"Алтын қаламға" – 10 жыл!

"Алтын қаламға" – 10 жыл!
Фото: massaget.kz

Биыл "Алтын қалам" әдеби жүлдесіне 10 жыл толып отыр. Жаңа маусымға жұмыстар 15 наурыздан 15 қыркүйекке дейін қабылданады. "Алтын қалам 2019" әдеби жүлдесінің бас серіктесі - Бауыржан Оспанов жетекшілік ететін "ZHERSU" инвестициялық-өндірістік корпорациясы, бас ақпараттық серіктес "Русское радио". 

Биыл жоба HALYK GROUP, сондай-ақ, Қазақстан баспасөз клубы, "КТК", "31 телеарна", Dombyra TV, "Меломан" сауда желісі, "Massaget.kz" жастар порталы, "Qamshy.kz" ақпарат агенттігі, "Айқын", "Жас алаш" басылымдарының қолдауымен өтеді.

Байқауға қазақ және орыс тілінде жазылған жұмыстар наурыздың 15-нен бастап, қыркүйектің 15-не дейін қабылданады. Оқырмандар қазан айының 1-не дейін дауыс бере алады. Әдеби туындыларды ұйымдастыру комитетінің adebiet2014@gmail.com, kenze2002@mail.ru электрондық поштасына жолдауға болады. Конкурс жайлы толық мәліметті жүлденің www.akalam.kz ресми сайтынан біле аласыздар. Сайысқа түскен барлық шығарма аталған сайтта орналастырылады.

Оқырмандар төмендегі аталымдар бойынша дауыс береді:

1. ДАРАБОЗ. Жылдың үздік балалар және жасөспірімдер шығармасы
2. Жылдың үздік поэзиясы
3. Жылдың үздік прозасы
4. Есенжол Домбаев атындағы жылдың үздік сатирасы
5. Жылдың үздік фантастика және детектив шығармасы
6. Жылдың үздік киносценарийі және драматургиясы
7. Есенқұл Маманұлы атындағы сыйлық қазақ тілінде жазылған үздік романға беріледі.

Алғашқы кезеңде шығармалар www.akalam.kz веб-сайтында іріктеледі. Оқырмандар өзіне ұнаған жұмысқа дауыс бере алады. www.akalam.kz сайтындағы онлайын-дауыс беру 6 ай бойы жалғасады. Дауыс беру аяқталған соң, әр аталым бойынша 5 шығарма таңдап алынады. Сайыстың екінші кезеңіне оқырмандар тарапынан ең көп ұпай жинаған шығармалар өтеді. Одан кейін жүлдені ұйымдастырушылар мен жоба серіктестерінен құралған қазылар әрбір номинация бойынша жеңімпаздарды анықтайды. Өткен жылдардағыдай сайыс барысында шығарма авторлары көрсетілмейді.

Есенқұл Маманұлы атындағы бас жүлде - 1 000 000 (1 млн) теңге қазақ тілінде жазылған үздік романның авторына бұйырады. Сонымен қатар балалар әдебиетіне арналған "Дарабоз" байқауының жеңімпазына - 1 000 000 (1 млн) теңге беріледі. Қаржылай сыйлықтарды "ZHERSU" инвестициялық-өндірістік корпорациясының жетекшісі Бауыржан Оспанов тағайындап отыр. "Алтын қалам 2019" әдеби жүлдесі жеңімпаздарының есімдері күзде өтетін марапаттау шарасында жарияланады.

Кенже Жұманұлы, "Алтын қалам" әдеби жүлдесін ұйымдастырушылардың бірі: "Алтын қалам" жүлдесі 2009 жылы құрылды. Әрине, ол кезде байқаудың 10 жылдығын атап өтеміз, байқау жыл сайын ұйымдастырылатын дәстүрлі бәйгеге айналады деп ойлаған жоқпыз. Алыс-жақын шетелдік авторлар өз шығармаларын жөнелтіп, "Алтын қаламға" қызығушылық танытады деген "үш ұйықтасақ, түсімізге кірмеген". Кітап дүкендеріне кіргенде байқау жеңімпаздарының кітаптарын көріп марқайып қаламыз. "Алтын қалам" халықтық бәйгеге айналғанын, авторларымыздың құрметке бөленіп жатқанын мақтан тұтамыз", – дейді.

КОНКУРС ЖАЙЛЫ:

Балалар жазушыларына арналған "ДАРАБОЗ" байқауы 2006 жылы "ZHERSU" инвестициялық-өндірістік корпорациясымен бірлесіп ашылды. Басты мақсат – балалар жазушыларының мәртебесін көтеру және балалар әдебиетінің сапасын арттыру.

"Дарабоз" байқауына 11 жыл ішінде шамамен 1000 автор бәйгеге қатысты. Үздік шығармалардан жинақталған "Кәусар бұлақ" және "Чистый родник" кітаптары оқырман назарына ұсынылды. Жарық көрген кітаптар еліміздегі мектептерге және кітапханаларға тегін таратылды. Бұл жинақтар оқушылар мен ұстаздарға, тәрбиешілер мен ата-аналарға және жалпы оқырман қауымға арналған. Бұл байқау 2017 жылдан бері "Алтын қалам" әдеби жүлдесі аясында өткізіле бастады.

"АЛТЫН ҚАЛАМ" әдеби жүлдесі

Қазақ әдебиетінің бүгіні мен болашағына бей-жай қарай алмайтын, қоғамдық қызметтің әр саласында еңбек етіп жүрген Досым Сатпаев, Қуат Домбай, Кенже Жұманұлы, Расул Жұмалы және Айдос Сарым секілді азаматтар ақылдаса келіп, 2009 жылы «Алтын қалам» әдеби жүлдесін өткізу туралы бастама көтерген болатын. Мақсат – еліміздің рухани-мәдени дамуына Қазақстан азаматы ретінде өз үлесін қосу және жас дарындар мен жаңа есімдердің қалың жұртқа танылуына ықпал ету. Кейін ұйымдастырушылар қатарын елімізге белгілі тұлғалар: Арман Шораев, Нұржан Мұхамеджанова толықтырды.

Айта кететін жайт, қазылар құрамында кәсіби қаламгерлер, әдебиетшілер жоқ. Көптің талқысына ұсынылған әдеби шығармалардың авторы да көрсетілмейді. Мұндай талаптар жүлденің әділ өтуіне кепіл бола алады. «Алтын қалам» байқау жұмыстарына жазушылар емес, оқырмандар баға беретін Қазақстандағы бірінші әдеби жүлде.

Ұйымдастыру комитетінің электрондық мекен-жайы: e-mail: adebiet2014@gmail.com 

Т. Раушанұлы