- Негізгі бет
- Әдебиет
- Алтын тобылғы-2021: Биылғы...
Алтын тобылғы-2021: Биылғы байқаудың жүлде қоры – 11 миллион теңге
Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының Қоры 2021 жыл 20 сәуірден бастап дәстүрлі "Алтын тобылғы" әдеби байқауына өтінімдер қабылдауды бастайды. Биылғы байқаудың жүлде қоры – 11 миллион теңге.
Байқаудың басты мақсаты — қазіргі заманғы қазақстандық көркем әдебиетті дамыту, жас қаламгерлерді қолдау және олардың шығармашылығын насихаттау.
Жүлде төмендегі номинациялар бойынша тағайындалады, әр номинация жеңімпазына "Алтын Тобылғы" әдеби сыйлығының лауреаты атағы және қаржылай сыйлық табыс етіледі:
♦ "Жылдың үздік прозасы" (2 млн)
♦ "Жылдың үздік поэзиясы" (2 млн)
♦ "Жылдың үздік драматургиясы" (2 млн)
♦ "Жылдың балаларға арналған үздік шығармасы" (2 млн)
♦ "Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған үздік әдеби туынды" (арнайы номинация) (3 млн)
Байқауға қатысуға 18-35 жас аралығындағы жас әдебиетшілердің қазақ және/немесе орыс тіліндегі шығармалары қабылданады. Автор екі номинацияға қатысуға құқылы. Конкурстық іріктеуге бір автордан — бұрын еш жерде жарияланбаған екі шығармаға дейін қабылданады. Бір автор екі номинацияға қатысуға құқылы.
Қатысуға өтінімді пошта арқылы мына мекенжайға жіберу қажет:
Нұр-Сұлтан қ., Ә.Бөкейхан к-сі 1, Нұрсұлтан Назарбаев Қоры, сондай-ақ өтінімді at2021@fnn.kz электрондық поштасына жіберу қажет.
Байқауға шығармалар 20 сәуір-20 тамыз аралығында қабылданады. Конкурстың қорытындысы 2021 жылғы қыркүйек айында жарияланады.
Жүлдеге әдеби туындыларды ұсыну тәртібі
1. Конкурсқа 18-35 жас аралығындағы жас қаламгерлердің қазақ және орыс тіліндегі шығармалары қабылданады.
2. Бір автор тек екі номинацияға қатысуға құқылы.
3. Байқауға "Алтын тобылғы" байқауының бұрынғы жеңімпаздары қатыса алмайды.
4. Авторлық жұмыстарға қойылатын талаптар:
1) Конкурсқа бір автордың бұрын еш жерде жарияланбаған екі шығармасы ғана қабылданады;
2) конкурсқа бейнормалық қолданыстағы сөздер кездесетін, этикалық нормалар мен авторлық құқықтары бұзылған шығармалар қабылданбайды;
3) шығарма А4 форматында, мәтіні 14 көлеміндегі Times New Rоman қарпімен 1 аралықта терілуі керек. Мәтіннің көлеміне қойылатын шектеу:
— проза үшін — 35 беттен кем емес;
— поэзия үшін — 5 беттен кем емес;
— драмалық шығарма үшін — 30 беттен көп емес;
— балалар әдебиеті үшін — 25 беттен көп емес;
— "Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған үздік әдеби туынды" тақырыбындағы түрлі жанрдағы әдеби шығарма (проза — 35 беттен кем емес; поэма — 5 беттен кем емес; драма — 30 беттен көп емес; балалар шығармасы — 25 беттен кем емес).
4) Конкурсқа жіберілетін өтінім "Алтын тобылғы" деген белгі қойылып бір конвертпен мынадай тәртіппен жіберілуі керек:
Конвертке бөлек салынатындар 1) автордың аты-жөні көрсетілмей бір данада басып шығарылған шығарма, 2) автордың өзі туралы мәліметтер осы конверттің ішінде жеке конвертте болуы тиіс: аты, тегі, әкесінің аты, туған жылы, тұрғылықты мекенжайы, байланыс телефондары, e-mail.