- Негізгі бет
- Әдебиет
- "Алтын сақа" байқауының...
"Алтын сақа" байқауының жеңімпаздары мен жүлдегерлері анықталды
Қазақстан Жазушылар одағының Әдебиетшілер үйінде "Алтын сақа" балалар әдебиеті шығармаларының республикалық байқауының марапаттау рәсімі өтті.
ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен "Қазақстандық қоғамдық даму институты" және Қазақстан Жазушылар одағы бірлесіп ұйымдастырған байқаудың марапаттау іс-шарасы 28-қыркүйекте дүниеге келген қазақ әдебиетінің үш классигі Мұхтар Әуезов, Шерхан Мұртаза, Оралхан Бөкейлердің туған күндеріне орай өтті. Айта кету керек, бұл байқау биылғы "Балалар жылының" аясында ұйымдастырылған айшықты шаралардың бірі болып табылады.
Аталған шараға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице министрі Данияр Қадыров, ҚЖО басқарм төрағасы Ұлықбек Есдәулет, "Қазақстандық қоғамдық даму институты" Коммерциялық емес Акционерлік қоғамының басқарма төрағасы, Ұлттық құрылтай мүшесі Қазбек Өмірзақұлы Майгельдинов, қазақтың дәулескер күйшісі, ҚР Еңбек сіңірген әртісі, "Құрмет", "Парасат" орденінің иегері Секен Тұрысбек арнайы қатысып, жас қаламгерлерге ақ жол тіледі.
Шараның шымылдығы Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма Төрағасы Ұлықбек Есдәулеттің және ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Рамазанұлының сөзімен ашылды.
Бәйгеге 152 автордан 180-ге тарта шығарма ұсынылған. Оның 30-ы байқау талаптарына сай емес. Алайда 122 жас қаламгердің 41 ертегісі, 81 шағын әңгімесі додаға қатысуға лайық деп танылып, оның 12-сіне орын бұйырды.
Ұлттық сананы тамырынан үзіп алмай, жаңа заманға сай етіп бейімдеудің басты тетіктерінің бірі – жас ұрпақты ұлттық әдебиетіміздің қайнар-көзімен сусындата білу өте өзекті. Қазіргі таңда қазақ тілінде балалар әдебиеті бағыты бойынша жаңа есімдер көп емес. Сондықтан осы жобаға ерекше көңіл аударып отырмыз. Мұндай байқаулар балалардың әдебиетке, шығармашылыққа, кітап оқуға деген қызығушылығын арттырады деген сенімдеміз - деп атап өтті "Қазақстандық қоғамдық даму институты" Басқарма Төрағасы Қ. Майгелдинов.
Бәйгеге ақын, ҚЖО басқармасының І орынбасары, "Құрмет" орденінің иегері Ақберен Елгезек, балалар жазушысы, сценарист, "Алтын Қалам – 2014" тәуелсіз әдеби байқауының жеңімпазы Зәуре Төреханова, белгілі жазушы, Халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының иегері Қуандық Түменбай, белгілі балалар жазушысы, Халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының иегері Ділдар Мамырбаева, жазушы, Халықаралық "Дарабоз" әдеби байқауының жеңімпазы Бейбіт Сарыбай төрелік етті.
Байқау нәтижесі бойынша "Шағын әңгіме" аталымында 1-орынды Досхан Жылқыбай "Түс көре алатын робот" шығармасы үшін иеленді. Ал "Қозының періштесі" атты әңгіменің авторы Сағынбаева Дәметкен 2-орын алды. 3-орын Жантас Еркінұлына "Ақ шаш" әңгімесі үшін берілді. Ынталандыру сыйлықтары Ерзат Молдабекұлына ("Мамыргүл" әңгімесі), Ділназ Есболатоваға ("Марстағы бір күн" әңгімесі), Айгөлек Өмірбекке ("Әке" әңгімесі), Гүлден Жылкелдиеваға ("Пума" әңгімесі), Нұрсұлтан Серікбаевқа ("Шешілмеген жұмбақ" әңгімесі) табысталды.
"Ертегі" аталымында бақ сынаған жас жазушылардың ішінде "Ренжіскен кітап пен адамды смартфон қалай татуластырды" атты ертегісімен оза шапқан Азамат Әбілқайыр 1-орынды қанжығасына байлады. 2-орын "Бұлт-шәрі" ертегісі үшін Нұржан Нұрбекке бұйырды. "Сиқырлы кітап" ертегісінің авторы Қазим Тілекқабыл 3-орын алды. Көкбөрі Қизат ("Қазақтың анасы болған мәңгі қартаймайтын үш пері қызы" ертегісі), Гүлбақыт Әбсат ("Ең сұлу құс" ертегісі), Ержан Күркеев ("Тіс жегі қалай пайда болды?" ертегісі), Айым Махаева ("Ауа сататын патша" ертегісі), Азиза Урах ("Патша арыстан" ертегісі) ынталандыру сыйлығын місе тұтты.
Н. Үсенова