Жастар мен жасөспірімдерді кітап оқу мәдениетіне, әдеби шығармашылықпен айналысуына мұрындық боп жүрген әдеби клубтардың бірі – "451 градус" клубы. Massaget.kz порталы клуб жетекшісі Аманжол Әбиевпен жастар әдебиеті мен балалар әдебиетінің қазіргі сипаты жайында әңгімелесті.
– Аманжол Өтегенұлы, әдеби клубтың құрылуы мен бағыты жайлы әңгімеден бастасақ...
– Әдебиеттің қалыптасуына да, дамуына да әсер ететін – орта. Біздің клубымыз да әдебиетсүйер қауымның бір-бірімен араласып, ой бөлісіп, идея талқылар алаңы ретінде құрылған. Басты мақсаты – балалар мен жастардың кітап оқу мәдениетіне деген қызығушылығын арттыру.
Сол мақсатта түрлі кездесу мен талқылау, кітап алмасым, мастер класс пен әдеби іс-шаралар өткіземіз. Оны әлеуметтік желіде насихаттауға тырысамыз. Әдеби талқылау әлеуметтік желіде де өтеді. Facebook, VK, Instagram-да парақшаларымыз бар. YouTube-те кітаптар жайлы блог, сауалнама, сұхбат жасаймыз.
Клубтың негізгі функционалы – кітап дүкені, кітапхана мен кездесуге арналған орын. Бәрі бір ортаға жинақталған.
– Қандай шығармаларды талқылайсыздар?
– Жас жазушылар клубы апта сайын белгілі бір шығарманы талқылап, сыни көзқарас пен ой бөліседі. Көбіне, шетелдік және отандық классикалық туындыларды алады. Кейде психология, бизнес, өзін-өзі дамытуға арналған кітаптарды да талқыға салады.
Кітап цехінде жас ақын-жазушыларды аудиторияға таныстыру үшін презентациялар өтеді. Жас әдебиетшілер ортаға шығып, шығармасынан үзінділер оқып, өзін елге таныстырады. Кейде жас әдебиетшінің өзі әдеби кеш ұйымдастыруы мүмкін.
Жас жазушылар клубы жыл сайын жинақ шығарады. Биыл жинақ Нұр-Сұлтан қаласында шығарылып, жақында Алматыда таныстырымы өтті.
Жинаққа енгізілген шығармалардың жанрына шектеу жоқ. Қазақстандық жазушылардың түрлі жанрда шығарма жазатынын барынша көрсеткіміз келді. Жинақта, тіпті, комикс пен сценарийлер де бар.
Кітап – жазушының портфолиосы. Егер вайнер шығармашылығын көрсеткісі келсе, инстаграмда парақша ашады. Ал әдебиетші кітап шығарады.
Жинақтың хедлайнері – Данияр Сүгірәлинов. АҚШ-та тұратын қазақ жазушысы.
– Жас әдебиетшілерден қандай тенденция байқауға болады?
– Қазіргі әдеби ағым күңгірт көңіл-күйге, меланхолияға бейім. Жас әдебиетшілердің интроверт екені байқалады. Арасында шытырман психологиялық шығармалар, мистика жазатындар да бар. Жалпы, постмодернистік бағытқа бұрылған, өз әлемінен, кеңістігінен шыққан туындылар көп. Бұл жерде мен орыс аудиториясы жайлы айтып отырмын. Бірақ бұл тенденция қазақ аудиториясынан да қазір байқала бастады.
– Қазіргі жастардың кітапқа деген қызушылығы қандай?
– Жастар кітапқа қызықпайды дегенді көп естиміз. Бірақ мен олай ойламаймын. Қазір де кітап оқылады. Тек әдеби шығармаларға қарағанда, өзін-өзі дамыту, бизнес пен психология саласындағы кітаптарды оқуға көшкен. Яғни, жастар барынша кітаптың қолданбалы, методикалық жағын ойлайды.
Сондай кітаптардың өтетінін кітап дүкенімізден байқадық.
– Қазақстандағы балалар әдебиеті жайлы не айтуға болады?
– Қазір балалар кітабы табысты нарыққа айналып барады. Қазақстанда тек балалар әдебиетімен ғана айналысатын баспалар бар. "Арна", "Фолиант" сынды баспалар балалар кітабын өндіруге бет бұруда.
Жақында "Хәрри Поттердің" қазақшаға аударылғанын білеміз. Оның бірінші кітабы түгел сатылып кетті. Демек, балалар әдебиетіне деген елімізде қызығушылық мол. Қазір бестселлердің үшінші кітабы сатылымға шыққалы жатыр.
"Абай баспасы" атты баспа балалардың бояу кітаптарын шығарумен айналысады. Қазір Дисней мульфильмдерін қазақшаға тәржімалау құқығын алды. Сондықтан балалар нарығы Қазақстанда қызып тұр десек болады.
Балаға кітап сатып аларда ата-аналарға ескертер бір дүние бар: дүкеннен кітаптың сертификатын сұраған жөн. Яғни, мемлекеттік органдар балалар әдебиетін қарап шығып, зиянды ақпарат жоқ екеніне куәлік беріп, сертификат тапсырады.
– Әдеби клубыңыздың еңбегі жемісті болсын! Сұхбатыңызға рақмет!