"Алтын қалам-2018" әдеби жүлдесінің жеңімпаздары анықталды

"Алтын қалам-2018" әдеби жүлдесінің жеңімпаздары анықталды
Фото: massaget.kz

"Алтын қалам" байқауы жетінші рет жылдың үздік қаламгерлерін анықтады. "Алтын қалам-2018" әдеби жүлдесін марапаттау шарасы Алматыдағы ART и ШОК театрында өтті.

Конкурстың соңғы қысқа тізіміне әр жанр бойынша бес шығармадан енгізілді. Биыл ұйымдастыру комитетінің және қазылар алқасы құрамына Досым Сатпаев, Айдос Сарым, Арман Шораев, Нұржан Мұхамеджанова, Расул Жұмалы, Кенже Жұманұлы, Қуат Домбай, Бекнұр Қисықов, Байғали Есенәлиев, Ділдәгүл Нұраханбет, Татьяна Филипчик және басқалар енді.

Қазақтан шыққан алғашқы меценаттардың бірі Есенқұл Маманов атындағы сыйлық "Қазақтың үздік романына" берілді. Бас жүлде 1 миллион теңгені ақын, жазушы журналист Айдын Күлімхан иеленді. Балалар жазушыларына арналған "Дарабоз" байқауының бас жүлдесін және 1 миллион теңгені прозалық және сын-зерттеу кітаптарының авторы, филология ғылымдарының докторы, Халықаралық Ш.Айтматов академиясының академигі Бекен Ыбырайым жеңіп алды. 

Айта кететін жайт, қазақ әдебиетінің жанашыры, танымал меценат Олжас Құдайбергенов биыл фантастика жанрында жазылған үздік шығармаға өз атынан 1 миллион теңге қаржылай сыйақы тағайындалды. Қомақты ақшаны белгілі қаламгер, "Айқын" республикалық қоғамдық-саяси газетінің Бас редакторы Нұртөре Жүсіп жеңіп алды. 

Байқауға жұмыстар наурыз айынан қыркүйек айының ортасына дейін қабылданып, оқырмандар ғаламтор арқылы қазан айына дейін дауыс берді. Сайысқа түскен барлық шығарма жүлденің www.akalam.kz ресми сайтына орналастырылды. Оқырмандардың қолдауы мен қазылардың таңдауы бойынша әр аталым бойынша жеңімпаздар анықталды.

Айдос САРЫМ, саясаттанушы: 
- Жылдан-жылға ұласқан дәстүрге айналған "Алтын қалам" әдеби сыйлығының қорытынды салтанатына жиналып отырмыз. Ұйымдастырушылардың атынан, бүгінгі жеңімпаздарды шын жүректен құттықтаймын. Биыл ерекше жыл болды. Конкурсқа ұсынып отырған азаматтардың саны да, сапасы да қуантып отыр. Әсіресе, қазақ әдебиетінде тың өзгерістер орын алып келеді. Әсіресе, детектив, фантастика, фэнтези сияқты жанрларды ізденіс бар. Ештеңеге таң қалмайтын заманда бір нәрсемен адамзатты таңғалдыру да үлкен жетістік. Ғылым мен техниканың дамып кеткені сондай баяғыда ұшқыш, ғарышкерлер үлкен мамандық еді, қазір қарапайым, жолсерік, таксист сияқты қатардағы мамандық болып қалды. Ақшасы бар адам ғарышқа ұшып барып келе беретін болып қалды... Жылдан-жылға қатарымыз кеңейіп, шын мәніндегі ең лайық, ең үздік деген азаматтар бұл сыйлықты ала берсін деп тілейміз! 

Дулат ИСАБЕКОВ, жазушы, драматург: 
- Әдебиетке назар аударып келе жатқанымыз дұрыс. Мені, әсіресе жастардың әдебиетке келіп жатқаны қуантады. Менің қатты күдігім болған. Не ақшасы жоқ, не абыройы жоқ болған соң, біздің жастар әдебиеттен безіп, басқа салаға кетіп қалатын болды -ау, таланттар ішінде кетті-ау дейтінмін. Құдайға шүкір, бүгін жас жігіттер осы әдеби байқаудың марапат иегерлері атанып жатыр. Осы байқаудың ең бір жақсысы, шығармаң мықты болса болғаны, бес рет ала ма, он рет ала ма, сені осы байқауға қатысуға шектемейді. Қаламгерлерді қолдаңыздар, жасын да, кәрісін де. Екеуі де қолдауға мұқтаж.

Сондай-ақ, жазушы "Қазақ әдебиетіне қосқан елеулі еңбегі үшін" сыйлығын ала отырып: "Көп рахмет. Еңбекті бағалау да жақсы. Енді біздің жасымыз өтірік айтпайтын кезге келді. Әдебиетіміздің болашағы осындай шағын жерлерден басталып жатқаны да жақсы, ары қарай өрлей берсін. Келесі жылы Еуропаның алты баспасы: Швеция, Финландия, Норвегия, Франция, Германия, Англия кітаптарымды аударып басуға жоспарлап отыр. Кеше ғана Муракамиді оқып шықтым, шығармаларын да оқығам. Ойы саяз, ондай сұқбатты қазақ жазушыларының кез келгені бере алады. Бірақ, Мураками танымал. Себебі, оларда жарнама мықты. Ал жарнамаға көп ақша кетеді. Тіпті бізде кез келген театр сыншысын ақшасыз шақырып ала бересің ғой. Олар да ақшасыз ешкім ешқайда қозғалмайды. Кешегі Алексеевичтер мен америкалық әншінің "Нобель" сыйлығын алуы бұл жарнаманың арқасы. Әдебиетте олардың тындырған ештеңелері жоқ. Біз де сол "Нобельге" дейін жетейік. Осы Алтын қаламның ішінен "Нобель" сыйлығына үміткерлер шықсын", – деп ыстық ықыласын білдірді. 

Нұржан Мұхамеджанова, 31 телеарнаның Бас продюсері: 
- Еліміздің бетке ұстар азаматтарымен бірге осы "Алтын қалам" әдеби байқауының өткізілуіне тоғыз жылдың ішінде қолдау жасап, ұйымдастыру жұмыстарына қатысып келеміз. Мен уақыттың тез екенін, кейде "Алтын қалам" жүлдесінің қорытындылау кеші арқылы бағамдап жатамын. Бір жағынан уақыт жылдам, екінші жағынан осы байқау арқылы әдебиетке құштар, шығармашылығы өте керемет азаматтардың шығармашылығымен танысу мүмкіндігіне иеміз. Биыл да мен өзім оқып, етене жақын танысқан драмалық шығармалар номинациясы бойынша, 50-ден астам еңбекті оқып, талдап, таразылап шықтық. 








"Алтын қалам – 2018" жүлдесінің жеңімпаздары: 

"Жылдың үздік прозасы" – Есболат Айдабосын (Талдықорған); 
"Жылдың үздік кино сценарийі және драматургиясы" – Дүйсен Кеңес (Алматы); 
"Жылдың үздік балалар және жасөспірімдер әдебиеті "Дарабоз"" – Бекен Ыбырайым (Алматы); 
"Жылдың үздік сатирасы" – Қанағат Әбілқайыр (Алматы); 
"Жылдың үздік фантастикасы және детективі" – Нұртөре Жүсіп (Астана); 
"Қазақтың үздік романы" – Айдын Кәлімхан (Талдықорған); 
"Қазақ әдебиетіне қосқан елеулі еңбегі үшін" – Дулат Исабеков (Алматы); 
"Лучшая поэзия года" – Калмагамбетова Лариса (Алматы); 
"Лучшая проза года" – Валуйских Дина (Караганда); 
"Лучшая детская и подростковая литература года "Дарабоз"" – Айзакова Жанаргуль (Алматы); 
"Лучшая сатира года имени Есенжола Домбай" – Теплухин Аркадий (Алматы); 
"Лучшая фантастика и детективы года" – Бычков Никоолай (Оскемен); 
"Лучшая кино сценарий и драматургия года" – Кольченко Лариса (Петропавлск) 
 

Ұйымдастырушылардың бірі және осы байқаудың жүргізушісі болған Кенже Жұманұлы: "Биыл «"Алтын қалам-2018" жүлдесін жетінші рет ұйымдастырып отырмыз. Негізі "7" деген сан қазақтың киелі саны ғой. Жетінші рет өткізіп жатқанымызға өте қуаныштымыз. Биыл көктемде осы бәйгені жариялағанда қазақтың азаматтары хабарласып өз атынан ақшалай сыйлық тағайындап жатты. Біз оған қуандық. Солардың бірі, меценат, жас кәсіпкер Олжас Құдайбергенов. Фантастика жанры бойынша 1 миллион теңге тағайындаймын деді. Бүгін соның жеңімпазын анықтадық. Оған өздеріңіз де куә болып жатырсыздар.
 
Одан басқа да меценаттар өздерінің сыйлықтарын беріп жатты. Аттарын атамауымызды өтінді. Сондықтан барлық азаматтарға рахмет. Жылдан жылға бізді қолдаушылар да көбейіп келе жатыр. Осы байқау аяқталғаннан соң сатира жанрындағы бүкіл шығармаларды топтастырып кітап етіп шығаруды жоспарлап отырмыз. Қазір сатира мен фантастика жанрына сұраныс өте көп. Конкурс осымен аяқталмайды. Жаңа жылдан соң әдебиеттің дамуына үлес қосып жүрген үздік меценаттарды марапаттаймыз, үздік кітап авторларын марапаттаймыз. Сондай-ақ, үздік кітап дүкендерін де марапаттаймыз. Бұған біз "Әдеби Оскар" деп ат қойып отырмыз. Алдағы уақытта "Әдеби Оскар" иелерін марапаттайтын боламыз", – деп бүгінгі байқау туралы өз ойымен бөлісті.
Т. Раушанұлы