- Негізгі бет
- Әдебиет
- Алматыда Тәуелсіздіктің 30...
Алматыда Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай қаламгерлердің кітаптары таныстырылды
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында Алматы әкімдігінің қолдауымен алматылық 136 автордың кітабы басып шығарылды. Жазушылардың, соның ішінде Тәуелсіздіктің 30 құрдасының әдеби шығармалары 102 мың данамен жарық көрді. Бұл шараға қаламгерлер, кітап авторларынан бөлек қала әкімі Бақытжан Сағынтаев та қатысты.
Аталған 30 автордың ішінде Массагет порталының екі контент-менеджері, талантты ақындар – Тұрсынбек Башар мен Нұртас Тұрғанбек те бар.
Іс-шараны ашқан Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет қаламгерлерге сәт-сапар тіледі.
"Құрметті Бақытжан Әбдірұлы, 2 жыл бұрын осында қаламгерлермен кездескен кезде олардың талап-тілектеріне құлақ асып, кітаптарын шығарып беру жөнінде айтқан едіңіз. Сол берген уәдеңізді жылма-жыл орындап келе жатырсыз. Қаламгерлерге талантын салып, көз майын тауысып жазған шығармасы жарыққа шықпай жатса сол қайғы. Осындай кезде олардың кітабының басылып шығуына сіз қолдау көрсетіп келесіз. Былтыр 30-дан астам автордың кітабы баспадан шықса, биыл 130-дан астам қаламгердің шығармасы қалың оқырманға жол тартты. Оның ішінде баспадан шығып оқырманға жетпей отырған кітаптарды сатып алып, қалалалық кітапханаларға таратып отырғаныңыз әдебиетке көрсеткен қамқорлығыңыз деп білеміз", - дей отыра қала әкіміне сөз берді.
Бақытжан Сағынтаев қаламгерлерді кезекті басылыммен құттықтап, олардың Тәуелсіздіктің қалыптасу тарихын ұғынудағы және өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі маңызды рөлін атап өтті.
"Ардақты зиялы қауым, жыл сайын өздеріңізбен кездесу жақсы бір үрдіске айналды. Алғаш рет кездескен кезде айтқан ұсыныстарыңызды түртіп алған едік. Екі жыл ішінде сол айтылған ұсынысты жүзеге асыру бойынша жұмыстар атқардық. Соның бір көрінісі, мына кітаптар мен сіздермен кездесуіміз. Қай кезде де адамзат, білім мен ғылымға, әдебиетке, ізденіске жақын болған. Әр кезде де адамзатқа рухани азық керек. Әр кітаптың жөні бөлек. Сол себептен, қаламгерлердің кітабының жарыққа шығуына, оқырманға жетуіне әкімшіліктен қолдау көрсетілмесе қалай дамимыз, егер де рухани байлығымыз артпаса қалай ел болып өсіп-өнеміз деген мәселе көтерілген еді. Осы мәслелерді бірнеше салаға бөліп жұмыс істеп келеміз. Бірінші кезекте гранттар бөлінді, екіншіден кітап шығаруды жолға қойдық. Міне соның жемісі, былтыр 30 автор болса, биыл 130-дан аса автордың кітабы жарық көрді. Оның ішінде жастарымыз да бар. 30 жылдыққа 30 жастің кітабы деген серия түрінде шығардық. Алдағы жылдары бұл үрдіс жалғасын табатын болады. Себебі, жастарды осылай қолдап отырмасақ, оқырмандар оларды қалай біледі?". - деді қала әкімі.
"Тағы бір мәселе, кітаптарды кітапханаларға тарату мәселесі болды. Қазіргі жастар заманауи, кітапхана да соған сай болмаса мұндай орынға жастарды тарту қиын. Осы бағытта қаладағы кітапханалардың ішін өзгертіп, реформа жасап, жаңа үлгіде қайтадан жаңғыртып шығардық. Соның есебінен кітапханаға келушілер саны күрт өсті. Себебі, кітапханаға келу жастар үшін қызық бола бастады. Өйткені, кітапхана ішінде тек кітаптар ғана емес, тегін интернет, отыратын жайлы орындар мен кафелер жұмыс істейді. Кітаптардың саны мен сапасы артты. Жақсы кітаптар қолжетімді болды. Бір сөзбен айтқанда кітапхана – жастар үшін үйде отырғандай жайланып, ізденетін орынға айналды" - деді Бақытжан Сағынтаев.
"Тағы бір мәселе мектеп кітапханаларындағы балаларға арналған кітаптардың көнергені, сапасының сын көтермеуі айтылған еді. Біз тексердің, шынында да мектептегі балаларға арналған кітаптар ескіріпті, көбі КСРО кезінде шыққан кітаптар екен. Біз осы мәселе бойынша да жұмыс істеп, кітап сапасын жақсартып, шығармаларды жаңартып жатырмыз. Мәденеиет басқармасынан мәлімет алып қарасам қалада 1 миллион 800 мың кітап қоры бар екен. Соның 22 пайыз ғана қазақ тіліндегі шығармалар. Бұл қор Кеңес өкіметі кезінде қалыптасқан қор ғой. Бұл дегеніміз кейінгі уақытта қазақша шығатын кітаптарға көңіл бөлінбей кеткен дегенді білдіреді. Мұны біреудің кінәсі деп айтуға болмайды. Бірақ – факт! Былтыр және биыл шығарған кітаптарымыз бар – осы екі жылда 22 пайызды 39 пайызға жеткіздік. Бұл бірте-бірте түзеледі. Алдағы жылдарда бұл іс жалғасын табады", - деді әкім.
"Сол себепті бүгінгі кітаптың тұсаукесерімен қаламгерлерді құттықтаймын. Әрқашан қаламдарыңыз ұшқыр болсын. Оқырмандарыңыз көп болып, өздеріңізді іздеп жүрсін. Алдағы уақытта қаламыздың кез келген ауданындағы жаңарған кітапханаларына барып, жүздесіп, кітаптарыңызды таныстарсаңыздар. Бұл істеріңізбен қаламыздың рухани дамуына үлес қосқан болар едіңіздер", - деді Алматы әкімі.
Жазушылар Одағының төрағасы жыл бойы осы кітабы шыққан қаламгерлердің кітаптары қаладағы кітапханаларда тұсауы кесілетінін атап өтті.
Келесі болып сөз алған академик, жазушы Нағашыбек Қапалбекұлы қала әкіміне өз алғысын білдірді.
"Құрметті қаламгерлер, қай қоғамда болмасын еркін сөйлейтін жазушылар мен ақындар. Қиын-қыстау кезде қалалалық әкімшілік шықпай жатқан кітаптарымызды шығарып жатыр. Ол үшін алғысымызды білдіреміз. Жазушылар мен ақындардың еңбегін бағалағандарыңыз үшін сіздерге мыңда бір рахмет. Бұл үлкен олжа, үлкен қазына. Мұндай істер арқылы Бақытжан Әбдірұлы нағыз іскер, азамат екенін тағы бір көрсетті", - деді Нағашыбек Қапалбекұлы.
Іс-шараға арнайы келген жазушы Зейнеп Ахметова жары, жазушы Бақытжан Момышұлының кітабын арнайы таныстырды.
"Ақын жазушыда материалдық байлық емес, ешкімнің маңдайына жазыла бермейтін Құдай берген таланттары бар. Бұл халықтың жаны нәзік, көңілі таза. Олардың ең үлкен байлығы жүрегінен жарып шыққан, перзентіндей болатын кітаптары. Ал ішіңнен шыққан балаңның біреу маңдайынан сипап жатса қалай жүрегің езілмейді. Әсіресе, Момышұлы шаңырағы үшін қос қабат қуаныш. Бақытжан Момышұлының 80 жылдығы атаусыз қалмады. Кітабы шықты. Әкесі туралы жазған Бақытжанның шығармасы үш кітаптан тұрады. Екі кітабы Одақ кезінде үлкен тиражбен шығып таралған. Ал үшінші кітабы егемен кезімізде аз данамен шығып, өз айналамыздан арыға таралмай қалып еді. Енді міне, сол олқылықтың орны толтырылып кітап таралайын деп жатыр, оқырмандары көбейейін деп жатыр. Бақытжанның екінші – рухани өмірі басталды. Исі алты алаштың ардақтысы болған Момышұлының қара шаңырағы атынан осы кітапты шығаруға атсалысқандарға рахметімізді айтамыз. Әкім мырза, айналаңызға осындай игі істер жасап жүруіңіз үшін сізге зор денсаулық тілеймін", - деді Зейнеп Ахметова.
Жазушылар Одағының мүшесі Василий Шупейкин де қаламгерлердің ел алдындағы міндеті жазу екенін еске салды.
"Идеология дегенге тоқталатын болсақ, ол мына сіздердің мәдени кеңістік құруыңыздан басталды. Осы кеңістіктің пьедесталында қашан да суреткерлер, ақындар мен жазушылар тұрады. Мәдениет әдебиет пен өнерден құралатындықтан, сіз бен біз идеология қызметкерлеріміз. Сіздің қала әкімі болып отырған тұстан көрсеткен көмегіңіз зор болды. Әкім айтты, әкім істеді деген осы. Ендігісі біздің міндетіміз, оған бар болғаны қағаз бен қалам ғана керек", - деді Василий Шупейкин.
Жазушы Қуандық Түменбайұлы ешқандай жерде қала басшысы бұрын-соңды кітаптың тұсаукесеріне келмегенін айтты.
"Мен 1984 жылдан бері осы одақтың мүшесімін. Киелі ордада талаймен тіпті Колбинмен де кездестік. Оның бәрі жоспарлы нәрсе болғасын жаныма жақын болған жоқ. Ал кітаптың тұсаукесеріне қаланың бірінші басшысы келді дегенді бұрын-соңды естімеген едік. Еліміз тарихында шынында да бірде-бір рет облыста болсын, аймақта болсын әкім келіп кітап тұсаукесерін жасамаған екен. Тек, Алматыда ғана осындай оқиғаға куә болып отырмыз. Бұл үшін қала әкіміне алғысымыз зор. Сізге рахмет", - деді Қуандық Түменбайұлы.
Тұрсынбек Башар, Шерхан Талап, Нұртас Тұрғанбек және Еламан Қабділәшім. Суретті түсірген Ернар Алмабек
Ал жастар атынан сөйлеген Массагет порталының контент-менеджері, талантты ақын Нұртас Тұрғанбек 20 жыл бұрын осындай қолдаумен шыққан қаламгерлер бүгінде танымал жазушы-ақынға айналғанын айта келіп, бүгінгі жастарға да сол жолды тіледі.
"Армысыздар, кітаптарыңыз құтты болсын! Осыдан 20 жыл бұрын – 2001 жылы Отырар баспаханасы сериясымен Бақыт Беделхан, Жарас Сәрсек, Бауыржан Бабажанұлы, Ержан Алаштуған сынды қазір қарымды қаламгерлерге айналған бір топ, ол кездегі жастардың кітабы шығыпты. Араға 20 жыл салып Бақытжан Сағынтаевтың қолдауымен осында тұрған 30 жастың кітабы шығып жатыр. Алдағы бір 20 жылда осы қаламгерлер ел алдында сөйлеп тұратын шығар, бірақ олардың кітабының көлемі өзгеретінене сенемін", - деді Нұртас Тұрғанбекұлы.
Ал, тағы бір жас қаламгер, талантты ақын Еламан Қабділәшім кітабын шығарып, жауапкершілік артқандардың сенімін ақтауға барын салатынын айтты.
"Арма, ардақты ағайын! Бүгін мен үшін жүректі тербейтін, көңіл толқытатын ерекше мерейлі сәт. Осыдан 10 неше жыл бұрын алып-қшып Алматыға жетіп ем. "Алматыға апаратын пойызға отырам да, арманыме бет алам" деп жазған едім. Сенімім жол серік, үмітім жолбасшы болып келген мені ұлы арманым Алатау болып асқақтықпен, мың құшақ айқасқанда алма піскен орда болып жылылықпен қарсы алды. Содан бері адастырмайтын арманымның ақ жолында ізгіліктің мекенін іздеп келемін. Бүгін менің және қаламдастарымның, тәуелсіздіктің сөзін сөйлеуге серт еткен замандастарымның, бала шақтан болашаққа қатар адымдасқан қадамдастарымның, азаттықтың ақ таңымен сәулеленіп орда бұзған күні құтты болсын. Қадірлі Бақытжан Әбдірұлы бізге осындай қуаныш сыйлып отырған сіз біздің мойнымызға жауапкершілік салмағын қостыңыз. Сол сенімді абыроймен ақтауға жан саламыз", - деді Еламан Қабділәшім.
Сөз соңында Алматы әкімі қаламгерлерге өз ұсынысын жеткізді.
"Бүгін менің атыма көп жақсы сөздер айттыңыздар. Бұл әрине жақсы. Бірақ негізгі мақсат сіздерге атқарған жұмыстар туралы есеп беруге келдім. Берген уәделеріміз орындалып жатқанын айтуға келдім. Алдағы уақытта да бұл жалғасын табады. Сіздер халықтың өкілісіздер, халықпен етене араласыздар. Олардың ұсынысын, мәселелерін маған жеткізсеңіздер, соларды шешу жолында бірлесіп жұмыс істесек игі болар еді", - деді Бақытжан Сағынтаев.
Кітап тұсаукесеріне келген қаламгердің бірі Мұратхан Шохан. Ол алғаш рет өз кітабының мемлекеттік тапсырыспен шыққанын айтады.
"Бүгінгі іс-шара керемет. Ертеден қалған: "Патшалардың ақын-жазушыға көрсеткен сыйлығы, олардың тегін білдіреді" деген сөз бар. Сондықтан, бүгінгідей басшылардың бізге көрсетіп жатқан сыйы, қолдауы олардың руханиятқа жақын екенін білдіреді. Бәрімізі бөліп жармай осылай кітаптарымызды жарыққа шығарып жатқан қала әкіміне рахмет. Көп жағдайда классиктеріміз шығып, жастар елеусіз қалатын еді. Кейінгі жылдары бұл өзгерді. Соған қуаныштымын", - деді Мұратхан Шоханұлы.
Жазушылар Одағының Төрағасының бірінші орынбасары, ақын Ақберен Елгезек бүгінгі шара туралы өз ойын ортаға салды.
"Биыл Тәуелсіздік 30 жылдығына орай Алматы қаласындағы 130 астам қаламгерлердің кітабы жарық көрді. Бұл Алматы қаласы әкімдігінің арқасында жүзеге асқан жоба. Соның ішінде Abay баспасы 30 жас ақын-жазушының тырнақалды кітабын шығарды. Біз оған "Тәуелсіздік сөзі" деген серия атау бердік. Бұл Республика бойынша тек Алматы қаласында ғана шықты. Әрине, өңір-өңірде әр-түрлі кітаптар шығып жатыр. Оған шетінен кіл мықты ақындар – алғашқы әсерлерін ақ қағазға түсірген, ақын ретінде танылған жастар іріктеліп алынды. Оның көбісі республикалық ірі әдеби байқаулардың жеңімпаздары, "Алтын тобылғы", "Шабыт" фестивалдерінің лауреттары, "Дарын" сыйлығының иегерлері. Енді кітаптар қаладағы барлық кітап орталықтарына таратылады. Алдағы бір жыл бойы осы 30 ақын-жазушының кітабының тұсаукесері қалада бөлек-бөлек өткізітін ойымыз бар", - деді Ақберен Елгезек.
Іс-шара барысында қазақ ақын-классиктерінің 24 кітап-альбомының да тұсаукесері өтті.
Айта кетейік, 2020 жылы қазақ әдебиетінде ерекше орын алатын 30 автордың шығармалары жарық көрді. 64 мың дана таралыммен жарық көрген бұл еңбектердің ішінде Әнуар Әлімжанов, Қабдеш Жұмаділов, Қажытай Ілиясов, Жаркен Бөдеш сынды классиктердің кітаптары да бар.
Алматы әкімдігінің қолдауымен жарық көрген барлық кітаптар қалалық кітапханалардың қорын толықтырады.
А. Оралқызы