- Негізгі бет
- Әдебиет
- Әлішер Рахат. "...
Әлішер Рахат. " Махаббатым - Constant" кітабының құпиясы
"Адамды сүй, Алланың хикметін сез, не қызық бар өмірде онан басқа?!" деп Хакім Абай айтқандай, адамдардың бір-біріне деген ыстық ниеті мен риясыз сезімі тұрақты махаббаттың өмірге келуіне септігін тигізеді. Дәл осы тақырыпта 2019 жылы жас жазушы Әлішер Рахат "Махаббатым - Constant " романын оқырманға ұсынды. Кітап тым қысқа, әрі қызық форматта жазылған. Тілге жеңіл, ойға қонымды сөздерді орағытып, қарапайым тілде өрнектеген. Алматы студенттерінің көпшілігі кітапты талап алып, кітап сөрелерін босатты. Әлбетте, тиынын санап жүрген студенттердің кітапқа деген құмарлығын әп-сәтте-ақ ашқан бұл кітап жастарды қызықтыра жөнелді.
- Әлішер мырза, өзіңізді осы кітап арқылы ғана танып үлгердік. Кітапқа шолу жасамастан бұрын, жастарға махаббат романын ұсынған автордың өмір жолына көз жүгірткім келеді. Өзіңіз туралы мәлімет бересіз бе?
- Иә, дұрыс айтасыз! Мен 1995 жылы Алматы облысы Райымбек ауданы Қарасаз ауылында дүниеге келдім. Ауылда білім алып, кейін арман қуып Алматы қаласына жол тарттым. Келе сала Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясына емтихан арқылы түсіп, өнер жолым мен өмір жолымды қара шаңырағым арқылы жалғастырдым. Содан кейін өзімді шыңдағым келіп, жазушы майталман Д.Исабеков, С.Балғабаев сияқты Қазақстанға еңбегі сіңген ұстаздарымнан тәлім алдым. 24 жасыма дейін ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге жетіп үлгердім бе, үлгермедім бе білмеймін. Әрине, білетінім бар. Білмейтінім де жетерлік. Дегенмен жастар арасында "Махаббатым - Constant" романы арқылы танылғаным жасырын емес.
- Әлішер мырза, 2019 жылы кітап сүйер оқырманға жол тартып, бір жыл мерзім көлемінде белгілі дәрежедегі беделге ие болған "Махаббатым - Constant" кітабының шығу тарихы туралы айтып бересіз бе?
- Кітаптың шығу тарихы тым қарапайым. Бастапқыда әңгіме қылып жазып, артынша роман болады деп ойладым. Роман етіп бастап, жартысына жеткенде айнып қалып, түгел өшіріп, қайта бастағаным бар. Аяулым, мен саған бұрын соңды ешкімге айтпаған романның құпиясы туралы сыр шертейін. Роман жазып, кітап қып басып шығарудың, оны жарнамалаудың, дүкендерге таратудың артында тұрған жалғыз мақсат - қазақ тілді жас оқырмандар легінен аудитория қалыптастыру. Олар Голливудтың, Оңтүстік Кореяның, Түркияның махаббат фильмдерін көріп, әлемдік бестселлер кітаптарды оқып жүрсе де, оқырман қауымға өзіне жақын хикая керек еді. Қазақ заманауи кейіпкерін қалыптастыру бір жазушыға болмаса екіншісіне міндет еді. Бұл романсыз заманауи хикая мен заманауи кейіпкердің қазақ әдебиетіндегі орны ойсырап тұра берер еді. Сол себепті осы олқылықтың орнын толтыру үшін, көкейімде жүрген идеяны іске асырдым.
- Ал енді Әлішер мырза, ел құлағын елең еткізіп, заманауи махаббат хикаясы арқылы жас оқырман аудиториясын қалыптастырған кітаптың қанша данасы сатылымға шықты?
- Алғашқыда бар болғаны 500 дана шықты, өйткені мен өз қаражатымнан бастырдым. Дизайнын да, редактурасын да өз қалтамнан төледім. Беттеуімен өзім айналыстым. Сөйтіп алғашқы 500 дана төрт ай көлемінде сатылып бітті. Бір қызығы кітабым кітап сөрелерін бос қалдырды. Жылдам сатылып кеткен кітаптардың ізін суытпай, тағы бір легін сатылымға шығардым. Дәл сол 500 дана өз орнын қайта толтырды. Жалпы еңбегім күткенімнен де жақсы нәтиже көрсетті. Барлығын қосқанда 1000 кітап өз иесін тапты.
- Әлішер мырза, романды кімге оқуға ұсынар едіңіз? Белгілі бір жастағы оқырмандарға арнап жазылған ба, әлде жасқа шектеулік жоқ па?
- Бұл кітапқа жарнама жасайтын кезде, нақты аудиторияны таңдап барып, жарнамасын жібереміз. Кітапты сатылымға шығармастан бұрын, әртүрлі аудиторияға жарнамалап көрдік. Сондағы байқағанымыз: 18 бен 25 жас аралығындағы қыздардың қызығушылығы басқаларға қарағанда көбірек екен. Қазіргі оқырмандарым да осы жас аралығындағы қыздар.
- Кез келген кітаптың адамға берері болады. Оқырманда кітапты іздеген сауалдарына жауап табу үшін немесе кітап арқылы ой түю үшін қолына алады. Ал "Махаббатым - Constant''оқырманға не береді?
- "Махаббатым - Constant" оқырманға бірдеңе береді деп айту өте қиын. Өйткені роман нон-фикшн бағытында емес. Бұл кітаптан керемет сюжет күткен оқырман қателеседі. Себебі мен үшін романда басты мәселе атмосфера болатын, яғни сезіну ғана. Мен бар күшімді сезіндіруге жұмсадым десем де болады.
- Кітаптың қазіргідей дәрежеге ие болып, екі студенттің бірінің қолында жүретіндей беделге ие болуына басты себеп неде деп ойлайсыз?
- Кітап қазір үлкен дәрежеге жетті деп ойламаймын. Ол енді-енді тәй-тәй басып келеді. Басты ерекшелігі - бәлкім, Алматы шаһарындағы заманауи махаббат хикаясы болғаннан шығар?! Егер ерекше болса...
- Романның аты дардай болды да, Әлішер Рахатты қайта өмірге әкелді ме?
- Романның аты айғайлап тұрса, тұрған шығар. Махаббат - жан әлемінікі, яғни ішкі, constant - физикаға, сыртқа, кеңістікке қатысты. Ал бұл романның маған көмегі тигені сол - мен әдебиеттегі бағытымды айқындадым.
- Романдағы оқиға орындары мен кейіпкерлері өмірден алынған ба?
- Мекен-жайлары кітапта жазылған... Оны Алматыны көрген адам біледі, көрмеген адам елестетеді, сенеді деп ойлаймын. Бірақ оқиғаның өмірден алынып-алынбауы жайлы айтарым: жиынтық образдар...
- Әлішер мырза, 21 ғасырда тұрақты махаббат бар ма, қалай ойлайсыз?
- Тұрақты махаббат па... Барлық кезде болған шығар, әрі бола да беретін секілді.
- Тілге жеңіл, ойға қонымды сөздерді орағытып қысқа да нұсқа кітап жазуға шабытты қайдан алдыңыз?
- Шабытты жалғыздықтан аламын, - деп жиі айтамын. Онымен қоса музыка да шабыт береді. Бұл кітапты жазып жүргенде аузыма темекіні қыстырып алып, түнімен Алматыны аралап, табан тоздырғаным бар. Сөйтіп түнгі екі-үшке дейін жүрем де, үйге кіре сала, бір шәугім шәйді жаныма қойып алып, таңға дейін жазам.
- Кітаптың жалғасы бола ма, әлде Әлішер Рахаттан жаңа бір туынды күтеміз бе?
- Кітаптың жалғасы болғанын өзім қаламаймын, алайда сұрап жүрген оқырмандар көп. 70 пайызы десем де болады. Әрине, бұл да мені біраз ойландырады. Ал әзірге әңгімеге қалам сүйретіп жүрген жайым бар.
Жер бетіне шашып жіберген тағдырлар арасынан жаныңа жақын кісіні тауып алу - миллионнан бір адам ұтатын лоторея билетінің иегері болумен тең. Жастардың назарын өзіне аударған бұл кітап - бәрін уақыт шайып кете беретін мына әлемдегі тұрақты махаббаттың барын жеткізгісі келгендей. Алматының ұзын-сонар, қиылыстан бұрылыс жасайтын көшелері пәк махабббатың, риясыз сезімінің көшірмесін айна қатесіз өмірден алып салғандай. Әлішер Рахат заманауи әдебиеттің қаңырап тұрған кеңістігін тағы бір махаббат хикаясымен толтырды.
Аяулым Шопанова
Massaget