23 сәуір күні Алматы қаласында "Алтын қалам" әдеби жүлдесінің жеңімпаздары анықталды. "Әдеби Оскар" атанып кеткен жүлде бес номинация бойынша табысталды.
Байқау ұйымдастырушылары "Жылдың әдеби дебюті", "Кiтап like (оқырмандар таңдауы)", "Әлеуметтік мәнге ие тақырыпқа арналған үздік кітап" атты номинациялар бойынша үш авторды марапаттады және "Жылдың үздік баспасы" мен "Жылдың үздік меценаты" анықталды. Жеңімпаздар "Алтын қалам" байқауы мен Әлемдік экономика және саясат институтының әлеуметтанушысы Айман Жүсіпова бірлесіп жүргізген әлеуметтік зерттеудің қорытындысы бойынша анықталды. Зерттеуге әдебиет, ғылым, бизнес саласындағы беделді 61 сарапшы қатысып, қазақстандық әдебиеттің даму барысы мен бүгінгі кітап нарығының жағдайына байланысты жеке пікірлерін білдірді.
"Meloman Publishing" жылдың үздік баспасы атанды.
"Meloman арқасында қазақстандық авторлардың еңбегі кітап дүкендерінде сатыла бастады. Олар тіпті қазақстандық әдебиетке арнайы сөрелер жасап қойған. Бұл өте жақсы үрдіс", - дейді байқау ұйымдастырушысы Досым Сәтпаев.
Жылдың үздік әдеби дебютіне "Правила нефтянки" кітабының авторы Орал Арукенова лайық деп танылды.
"Қолжазбаны "Меломан" баспасына 2017 жылы жібергенмін. Бірақ оны мен емес, әріптесім Юрий Серебрянский жіберді. Ол әрдайым мен не жазып жүргеніме қызығатын, бір күні баспаға жіберуге рұқсат сұрады. Мен енді қадам басып келе жатқан жазушымын, сондықтан қалай, қайда жіберетінімді де білмедім. Кейін "Меломаннан" кітабым басылып шығады деген хабар алдым. Кітап неге мұнайшы туралы? Біз тұтыну заманында өмір сүріп жатырмыз. Ал мұнайшы – өзінше бір тұтынушы метафорасы", - дейді Орал Арукенова.
"Кiтап like (оқырмандар таңдауы)" номинациясында Асқар Нұрша "Путинская Россия: геополитический реванш или агрессивная оборона?" еңбегі үшін марапатталды.
"Маған бұл номинацияны табыстаған ұнайды. Оның үстіне менің досым Асқар Нұрша Ресей туралы өте жақсы кітап жазып, жеңімпаз атанып отыр. Бұл бүгінгі путиндік Ресей туралы өте жақсы сараптама. Мазмұнындағы ең құндысы – Ресей мен Қазақстанның қарым-қатынасы қалай дамитыны туралы", - деді саясаттанушы Айдос Сарым.
"Әлеуметтік мәнге ие тақырыпқа арналған үздік кітап" номинациясында "Только не говорите, это слишком" кітабының авторы Гүлнәр Бажкенова марапатталды.
"Рахмет. Еңбегімді бағалағандарыңызға өте қуаныштымын. Және оның инклюзив білім беру саласына, мүгедек балалардың білім алуына әсер ететініне де дән ризамын. Менің ойымша, бұл менің кейіпкерлерімнің жеңісі", - дейді кітап авторы.
Ал "Жылдың үздік меценаты" номинациясында әдебиетке көрсеткен қолдауы үшін Олжас Құдайбергенов жеңіске жетті.
"Кітап шығару ісіне қолдау көрсетіп жүргендердің саны артып келе жатқанына шын қуаныштымыз. Олжас Құдайбергенов былтыр фантастика, ғылым тақырыбындағы кітаптардың шығуына көмектескісі келетінін айтқан. Ол – Қазақстанның интеллектуал мемлекет атануына зор үлес қосып жүрген азамат", - дейді Айдос Сарым.
Шара барысында, сондай-ақ, "Алтын қалам 2018" байқауында "Жылдың үздік романы" атанып, Есенқұл Маманов атындағы бас жүлдені жеңіп алған Айдын Кәлімханның "Қашқын" роман-биографиясы мен талантты қаламгер Есболат Айдабосынның "Жылдың үздік прозасы" аталымы бойынша оза шапқан "Ит тірлік" әңгімесі енген "Қашқын" атты кітабы таныстырылды.
"Алтын қалам" жүлдесіне қатысқан дарынды авторлардың таңдаулы әңгімелерінен құрастырылған "Қазіргі қазақ сатирасы" атты жаңа жинақ та жұрт назарына ұсынылды. Сонымен қатар, "Алтын қалам 2017" бәйгесінде топжарған "Алашорда" және "Өмірдің өзі" кітаптарының тұсауы кесіледі.