланды. Көтерілген негізгі мәселелер мыналар: 1. Ақынның мерейтойлық шараларын туған жерінде Түркістан облысында өткізу; 2. Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев мырзаға Түркістан қаласында мектеп, кітапханаға немесе саябаққа Әмірхан Балқыбектің атын беріп, алдына бюстін орнату жөнінде ұсыныс айту; 3. Ақынның 3 томдық толық шығармалар жинағын шығару; 4. Әмірхан Балқыбек атындағы Республикалық жыр мүшәйрасын өткізу; 5. Алматы қаласында қаламгердің асын өткізу. Жоспар бойынша осы және басқа да шаралар 2019 жылдың мамыр мен қазан айлары аралығында іске асырылады. Аталған жоспарды іске асыру жөнінде ұйымдастыру комитеті құрылды. Оның жетекшісі болып Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары Ақберен Елгезек сайланды. P.S. Бүгінгі әдебиетте жүрген әрбір ақын немесе жазушы өмірінде бір рет болсын Әмірханмен ұшырасқаны сөзсіз. Әрбірінде ақынның жарқын бейнесі туралы естелік бар. Артында қалған біздер үшін сол естеліктерді қағазға түсіру әруақ алдындағы парызымыз десек қателеспейміз. Егерде сіздің Әмірхан Балқыбек жайында айтар естелігіңіз болса, хатқа түсіріп Қазақстан Жазушылар одағының writerskz@gmail.com электронды поштасына жіберулеріңізді өтінеміз! Естеліктер қыркүйек айының соңына дейін қабылданады! Қазақстан Жазушылар одағы